«Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген Елбасы Н.Назарбаевтың қағидалы сөзі әр қазақты ойландыруы керек. Біз шет тілі бойынша білгір ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Кәсіби шетел тілі коммуникациясы кафедрасының меңгерушісі Таңат АЯПОВАНЫ әңгімеге тартқанымызда тіл туралы ой байламдарын төмендегіше ортаға салды.
− Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі мақаласымен де, оның алдындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауымен де жақсы таныспын. Жолдауда төртінші басымдықты адами капитал сапасын жақсартуға арнағаны белгілі. Иә, адами капитал өз саласын сапалы меңгермей, жоғары нәтижеге жете алмайтыны анық. Сапалы кадрлар дайындау – бүгінгі басты меже. Егер оқыту бағдарламалары Елбасы айтқандай, «Сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағытталған» бүгінгі күн талаптары әлемдік деңгейге сай болса ғана сапалы кадр дайындалады. Сыни тұрғыда ойлап, өз бетімен іздену оқушылардың үй тапсырмаларын мүлтіксіз орындауынан басталады. Ал оқушыға берілетін үй тапсырмалары оның когнитивтік дамуына негізделген алуан түрлі, креативті болуы керек. Оқушыға үй тапсырмасы оның дамуы үшін әбден қажет.
Елбасы биылғы Жолдауында үш тілді оқуға бірте-бірте көшу мәселесін Үкіметке тапсырып, «Білікті мамандардың жетіспеуіне байланысты ағылшын тілін кезең-кезеңімен енгізуіміз керек» деп айқын бағдар берді. Шыны керек, бірінші сыныпта өз ана тілінде оқуды, жазуды жаңа үйрене бастаған оқушыларға ағылшын тілін шетел тілі ретінде үйрету қиындық туғызуда. Себебі, жас жеткіншектің ана тілін, екінші тілді, оған шетел тілін меңгеру үдерісінде көптеген психологиялық, психолингвистикалық және когнитивтік факторлар бар.
Елбасы тапсырмасы жоғары ғылыми-практикалық тұрғыда орындалуы тиіс. Бүгінгі таңда жастардың әлемдік деңгейде білім алуына және бәсекеге қабілетті болуы үшін ағылшын тілін жетік меңгеру қажеттілігі туып тұр. Оны уақыт та алға тартуда. Бұл жұмыспен жылдар бойы айналысып, оқытып жүрген білікті ұстаздар, әдіскерлер елімізде жетерлік. Білікті ғалымдарды жинап, Президент берген тапсырма төңірегінде ой алмасып, ұтымды шешімге келуге болады. Келісіп, кеңесіп істеуге әлі де кеш емес секілді. Ондай қадам жақсы бастаманың ақаусыз атқарылуына, теория мен тәжірибені ұштастыруды нақтылауға игілігін тигізері сөзсіз. Жалпы, қандай істің де ғылыми негізі мығым болса ұтылмасымыз анық.
Жолдауда қазақ тілінің басымдығы сақталатындығына және оның әрі қарай дамуына үлкен мән берілген. Осы айтылған тапсырма іске асуы үшін қоғамда қазақ тілін меңгеруге қажеттілік тудыру керек. Әрбір Қазақстан азаматының мемлекеттік тілді меңгеру керектігі міндеттелсе, қанекей. Сол қажеттілікті туғызудың жолдары өте көп-ақ. Қажеттілік жоқ жерде тіл толық меңгерілмейтіндігі ақиқат.
− Таңат Тәңірбердіқызы, сіз ағылшын тілін үйрету методикасын елімізде алғаш жасап, оқулық жазған авторсыз. Әлемдік тілді меңгеруде қандай мәселелер бар? Мүмкін, тіл үйрену методикасында олқылық бар шығар, осыны қалай жолға қоюға болады?
− Ағылшын тілін оқыту әдістемесі әлемде әбден шыңдалған, жаңа технологиялар да жетерлік. Жақсы нәтижеге жету үшін адами капитал сапасын жақсарту керек. ХХI ғасырдың ағылшын тілі мұғалімі − тілдік құзыреті мол және озық әдістемелерді жақсы меңгерген, жаңа технологияларды ұтымды қолдана білетін сапалы адами капитал болу керек. Қазіргі оқушылардың көбі алғыр келеді. Сол оқушыға сабақ беретін ұстаз білім-білігімен әр уақытта білім алушыдан озық жүруі қажет. Әсіресе, ағылшын тілі мұғалімі әр сабақта оқушының сөйлей білуі мен сауатты жазуының нақты нәтижесін көріп отыратын жауапты тұлға дәрежесіне көтерілуі тиіс. Тағы бір маңызды мәселе, білімді жүйелі түрде беру. Мектеп оқушыларын сабақта негізгі бір оқулықпен оқытып, ал үй тапсырмасын немесе жобалық жұмыстар жасағанда негізгі оқулықтар мен балама оқулықтарды қолдануға мүмкіндік жасау керек. Ал біздің мектептерде бір сабақ үстінде екі түрлі оқулықпен ағылшын тілін үйретеді, бұл жүйесіздік. Қандай оқулық дейсіз ғой, бірі – отандық оқулық, ал екіншісі – шетелдік оқулық.
Шетелдік оқулықтарда ағылшын тілін күнделікті естіп, ағылшын сөздерін күнде жарнамалардан көріп жүрген тіл үйренушіге, яғни ағылшын тілі екінші тіл ретінде (ESL) оқытылатынын ескермейді. Ал біздің елде ағылшын тілі шет тілі ретінде (EFL) оқытылады ғой. Отандық оқулықтар когнитивтік лингво-мәдени негізде жазылған. Онда оқушының жас ерекшелігіне қарай ағылшын елінің өмір жағдайы мен дәстүрлері, қысқаша тарихи мәтіндер, суреттер арқылы беріліп, оқушы санасында өз елінің мәдениетімен, дәстүрімен салыстыруға мүмкіндік алып, тарихты танып-біледі. Тіл үйрене отырып, өзге жұрттың болмысын оқушы түсіне бастайды.
Отандық оқулықтарға да бюджеттен қаржы жұмсалуда. Елеулі еңбек жасалғанын жоққа шығара алмаймыз. Сол оқулықтар бірнеше мәрте өңделді де. Отандық оқулық – отандық өнім. Тіпті сол оқулықтардың стратегиялық мән-маңызы барын естен шығармай, дұрыс бағалай білуіміз керек. Шетелдік оқулықтардың сөздігін, грамматикасын қазақшаға, орысшаға аударып бергенмен де сапалық тұрғыдан отандық оқулықтарға жетпейтінін әркез ескеруіміз қажет. Тәжірибелі маман ретінде айтарым, ол – мектеп оқушыларын жалпы ағылшын тілін меңгеріп, мектеп бітіргенде сол тілде еркін сөйлеп, жаза алатындай дәрежеде шығаруы тиіс. Оқушылардың жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша білімін ана тілінде алғаны аса маңызды деп топшылаймын. Себебі, білімді психолингвистикалық тұрғыдан толық түсініп қабылдаса ғана оқушының ми-мұхитына білім жиналады.
− Ағылшын тілінің мамандары оқытылып жатқаны белгілі. Тыңдаушылар бірер айдың көлемінде тілді меңгеріп кете ала ма?
− Қанша жерден алғыр болса да, шет тілін меңгеру үшін уақыт керек. «Бір айда бірнеше деңгейде меңгертеміз» деген асығыс айтыла салған сөз. Бір айда өте қарапайым коммуникацияға кіруге қажет ағылшын тілін үйретуге болатын (Starter) шығар. Бірақ ол баянды тірлікке тірек бола қояр ма екен?
− Ағылшын тілінде оқытатын пәндердің әдістемесін әзірлеу жағы қалай жүріп жатыр? Біраз жыл бұрын 12 жылдық білім беру туралы әңгіме қозғалды. Бүгінге дейін шешілмей жатуы – оқулық пен оқу-әдістемелік құралдардың кешеуілдеуінен емес пе?
− Күрделі мәселелерді қозғап отырсыз. Тап басып айту қиын. Мәселен, бірнеше жыл бұрын ағылшын тілінен 12 жылдық білім беру бағдарламаларының авторлары Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық әлем тілдері университетінің ғалым-әдіскерлері болған. Сол авторлардың бірі мен едім. Шетел ғалымдары шақырылып, екі-үш жыл төңірегінде Астанада тренингтерден өтіп, білім бағдарламасы дайындалып, оны 6 елдің сарапшылары сарапқа салып, оң бағасын берген. Тіпті ол бағдарлама 2010 жылы Астанада кітапша болып шыққан еді. Кейін министрлікте ауыс-түйіс болған кезде басқа топ құрылып, білім бағдарламасы түсініксіз жағдайда жоққа шығарылды.
Қазіргі заман талабының жауапкершілігі өте зор. Осыған орай, ағылшын тілі оқулықтарының авторлары білімді, талантты, тілді жоғары деңгейде меңгерген, шетелдік тәжірибесі бар ғалым-әдіскер болуы тиіс.
Әлемнің бір елінде жұмыс жасап, тұрғыңыз келсе, сол мемлекеттің тілін меңгеру міндеттеледі. Мұндай жағдай тіл білуге талпындырмай қоймайды. Біздің ел де осы үлгіге бірте-бірте келеді деген сенімдемін.
− Сіз жақында қазақстандық әйел ғалымдар қоғамын құруға ұйытқы болдыңыз? Осы туралы аз-кем мәлімет бере кетсеңіз.
− Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында АҚШ-қа барып біраз жыл университетте сабақ бердім. Ол елде әйел ғалымдардың бірігуімен құрылған қоғамдық қор бар екен. Сол арқылы олар өздерінің талаптарын мемлекеттік, яки жекеменшік секторларға жеткізіп отырады. Қоғамдағы түрлі істерге өздерінің пікірлерін білдіріп, мемлекеттік маңызы бар бағдарламаларға баламалы жоспарларын ұсыну үрдісін де қалыптастырған. Мен де сол қоғамның мүшесі ретінде біраз жұмыстарға атсалысқан едім. Мұндай қоғам құру бізде мүмкін еместей көрінетін. Жиырма жылдай ой үстінде жүрдім. Іргелес жатқан қырғыз, өзбек ғалымдары ондай қоғамды құрып, жұмыс істеп жатыр. Ақыры мен де бел байлап, іске кірістім. Отанымызда әйел ғалымдар саны 400 мыңға жуық екен. Неге бастарын біріктірмеймін дедім. Әрине, олардың бәрі бірдей өндіріп жұмыс істеп, ғылым үшін қомақты үлес қоспайтын шығар. Әйтсе де саннан сапа шығатыны белгілі. Ең бастысы, қазақ әйелінің білім, ғылым игеруге құштарлығы ұлттық менталитетіміздің жақсы көрсеткіші болып саналады. Қазақ қызын, анасын, жарын құрметтеген халық. Бастамамыз қолдау тапты. Біздің мақсатымыз – қазақ еліне білім-білігімізбен үлесімізді қосу, пайдамызды тигізу. Қазір әйел ғалымдарға қатысты статистикалық мәліметтер жинау үстіндеміз. Соның бәрін бір жүйеге түсірген соң, іске кіріспек ниеттеміз. Әсіресе, ой-өресі биік болғанмен, жұмыссыз жүрген ғалымдарға рухани тұрғыдан көмек беру, шеттеп қалғандарды ортаға тарту, олардың бойындағы ақыл-парасатын қоғам игілігіне жа- рату сияқты қоғамдағы өзекті мәселелерден тыс қалмасақ дейміз.
Әңгімелескен
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»