• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Білім 28 Шілде, 2017

Отандық оқулық – отандық өнім

355 рет
көрсетілді

Отандық оқулық – отандық өнім. Тіпті сол оқу­лықтардың ст­ра­­­­­­тегиялық мән-маңызы ба­рын ес­­­­­тен шығармай, дұрыс баға­лай бі­­­л­уіміз керек. Шетелдік оқу­лық­тардың сөз­­дігін, граммати­ка­сын қазақшаға, орыс­ша­ға ауда­рып бергенмен де сапалық тұр­ғы­­­дан отандық оқулықтарға жет­пей­тінін әр­кез ескеруіміз қажет.

«Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәс­түрлерге шекеден қарамауға тиіс. Егер жаңғыру елдің ұлт­тық рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бас­тайды» деген Елбасы Н.Назарбаевтың қағидалы сөзі әр қа­зақ­­ты ой­­ландыруы керек. Біз шет тілі бойынша білгір ға­лым, фи­­лология ғылымдарының док­­торы, профессор, Абай атын­да­­ғы Қазақ ұлттық педа­го­ги­калық университеті Кәсіби шетел тілі коммуникациясы ка­­фед­расының меңгерушісі Таңат АЯПОВАНЫ әңгімеге тар­­тқанымызда тіл туралы ой байламда­рын төмендегіше ор­та­ға салды. 

− Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі мақаласымен де,  оның алдындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауымен де жақсы таныспын.  Жолдауда төр­тінші басымдықты адами капитал сапасын жақсартуға арнағаны бел­гілі. Иә, адами капитал өз сала­сын сапалы меңгермей, жоғары нә­тижеге жете алмайтыны анық. Са­палы кадрлар дайындау – бү­гінгі басты меже. Егер оқы­ту бағдарламалары Елбасы айт­қандай, «Сыни ойлау қабілетін жә­не өз бетімен іздену дағдыларын да­мытуға бағытталған» бүгінгі күн талаптары әлемдік деңгейге сай болса ғана сапалы кадр дайындалады. Сыни тұрғыда ойлап, өз бетімен іздену оқушылардың үй тапсырмаларын мүлтіксіз орындауынан  басталады. Ал оқушыға берілетін үй тапсырмалары оның когнитивтік дамуына негізделген алуан түрлі, креативті болуы керек. Оқушыға үй тапсырмасы оның дамуы үшін әбден қажет.

Елбасы биылғы Жолдауында үш тілді оқуға бірте-бірте көшу мә­селесін Үкіметке тапсырып, «Бі­лік­ті мамандардың жетіспеуіне бай­­ланысты ағылшын тілін ке­зең-кезеңімен енгізуіміз керек»  деп айқын бағдар берді. Шыны керек, бірінші сыныпта өз ана тілінде оқуды, жазуды жаңа үйрене бастаған оқушыларға ағылшын тілін шетел тілі ретінде үйрету қи­ын­­дық туғызуда. Себебі, жас жет­кін­­шектің ана тілін, екінші тілді, оған шетел тілін меңгеру үдерісінде көп­­­теген психологиялық, пси­хо­лин­­гвистикалық және ког­ни­тивтік фак­­торлар бар.

Елбасы тапсырмасы жоғары ғылыми-практикалық тұрғыда орын­­далуы тиіс. Бүгінгі таңда жас­тардың әлемдік деңгейде білім алуына және бәсекеге қабілетті болуы үшін ағылшын тілін жетік меңгеру қа­жеттілігі туып тұр. Оны уақыт та алға тартуда. Бұл жұмыспен жыл­дар бойы айналысып, оқытып жүр­­ген білікті ұстаздар, әдіскерлер елі­­мізде  жетерлік. Білікті ғалым­дар­­ды жинап, Президент берген тапсырма төңірегінде ой ал­ма­сып, ұтымды шешімге келу­ге болады. Келісіп, кеңесіп іс­теу­ге әлі де кеш емес секілді. Ондай қадам жақ­­сы бастаманың ақау­сыз ат­қа­ры­луына, теория мен тә­жі­ри­бені ұш­тастыруды нақ­ты­лауға игілігін ти­гізері сөзсіз. Жал­пы, қандай істің де ғылыми негізі мы­ғым болса ұтыл­масымыз анық.

Жолдауда қазақ тілінің басым­ды­ғы сақталатындығына және оның әрі қарай дамуына үлкен мән бе­­ріл­ген. Осы айтылған тапсырма іс­­ке асуы үшін қоғамда қазақ тілін мең­­геруге қажеттілік тудыру керек. Әрбір Қазақстан азаматының мем­лекеттік тілді меңгеру керектігі мін­деттелсе, қанекей. Сол қажеттілікті  ту­ғызудың жолдары өте  көп-ақ. Қа­жеттілік жоқ жерде тіл толық  мең­герілмейтіндігі ақиқат.

− Таңат Тәңірбердіқызы, сіз ағылшын тілін үйрету мето­ди­касын елімізде алғаш жасап, оқулық жазған авторсыз. Әлем­дік тілді меңгеруде қандай мә­се­лелер бар? Мүмкін, тіл үйрену ме­то­дикасында олқылық бар шы­ғар, осыны қалай жолға қою­ға болады?

− Ағылшын тілін оқыту әдіс­те­месі әлемде әбден шың­дал­ған, жаңа технологиялар да жетерлік. Жақсы нәтижеге жету үшін адами капитал сапасын жақсарту керек. ХХI ғасырдың ағылшын тілі мұғалімі − тілдік құзыреті  мол және озық әдістемелерді жақсы мең­герген, жаңа технологияларды ұтым­ды қолдана білетін сапалы адами капитал болу керек. Қазіргі оқу­шылардың көбі алғыр келеді. Сол оқушыға сабақ беретін  ұстаз білім-білігімен әр уақытта білім алу­шыдан озық жүруі қажет. Әсі­ресе, ағылшын тілі мұғалімі әр са­бақ­та оқушының сөйлей білуі мен сауатты жазуының нақты нә­тижесін көріп отыратын жауапты тұлға дәрежесіне көтерілуі тиіс. Тағы бір маңызды мәселе, білімді жүйелі түрде беру. Мектеп оқушыларын сабақта негізгі бір оқулықпен оқытып, ал үй тапсырмасын немесе жобалық жұмыстар жасағанда негізгі оқулықтар мен балама оқулықтарды қолдануға мүмкіндік жасау керек. Ал біздің мектептерде бір сабақ үстінде екі түрлі оқулықпен ағылшын тілін үйретеді, бұл  жүйесіздік. Қандай оқулық дейсіз ғой, бірі  – отандық оқулық, ал екіншісі – шетелдік оқулық.

Шетелдік оқулықтарда ағыл­шын тілін күнделікті естіп, ағыл­шын сөздерін күнде жарнамалардан көріп  жүрген тіл үйренушіге, яғ­ни ағылшын тілі екінші тіл ре­тінде (ESL) оқытылатынын ес­кер­мей­ді. Ал біздің елде ағыл­шын тілі шет тілі ретінде (EFL) оқы­ты­лады ғой. Отандық оқу­лық­тар ког­­нитивтік лингво-мәдени негізде жа­зылған. Онда оқушының жас ерек­шелігіне қарай ағылшын елінің өмір жағдайы мен дәстүрлері, қыс­қаша тарихи мәтіндер, суреттер ар­қы­лы беріліп, оқушы санасында өз елінің мәдениетімен,  дәстүрімен салыстыруға мүмкіндік алып, тарихты танып-біледі. Тіл үйрене отырып, өзге жұрттың болмысын  оқушы түсіне бастайды.

Отандық оқулықтарға да бюд­­­­­­жет­тен қаржы жұмсалуда. Еле­у­­­­лі еңбек жасалғанын жоқ­қа шығара алмаймыз. Сол оқу­лық­­­­­тар бірнеше мәрте өңделді де. Отандық оқулық – отандық өнім. Тіпті сол оқулықтардың ст­ра­­­­­­тегиялық мән-маңызы барын ес­­­­­тен шығармай,  дұрыс баға­лай бі­­л­уіміз керек.  Шетелдік оқу­лық­тардың сөздігін, граммати­ка­сын қазақшаға, орысшаға ауда­рып бергенмен де сапалық тұр­ғы­­дан отандық оқулықтарға жет­пей­тінін әркез ескеруіміз қажет. Тәжірибелі маман ретінде айтарым, ол – мектеп оқушыларын жалпы ағылшын тілін меңгеріп, мектеп бітіргенде сол тілде еркін сөйлеп, жаза алатындай дәрежеде шығаруы тиіс. Оқушылардың жаратылыс­тану-математика бағытындағы пән­дер бойынша білімін ана ті­лінде алғаны аса маңызды деп топ­шылаймын. Себебі, білімді пси­холингвистикалық тұрғыдан толық түсініп қабылдаса ғана оқушының  ми-мұхитына білім жиналады.

− Ағылшын тілінің мамандары оқытылып жатқаны белгілі. Тың­даушылар бірер айдың кө­ле­­мінде тілді меңгеріп кете ала ма?

− Қанша жерден алғыр болса да, шет тілін меңгеру үшін уақыт ке­рек. «Бір айда бірнеше деңгейде меңгертеміз» деген асығыс айтыла салған сөз. Бір  айда өте қарапайым коммуникацияға кіруге қажет ағылшын тілін үйретуге болатын (Starter) шығар. Бірақ ол баянды тірлікке тірек бола қояр ма екен?

 − Ағылшын тілінде оқыта­тын пәндердің әдістемесін әзірлеу жа­ғы қалай жүріп жатыр? Біраз жыл бұрын 12 жылдық білім бе­ру туралы әңгіме қозғалды. Бү­гінге дейін шешілмей жатуы – оқу­лық пен оқу-әдістемелік құ­рал­дардың кешеуілдеуінен емес пе?

− Күрделі мәселелерді қозғап отыр­сыз. Тап басып айту қиын. Мәселен, бірнеше жыл бұрын ағылшын тілінен 12 жылдық білім беру бағдарламаларының авторла­ры Абылай хан атындағы Қазақ ха­лықаралық әлем тілдері уни­вер­ситетінің ғалым-әдіскерлері бол­­ған. Сол авторлардың бірі мен едім. Шетел ғалымдары ша­қы­ры­лып, екі-үш жыл төңірегінде Ас­танада тренингтерден өтіп, білім бағ­дарламасы дайындалып, оны  6 елдің сарапшылары сарапқа салып, оң бағасын берген.  Тіпті ол бағ­дарлама  2010 жылы Астанада кі­тапша  болып шыққан еді. Кейін ми­нистрлікте ауыс-түйіс болған кезде басқа топ құрылып, білім бағ­дарламасы түсініксіз жағдайда жоқ­қа шығарылды.

Қазіргі заман талабының жау­ап­­кершілігі өте зор. Осыған орай, ағылшын тілі оқулықтарының ав­торлары білімді, талантты, тіл­ді жоғары деңгейде меңгерген, ше­телдік тәжірибесі бар  ғалым-әдіс­кер болуы тиіс.

Әлемнің бір елінде жұмыс жа­сап, тұрғыңыз келсе, сол мем­ле­кеттің тілін меңгеру мін­дет­теледі. Мұндай жағдай тіл бі­луге тал­пындырмай қоймайды. Біздің ел де осы үл­гіге бірте-бірте келеді де­ген се­німдемін.

− Сіз жақында қазақстандық әйел ғалымдар қоғамын құруға ұйытқы болдыңыз? Осы туралы аз-кем мәлімет бере кетсеңіз.

− Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында  АҚШ-қа барып біраз жыл университетте сабақ бердім. Ол елде әйел ғалымдардың бірігуімен құрылған қоғамдық қор бар екен. Сол арқылы олар өздерінің талаптарын мемлекеттік, яки жекеменшік секторларға жеткізіп отырады. Қоғамдағы түрлі істерге өздерінің пікірлерін білдіріп, мемлекеттік маңызы бар бағдарламаларға баламалы жоспарларын ұсыну үрдісін де қалыптастырған. Мен де сол қоғамның мүшесі ретінде біраз жұмыстарға атсалысқан едім. Мұндай қоғам құру бізде мүмкін еместей көрінетін. Жиырма жылдай ой үстінде жүрдім. Іргелес жатқан қырғыз, өзбек ғалымдары ондай қоғамды құрып, жұмыс істеп жатыр. Ақыры мен де бел байлап, іске кірістім. Отанымызда әйел ғалымдар саны 400 мыңға жуық екен. Неге бастарын біріктірмеймін дедім. Әрине, олардың бәрі бірдей өндіріп жұмыс істеп, ғылым үшін қомақты үлес қоспайтын шығар. Әйтсе де саннан сапа шығатыны белгілі. Ең бастысы, қазақ әйелінің білім, ғылым игеруге құштарлығы ұлттық менталитетіміздің жақсы көрсеткіші болып саналады. Қа­зақ қызын, анасын, жарын құр­мет­теген халық. Бастамамыз қол­дау тапты. Біздің мақсатымыз – қазақ еліне білім-білігімізбен үлесімізді қосу, пай­дамызды тигізу. Қазір әйел ға­лымдарға қатысты статис­ти­ка­­лық мәлі­мет­тер жинау ү­с­тін­де­­міз. Соның бәрін бір жүйе­ге тү­­сірген соң, іске кіріспек ни­ет­­теміз. Әсі­ресе, ой-өресі биік бол­­ғанмен, жұ­мыссыз жүрген ға­лымдарға ру­хани тұрғыдан кө­мек беру, шеттеп қалғандарды ор­таға тарту, олардың бойындағы ақыл-парасатын қоғам игілігіне жа­- р­ату сияқты қоғамдағы өзекті мә­селелерден  тыс қалмасақ дейміз.

Әңгімелескен

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»