• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Шілде, 2024

Шалма тастайтындар қалды ма осы?

290 рет
көрсетілді

Көз ашқалы танып-білгеніміз – ел ішінің өмірі. Кеше жұмысқа кіріп бара жатсам, шабылған көк шөптің иісі мұрынымды жарып барады. Амалсыз бұрылып қарасам, редакцияның алдындағы азғантай ғана шөпті шауы­п тастаған екен тиісті кісілер. Кеудемізге жастай сіңіп қалған иіс ауылда әкем мен ағатайыма еріп, ат шалғымен шөп шабуға барған балалығымды еске түсірді.

Ұзын жетегі бар құ­рылғыға пар ат же­гіп, шөп шабады, тыр­науышқа тағы бір ат жегіп, шабылған шөпті жинайды, сосын кешкілік көпендеп қолмен үйетін. Күн қайта аттарды шідерлеп жібереді де, таң ата ұстап әкеліп, тағы жұмысқа жегеді. Кейде түнделетіп қос­тың үстіне ауылдың көп жыл­қысы келіп жайылады да, аттар тұсамыс-шідерін үзіп, көп жылқыға ілесіп кетеді. Бір ат үнемі арқандаулы тұрады. Әлгіге міне сала жөнелген ағатайым көп жылқының ішіне кіріп, аттарды шалма тастап ұстайтын. Шалма тастау маған үйреншікті көрінетін. Кейін білсем, ат үстінде бұғалық салу, шалма тастау деген кәдімгідей өнер екен. Сол кездің өзінде екі жылқышының бірі шалма тас­тай алмайтын, қазір тіпті сирек шығар. Қолындағы арқанды шиыршықтап алып, 5-7 метрден көздеген жылқысына лақтырып қалғанда, сарт етіп басына киіліп, қыл мойыннан тұзақтап алады. Ал енді шалманы жайылып бос жүрген жылқы тұрмақ, 7-8 метрден қағулы қазыққа түсірудің өзі қиын.

Кейін осы шалма тастауға қатысты бір әңгіме естідім. Жаңаарқа жағында Көктіңкөлі деген ауылда 96 жасқа келіп қайтқан Ахметжан атты ақсақал өтіпті. Жылқышы, әнші, домбырашы, нағыз даланың қазағы десетін. 96 жасқа қараған шағында көктемде жылқы келгенде, Буырлы атына шалма тастаса онысы жалтарып, тастаған шалмасы тұңғыш рет түспей қалса керек. Өмір бойы жыл­қы баққан ақсақал сонда: «Ах­метжанның осы өлгені өл­ген екен» – деп теріс айналып кетіпті. Бір қыс қана мінбей қоя берген Бурылына шалмасы түспеген жылқышы үйіне барып жатып қалыпты. Көзі көргендер «Ахметжан шал­маны екі тастамайтын» деп дағдарыпты. Көп ұзамай жылқышының өзі де дүние салыпты.

Қазақта шалма тастау – үлкен өнер. Ұлттық ойын түрі. Ойынға қатысушылар алаң таңдап, он метр жерге қазық қағады. Ұзын арқан алып, бір жағын ілмектеп, шалма жасайды. Жиналғандар кезектесіп әлгі қағылған қазыққа шалма тастайды. Ойыншы арқанның бір ұшын сол қолына ұстайды да, екінші шалма жағын оң қолының шынтағына орап, шеңберлеп алады да қазыққа не томарлы бұтаққа лақтырады. Шалманы нысанаға кім көп түсірсе, сол жеңеді.