Олимпиада деген сөзді естіген сәтте көз алдыңызға нені елестетесіз? Әрине, бір-бірімен айқаса байланысқан түрлі-түсті бес дөңгелекті. Сол бес шеңбердің түстері былай орналасқан: көк – Еуропа, сары – Азия, қара – Африка, жасыл – Аустралия, қызыл – Америка.
Дәл осы мәлімет Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми анықтамалығында 1951 жылға дейін тұрды. Алайда бұл түсініктеме кейін алынып тасталды. Өйткені 1913 жылы аталған таңбаны ойлап тапқан Пьер де Кубертеннің еңбектерінде мұндай дерек кездеспейді. Оның идеясы басқаша болған. Яғни мұндағы бес түстің кем дегенде біреуі кез келген мемлекеттің туында болатындай етіп таңдалған.