Бүгінгі педагогика неге аяғынан ақсап жатыр? Білім беру саласындағы реформалар неге дұрыс жүзеге аспай жатыр? Әлде бізде педагогика ғылымы соншалықты артта қалып қойған ба? Бұл ғылымның мүйізі қарағайдай дерлік докторлары мен академик қайраткерлері қайда? Бар болса, олар қайда қарап жүр? Міне, елдің қояр сұрақтары осындай.
Зерттеп зерделей келгенде бізде олардың бәрі бар екен. Докторға бергісіз озат ұстаз мұғалімдеріміз де жеткілікті. Бірақ бәрі бытырап, әрқайсысы бөлек-бөлек күн кешіп жүр. Бастары бірікпейді, бірігейін десе біріктіретін құрылым жоқ. Аталған «Ойсалым» педагогикалық қоғамдық кеңесі міне, сол біріге алмай жүргендерді біріктіріп, олардың білім мен тәрбие берудегі тың идеялары мен көтерген бастама, жаңалықтарына уақытында қолдау көрсетіп, тиісті құзырлы орындарға ұсынып, орындалуын қоғам атынан сұрап, талап етіп отыратын жаңа құрылым.
Қандай да идея болсын бір себептен бастау алады. Осынау «Ойсалым» кеңесінің дүниеге келуіне себеп болған Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ғалым Асқарбек Құсайыновтың аға басылым «Егемен Қазақстан» газетіне (18.04.2017ж.) берген «Орта білімнің іргетасы» атты сұхбаты дер едік. Ол көбіміздің көзімізді ашқан аса құнды материал болды. Білім реформалары неге шабандап дұрыс жүрмей жатыр десек, бізде олардың бүгінге дейін жасалған ғылыми негізі жоқ екен. Яғни оның іргетасы жоқ деген сөз. Ал жұрт білместікпен жиі ауысатын министрлерді сынап жатады. Шынына келсек, іргетасы дұрыс қаланбаған, ғылыми негізі жөнді жасалмаған реформаны жаңа министр қалай жүргізбек?!
А.Құсайынов бүкіл дүние жүзі мемлекеттерінің білім беру жүйесін зерттеп, олардың озық әдіс-тәжірибелерін аталмыш сұхбатында саралап берген. Соларды қорыта келіп, «Орта білім беру жүйесіндегі дағдарыс: шығу жолдары» атты кітапшасында реформалардың ғылыми негізін жасаған. Міне, бұл үлкен ғылыми жаңалық екені айқын. Біз де оған «Білім негізін қайтсек дұрыс қалаймыз?» (17.05.2017ж.) деп, үн қостық. Бастауыш, орта мектептерде және жоғары оқу орындарында ұстаздық еткен 23 жылдық педагогикалық тәжірибемізге сүйене отырып, өз ой-түйін, тұжырымдарымызды ортаға салдық. Соңында аталмыш академиямен бірлесіп, қоғамдық кеңес құру жөнінде ой тастап, ұсыныс енгіздік. Сөйтіп, аға газет арқылы ортақ пікір қалыптасып, А.Құсайынов басқаратын Педагогикалық ғылымдар академиясының жанынан осынау «Ойсалым» қоғамдық кеңесі құрылды.Академия президиумы мәжілісінің 2017 жылғы 1 маусым күнгі шешімімен мені осы кеңестің төрағасы етіп тағайындады. Ал 30 маусым күні аталмыш кеңестің алғашқы мүшелерімен алғашқы құрылым мәжілісін өткіздік. Оның басты мақсаты мен атқаратын міндеттерін айтып бердік.
Атап айтқанда, «Ойсалым» кеңесі – оқу мен тәрбие және ұлт болашағы жастар тағдыры үшін білімі мен ақыл-ойларын, жігер-қайратын аямай жұмсап жүрген озық ойлы мұраттас мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының оқытушыларын және осы саланың ғалымдары мен басқа да мүдделі қоғам қайраткерлерін топтастырады. «Ойсалым» кеңесінің жұмысы қоғамдық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен ақылдастық, кеңесшілік негізде жүргізіледі. Кеңес қай уақытта да үкіметпен тіл табысып, өзінің игі мақсаттағы істерін жүзеге асыруға, салиқалы ой-идея, бастамаларын байыппен дәлелдеп өткізуге, сол арқылы Үкіметтен қолдау табуға күш салады. Баспасөз беттерінде көтерілген педагогикалық мәселелер мен жұртшылық пікірлеріне сараптау жасап, социологиялық зерттеулер жүргізеді. Білім берудегі жаңашылдардың бастамалары мен жобаларына қолдау көрсетіп, жүзеге асырылуына күш салады; автормен бірге күресіп, бастаманың тиісті жоғары орындарда қаралуына ықпал етеді. Педагогикадағы отандық және әлемдік озық идеялар қорын құрып жинақтайды. Сол идеялар негізінде баспасөзде көкейтесті мәселелер бойынша пікір айтыстар ұйымдастырады. Қазақ халқының жаһандану атты алып айдаһардың шеңгелінде кетпей, тәрбиелік ұлттық құндылықтардың сақталуы үшін де күреседі. Міне, басты міндеттер осындай.
Осындай қоғамдық кеңес құру көптен бергі асыл арманымыз еді. Бірер рет бастап көргенбіз де. Бірақ қолдаушымыз, тізе қосысып, бірге жұмыс жасайтын беделді одақтасымыз болмады. Жылдар бойы баспасөз беттерінде менің де, басқа да жаңашыл ұстаздардың көтерген бастамалары қолдау таппақ түгіл оқылмай қалып жатты. Ақыры, «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақала өз ықпалын тигізіп, ойымыз жүзеге асты. Кеңесте қаралатын мәселе, атқарылатын істер орасан көп.
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, «Ойсалым» қоғамдық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі