• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Шілде, 2017

Атырауда бас мейіргерлер мектебі ашылды

318 рет
көрсетілді

Атырау облысындағы 36 медицина мекемесінің аға мейірбикелері менедж-мент бойынша біліктілік курсынан өтті.

Оларға Ресейдің Самара мемлекеттік ме­ди­циналық университетінің мейіргер­лер­ге білім беру институтының директоры, ме­дицина ғылымдарының докторы Л.Карасева дәріс оқыды. Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Қарлығаш Садықова да тәжірибесімен бөлісіп, қазіргі медицинаның қағидалары жайында айтты. Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасы аясында мейіргерлер ісі қызметіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінде орта буын медицина қызметкерлері сұранысқа ие мамандар қатарында. Оларды даярлау жүйесі де жетілдірілді. Атырау медицина колледжінің директоры Лаура Құбаева Самара мемлекеттік медициналық уни­вер­ситеті мен колледж арасында ын­ты­мақтастық туралы келісімге қол қойыл­ғанын айтады. Халықаралық деңгейге бағытталған мейіргер ісі қызметін дамыту бойынша білім ордасында нақты шаралар жүзеге асырыла бастады. Атырау медицина колледжі 2019 жылы Жоғары медициналық колледж болады. Соған байланысты колледж оқытушыларының біліктілігін көтеру мәселесі назар аудартып отыр.

– Аймақта мейірбике ісі мамандығы бо­йын­ша  магистр маман жоқ, – дейді облыс­тық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева. – Сондықтан өңірдегі мейірбикелер арасынан ағылшын тілін жетік білетін үш маман Польшаға тәжірибеден өтуге жіберіледі, тағы үш маманды магистратурада оқытуды жос-парлап отырмыз. Орта буын медицина қызметкерлері бар білгендерімен шектеліп қалмай, заманға сай ізденулері, тіл үйреніп, жаңа технологияларды қолдануы керек. Ол үшін Атырау облысында барлық жағдай жасалған.

Аймақтағы орта буын медицина қызметкерлері үшін жаңадан ашылған «Бас мейіргерлер мектебінің» маңызы зор болмақ. Мейіргерлік көмектің жо­ғары кәсіби деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүргізетін мектеп түрлі семинарлар мен шаралар ұйымдастыру, мамандарды басқа өңірлерге, шетелдерге тәжірибеден өтуге жіберу сынды қызметтерді де атқарады.

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ