Сонымен саудаланатын судың сапасын сараптап көрейікші. Мәселен, дүкендерде тұрған сулардың сыртындағы жазбаларға үңілсек, «табиғи минералды су», «артезиан суы», «асханалық ауыз су» деген сияқты жазбаларды жиі көреміз. Қазақстанда нағыз табиғи минералды су бар ма өзі? Бұл судың басқа сулардан айырмашылығы қандай? Қысқасы, бөтелкеленген ауыз сулардың этикеткасындағы жазбаларды қалай оқу керек? Мәселен, медицина мамандары адам күніне кем дегенде 1,5 литр су ішуі керек дейді. Көпшілігіміз дүкенге кіргенде ойланбастан, қолымызға бірінші түскен суды сатып ала береміз. Тұтынушы көп жағдайда оның сыртында не жазылып тұрғанына мән бермейді. Сөрелерде самсаған сулардың бәрі бірдей ме? Өз кезегінде халық арасында мынадай лақап бар. Сатылып жатқан сулардың бәрі бір құбырдан құйыла береді-міс. Бұл сөз қаншалықты шындыққа жанасады? Ендеше қолымызға бөтелкені алайық. Онда міндетті түрде судың түрлері – ауыз суы, табиғи су, асханалық су, сүзілген су, табиғи минералды су және басқалай да көрсетілуі керек. Сол сияқты Қазақстанда барлық бөтелкеленген табиғи және емдік сулардың мемлекеттік стандарттары бар. Ауыз сулар арнайы заңдармен реттелген. Онда 2007 жылдың 1 қаңтарында белгіленіп, 2008 жылы күшіне енген «Құтыланған ауыз сулардың қауіпсіздік талаптары» көрсетілген. Ал емдік сулар міндетті түрде курортологиялық ғылыми орталықтардың бальнеологиялық қорытындысын алуы тиіс.
Пайдалы-ау, бірақ күнде емес Сонымен егер этикеткадан «емдік» немесе «емдік-асханалық» су дейтін жазбаны оқыдың делік, онда бұл суды дәрігеріңіз тағайындамаса, күнде ішуге болмайтындығын білу қажет. Мұндай су күшті минералданған болып келеді де – 1 литрде 1г/дм3 басталады. Ал елімізде емдік-асханалық суларды Боржоми, Набеглави, Есентуки сияқты импорттық маркалар ұсынады. Оған қоса емдік қазақстандық сулардың Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Сарыағаш» курорттық аудандарында әртүрлі өндірушілер шығаратын сериялары бар. Сол сияқты Солтүстік Қазақстан облысындағы қорықтық аймақтарында өте пайдалы жерасты ауызсулары «Kulager» атауымен бөтелкеленеді. Бұл емдік-асханалық судың құрамында кәдімгідей емдік қасиетке ие белсенді йодтар бар.
Мөлшерсіз іше беруге болады Сол сияқты еліміздегі дүкен сөрелерінен «асханалық», «тазартылған», «бұлақ суы» дейтін ауызсулар мен «бірінші» немесе «жоғары» категориялы, сондай-ақ, «табиғи минералды» сулардың неше түрін табасыз. Қазақстан Республикасындағы ауызсулардың регламентінде көрсетілгендей, өндірушілер этикеткаларда судың құрамына сәйкес, міндетті түрде оны жазуы керек және мұны үстінен тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі комитет қадағалайды. Сонымен, енді сіз этикеткадан «ауыз суы» дегенді оқыдыңыз делік, демек бұл суды шектеусіз іше беруге болады. Егер «асханалық» деген жазу болса, онда бұл су минералды тұздардың биологиялық белсенді элементтерімен байытылған деген сөз. Онсыз адам ағзасы өмір сүрмейтіні белгілі. Ал «тазартылған» су – бұл толық сүзгіден өткізілген, бастапқы кезінде су құрамында болған барлық заттар тазартылып, кері айналдырудан өткен су. Тазартылған суды жерасты су көздерінен де, сондай-ақ, сумен қамтамасыз ету жүйесінен, яғни қалалық су құбырларынан да ішіп отырмыз. «Бірінші» немесе «жоғары» категориялы – бұл сулар Кеден одағы аясында қабылданған қауіпсіздіктің нақты бір талаптарына жауап беретін сулар.
...тағы да және тіпті пайдалы Ал «табиғи» немесе «минералды» деген жазулары бар суларға ерекше тоқталып өткен жөн. Бұл сулар табиғи бұлақтардан алынады және өзінің бастапқы табиғи түрде минералданған қасиеттері жоғалмаған. Егер тұтынушы бөтелкенің сыртынан бұл жазуды тапса, онда тағы екі жазуды көруі тиіс. Бұл судың көзі мен скважина нөмірі. Оған қоса судың құрамындағы минералдардың кестесі де көрсетілуі керек. Табиғи минералды ауыз суының минералдары 0,2-ден бастап 1г/дм3 дейін және одан жоғары болмауы қажет. Қазір табиғи минералды ауызсулар бүкіл әлемде жоғары бағаланады. Оларды мөлшерсіз іше беруге болады. Ол шөліңді ғана қандырмайды, адам ағзасын ең сіңімді минералдармен байытады. Қазақстанның аумағында табиғи минералды ауызсуларды негізінен Perrier, Vittel, Эвиан, SanPelegrino сияқты импорттық маркалар мен басқалар ұсынып отыр. Қазақстанның өзінде шығатын табиғи минералды сулардың ішіндегі барынша танымалы және кеңінен тарағаны TURAN суы. Табиғи минералды сулар жер астын- дағы сенімді қорғалған су көздерінен алынады да және тасы мен құмы сүзіліп, тек механикалық тазартудан өткізіледі. Мұнан да бөлек мұндай сулар өз стандарттарына сәйкес, адамның денсаулығына физиологиялық пайдасы бар әсерге ие болуы керек. Не десек те, әлемде ауызсудың нарқы өсіп келеді. Бұл саламатты өмір салтының сәнге енуімен байланысты бұрынғыдан да көкейкесті сипатқа ие болуда. Оған сәйкесінше, судың неше түрі мен маркалары да қоса шығарылып жатыр. Ал тұтынушыға қалғаны, бөтелкелердің қағазындағы жазуларды жіті оқып, осы біз не ішіп жүрміз деген сұрақты қаперінен шығармау. Өйткені, сол ішкен суымыздың 80 пайызы өз ағзамызда қалады және тәнімізді құрайды.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ