Қолжетімді георесурстардың нашарлауы және қысқаруы георесурстарды тиімді пайдалануға және сақтауға мүмкіндік беретін технологияларды дамытудың қазіргі заманғы индустриялық саясатына алып келді. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасында ғылыми-техникалық прогрестің соңғы жетістіктерін ескере отырып, ескірген технологияларды, техниканы және жабдықты жаңартуға бағытталған шаралар көзделген. Кенші-ғалымдардың алдында жер қойнауынан пайдалы қазбаларды экономикалық тиімді толық алуды, алынатын құнды құрамдауыштар шеңберін кеңейтуді және нарықта талап етілетін бәсекеге қабілетті өнім алуды қамтамасыз ететін жаңа технологиялық шешімдерді іске асыру және пайдалы қазбалардың әзірленетін және игерілуі жоспарланатын кен орындарын барабар бағалау міндеттері тұрады. Бұл бағыттар 2017 жылы әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алуға ұсынылған «Қатты пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы тиімділігі жоғары инновациялық әзірлемелерді жасақтау және өнеркәсіптік іске асыру» жобасы бойынша (авторлары: Д.Г.Бөкейханов – жетекші, А.А.Бояндинова, Н.С.Буктуков, К.К.Төлебаев, Л.С.Шамганова, М.Ж.Бітімбаев, С.Ж.Ғалиев, А.И.Ананин) іске асырылды. Ғылыми жұмыс авторлары геотехнология, геомеханика, қорларды есептеу, басқарудың және жобалаудың автоматтандырылған жүйелері саласындағы теориялық және тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін әзірледі және енгізді. Алынған теориялық және тәжірибелік нәтижелер пайдалы қазбалар кен орындарын қауіпсіз және тиімді игеру бойынша кешенді шешімді әзірлеуге және негіздеуге мүмкіндік берді. Пайдалы қазбалар кен орындарын игеруді геомеханикалық негіздеу бөлімі өзекті және ірі ғылыми проблемалардың бірін шешуге арналған. Табиғи және техногендік күштер алаңында кен жыныстары массивтерінің, кен-техникалық объектілер мен құрылыстарының беріктігі, деформациялануы және тұрақтылығы мәселелерін зерделеу кен кәсіпорындарының қауіпсіз және тиімді жұмысын қамтамасыз ете отырып, жыныс массивтерінде болатын геомеханикалық процестерді басқаруға мүмкіндік береді. Кен орындарын әзірлеу кезінде жыныс массивтерінде өтетін геомеханикалық процестердің мәні дүние жүзінде, оның ішінде біздің институтымызда айтарлықтай ерте кезден зерделеніп келеді. Бірақ әрбір кен орны өзінің құрылымы бойынша бірегей және игерудің әр кезеңінде оның геомеханикалық негіздемесі болуға тиіс. Сондықтан, Д.А.Қонаев атындағы Тау-кен істері институтының қызметкерлері және «Түсті металлШҒЗИ» институты ұсынатын геомеханикалық міндеттердің барлық шешімдері тау-кен өндірісін дамытудың қазіргі заманғы кезеңінде өте өзекті болып табылады. Кен жыныстары массивінің геомеханикалық жай-күйін бағалаудың әзірленген әдістемелері және зерттеулердің нәтижелері бойынша нормативтік құжаттар кен нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, жыныстар массивінің жай-күйін реттеу мәселелерін нақты шешуге, сондай-ақ, экономикалық және әлеуметтік әсер алуға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Ресейдің кен өндіретін кәсіпорындарында ғылыми зерттеулердің нәтижелерін тәжірибеде қолдану бұл жобаның басым бағыттарының бірі болып табылады. Мәселен, Қазақстанның нақты кен өндіруші кәсіпорындары үшін орындалған жұмыстардың тәжірибелік құндылығы ұсынылған технологияларды, сондай-ақ, өндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдар мен ұсыныстарды қоса алғанда, 52 енгізу актілерімен расталды. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың минералды-шикізат базасының жай-күйін едәуір жақсарту, кен өндіру жұмыстарының қауіпсіздігін және тиімділігін қамтамасыз ету ұсынылатын жұмыстың экономикалық нәтижесі болып табылады. Ұсынылатын технологиялардың арқасында кен ісі саласындағы қазақ- стандық ғылым көшбасшылық ұстанымдарға қол жеткізеді, оның жеке бағыттары әлемдік кен ғылымында жетекші орынды иеленудің нақты әлеуетіне ие болады.
Ильгиз АЙТМАТОВ, Қырғыз Республикасы ҰҒА академигі