Бесқарағай ауданының Далон ауылдық округіне қарасты осы елді мекенде үстіміздегі жылдың шілдесінде өнегелі бір істің куәсі болдық. «Ұмытпаңдар біздерді» атауымен мәрмәр тастан жасалған қабырға тақтаға 580 адамның аты мен тегі жазылыпты. Олар – осы өңірден Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған боздақтар, тылда еңбек еткен ардагерлер, соғыс қасіретін тартқан ата-аналар. Яғни, «Біздерді ұмытпаңдар» деген сөз осы 580 адамның атынан айтылып тұр әрі осы сөз сол жандардың көкейінде бірге кеткен арман да болуы мүмкін…
Ең ғажабы, осы 580 адамның есімін мәрмәр тақтаға жаздырып, орнатуды қарапайым зейнеткер, 82 жастағы адамның бір өзі ғана қолға алуы. Зейнетақысын жерлестер рухын көтеруге арнаған ақсақалдың есімі – Төлеген Тұрсынханұлы. Ұзын-ырғасы 1,5 миллион теңгенің шаруасын бір өзі мойнына алуының «сыры неде?» деген сауалға жауап іздегенімізде Төлеген ақсақал ештеңе жасырмады.
– Адамның жасы ұлғайған сайын соңымыз қалай болады екен деп көбірек алаңдайды екенсің. Оның үстіне алдыңғы жылы едеуір сырқаттанып жатып қалдым. Аурухана төсегіне таңылған жанның басына не келіп, не кетпейді дейсің. Көкейді кернеген көп сұрақтың негізгісі «Әй, Төлеген! Міне, сен де сексеннен асып барасың. Осы уақытқа дейін не бітірдің, не тындырдың? Оны қазіргі ұрпақ біле ме? Кешегі замандастарың қайда? Сәлеміңді беріп, батасын алатын ақсақалдар ортамызда неге жоқ? Қонақ шақырсаң үйге сыймай кететін достар мен үлкендер қайда? Осы секілді сауалдарды өз-өзіме жиі қоя бастадым. Жасыратын несі бар, бәрі де біртіндеп ғайып болып, өзіміз де жар жағасына жақындап қалыппыз. Осы ауылды өркендеткен, шаруасын шалқытқан ағаларымның, от кешкен майдангерлердің, замандастарымның ерен еңбектері мен есіл есімдерін ел есінде қалдыру бәлкім менің борышым болар. Сол үшін солардың соңында қалған шығармын деген ой иектей түсті. Сөйтіп, қолымнан келгенше бір әрекет қылайын деп осы шаруаны қолға алдым. Өзімнің таза ниетім болғандықтан ешкімнен көмек сұрап, ешкімнің мазасын алған жоқпын. Зейнетақымды, аздап жинағанымды, балаларымның қосқанын барлығын осыған салып 1 жыл уақыт көлемінде жасап шықтым. Ниетімнің түзулігін түсініп, көп жағдайда Асан Омаров, Жұмағазы Оразов, Қалияс Жұмабай сынды ауылдас бауырларым ақыл-кеңестерін аямады, – дейді Төлеген ақсақал.
Төкеңнің айтуына қарағанда, тізімге енгендердің көбінің аты-жөні туралы қазір еш жерде сақталған құжат та жоқ. Сол себепті де ол білгені мен түйгенін тасқа басып, қағазға түсіріп кетуге шешім қабылдаған. Мәрмәрдан қабырға тақта орнатумен бірге «Бөденелім – елім менің» атты кітап та жазып тастапты. Бала күнінен еңбекке араласып, ауылдың тұңғыш механизаторлары қатарында тер төгіп, кейін Дегелеңде көлік жүргізушісі, 1968 жылдан 12 жыл «Атомкөл» директоры болған Төлеген аға 7 сыныптан артық білімі жоқ екенін де жасырмайды. Бірақ, бір өңірдің жер-су атаулары мен адамдар есімін, тарихи, естелік әңгімелерді жатқа соғу табиғат берген зеректік, құйма құлақтық қасиет болса керек.
Қай тұрғыдан алсақ та Төлегендей ауыл ағасының ізгі ниетпен атқарған бұл шаруасы ел бірлігін арттыра түсіп, рухани жаңғыру, ұрпақ сабақтастығы секілді құндылықтардың қанат жаюына өз септігін тигізетіні анық.
Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ
СЕМЕЙ
Суретте: Асан Омаров пен Төлеген Тұрсынханұлы