Ақжайық ауданының орталығынды орналасқан «Батыс Марқа Ламб» ЖШС өкілі Рақымжан Смағұлұлының айтуынша, қазақстандық өндіріс орны Ирандағы ет өнімі бойынша ең ірі «Санайе» компаниясымен келісімшарт жасасқан.
– Біз Иран еліне тұңғыш рет экспортқа ет шығарып отырмыз. Ирандық әріптестерімізбен жасасқан келісімшарт бойынша алдағы бір жыл ішінде 1500 тонна тоңазытылған қозы етін жеткізуіміз керек. «Санайе» компаниясының басшылығы етті аптасына үш рет жөнелтуімізді талап етіп отыр. Бұған біз де техникалық тұрғыдан дайынбыз, – дейді Рақымжан Смағұлұлы.
Жылына 5 мың тоннаға дейін тоңазытылған қозы етін дайындай алатын қуаты бар кәсіпорын 2015 жылы іске қосылған болатын. Жалпы құны 2,8 млрд теңгеге бағаланған кәсіпорында 1,6 млрд теңгенің құрал-жабдығы орнатылған. Бес гектар аумақты алып жатқан өндірістік кешенде бәрі де толығымен автоматтандырылған. Мал сою және ет өңдеу желісінде қой союдан бастап ет өңдеуге дейінгі жоғары технологиялық талаптар сақталады. Ауысымына 1 400 бас қой сойылады. Дайын өнім тапсырыс берушіге тоңазытылған түрде немесе жіліктеліп, қорапқа салынған күйінде жеткізіледі. Мұнда 3 айдан 1 жасқа дейінгі қозы сойылып, етін мұзда қатырмай, тоңазытып қана вакуумды қаптамада сақтайды. Мұндай тәсілмен сақталған жас ет табиғи құндылығын жоймай, өте дәмділігімен тұтынушы талғамынан шығады екен.
Әу бастан-ақ өнімінің кемінде 70 пайызын халықаралық нарыққа, шетелге өткізуге бағыттаған «Батыс Марқа Ламб» кәсіпорны бүгінде етті тұрақты түрде Ресейге жеткізіп отыр. Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасымен ұзақмерзімді келісімшарттар жүргізіліп жатыр екен. Келіссөздер ойдағыдай болса, қыркүйектің соңына қарай Қытайға да ет экспорты басталмақ.
– Қазақстандағы мал еті өте құнарлы. Сондықтан екі ел арасындағы достық байланысты пайдаланып, әріптестік қатынас орнатып отырмыз. Алғашқы өнім жіберілді. Енді аптасына үш мәрте марқа етін қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс жыл бойына жалғасады. Мұндай әріптестік екі жаққа да тиімді деп ойлаймыз, – дейді ирандық компанияның өкілі Хади Хададзе.
Ирандық комиссия құрамында келген ветеринар дәрігер мен арнайы имам мал сойылатын жерде болып, мал сойылған кезде мұсылмандық шарттардың сақталуын да қадағалауына алған.
– Өткен жылы Иран еліне сапарымызда жоғарыда аталған ирандық белді компаниямен келісімге келген болатынбыз. Әрине, бұған Елбасының Иранға барып, сол елдің басшылығымен кездесуі, соның нәтижесінде екі ел арасындағы қатынастың одан әрі бекуі себеп болды. Екінші жағынан, біздегі мал шаруашылығы жақсы дамыған. Ет өнімдеріміз экологиялық таза, сапалы. Бізге тек тұрақты тұтынушы керек еді. Жыл бойына ауқымды жұмыс атқарып, енді алғашқы өнімді жөнелтіп отырмыз. Бұл үлкен жұмыстың нәтижесі. Бұл – өңіріміздегі шаруа қожалықтары үшін үлкен мүмкіндік. Енді отандық өнімді шетелдерге тұрақты экспорттау үшін барлық тиісті шараларды ұйымдастырып, жан-жақты қолдау көрсететін боламыз, – дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суреттерді түсірген
Айбатыр НҰРАШ