V халықаралық фестиваль аясында төрт күн бойы ынтымақтастық пен достыққа бағытталған іс-шаралар табысты өтті
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластыра өткізілген фестиваль ІІІ халықаралық Каспий спорттық ойындарымен басталды. Ал осы жылы аталмыш фестиваль аясында үшінші рет ұйымдастырылған ІІІ Каспий экономикалық көрмесі іскерлік әріптестік пен достық байланысты бекіте түсетіндей биік дәрежеден көрінді. Маңғыстау облысының әкімдігі ұйымдастырған бұл көрме «Каспий» өңірінің экономикалық әлеуеті» аталыпты. Оған Қазақстанның, Ресей, Әзербайжан және Иранның бизнес құрылымдарынан 200-дей өкіл мен 40-тан астам кәсіпорын қатысып, өз өнімдерін әкелді.
Көрменің салтанатты ашылуында Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев меймандарға хош келдіңіздер айтып, тату көршілік пен саяси-экономикалық және рухани әріптестіктің берері мол екендігіне тоқталды. Иран мен Әзербайжанның Ақтау қаласындағы бас консулдары Мортазави Сейед Али Реза мен Рашад Маммадов өндірісті өлкеде инвестициялық ахуалды нығайтуға барлық жағдайлар жасалғандығын, соның нәтижесінде Каспий аймағы елдерінің арасындағы экономикалық байланыстар күн санап нығайып отырғандығын жеткізді.
Екі күнге созылған көрмеге қатысқандар өнімдермен жете танысып, өзара тәжірибе алмасты. Алдағы уақыттағы іскерлік байланыстар жолдарын белгіледі. Әрбір ел, әрбір кәсіпорын өкілдері өз тауарларын сыртқа шығарудың тиімді жолдарын ұсынып жатты. Бұл әңгімелер теңіз жағалауы елдерінің экономикасын жүйелі түрде ықпалдастыра түсуге арналған «Каспий маңы елдері ынтымақтастығының келешегі» атты дөңгелек үстел отырысында одан әрі жалғасты.
«Мұнайшы» стадионында салтанатты түрде ашылған V халықаралық «Каспий – достық теңізі» фестивалі қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй, сән-салтанат сыйлады. Эстрада жұлдыздары қатысқан гала-концерт түн ортасына дейін толастамады. Фестиваль аясында ұйымдастырылған спорттық жарыстар, халықаралық қолданбалы қолөнер байқауы да Каспий жағалауында орналасқан мемлекеттердің арасындағы достық байланыстардың қай салада да тереңдей түскендігін байқатты.
Сөйтіп, төрт күнге созылған «Каспий – достық теңізі» фестиваліне қатысушылар өз елдеріне жаңа достар, сенімді серіктестер, арманы асқақ әріптестер тауып, көтеріңкі көңіл-күймен аттанды.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.