• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту

Жасанды интеллект жаңылса, кім жауапты?

10 рет
көрсетілді

Қытайдың Ханчжоу интернет-соты жасанды интеллектінің қате ақпараты үшін өтемақы талап еткен қолданушының арызын қанағаттандырудан бас тартты. Бұл туралы Қытайдың Жоғарғы халық соты әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Жоғарғы халық сотының мәліметінше, бұл – елдегі ЖИ «галлюцинациясына» (яғни қате немесе ойдан шығарылған ақпарат беруіне) байланысты тіркелген алғашқы сот дауы.

2025 жылдың маусым айында Лян есімді қолданушы қытайлық ЖИ қосымшасынан бір университет туралы ақпарат сұраған. Алайда жүйе нақты емес дерек ұсынған. Қолданушы қателікті көрсеткеннен кейін, ЖИ:

«Егер ұсынылған ақпарат қате болса, сізге 100 мың юань (шамамен 14 мың доллар) өтемақы төлеймін. Ханчжоу интернет-сотына шағымдана аласыз», деп жауап берген.

Лян ресми деректерді ұсынған соң ғана ЖИ қателігін мойындаған. Осыдан кейін ол сотқа жүгініп, жаңсақ ақпарат оны адастырғанын және ақпаратты тексеруге қосымша шығын жұмсағанын алға тартып, 9 999 юань көлемінде өтемақы талап еткен.

Алайда жауапкер тарап диалог мазмұны толығымен модель арқылы автоматты түрде жасалғанын және оның құқықтық маңызы жоқ екенін мәлімдеді. Сонымен қатар талапкер нақты материалдық шығынға ұшырамағанын атап өтті.

Ханчжоу интернет-соты талапты қанағаттандырудан бас тартты. Сот шешімінде жасанды интеллект берген «уәде» компанияның ресми міндеттемесі болып саналмайтыны нақты көрсетілген.

Сондай-ақ сот жауапкер қосымшада және пайдаланушы келісімінде ЖИ-дің мазмұн жасау функциясының шектеулі екені туралы ескертулерді анық әрі көрнекі түрде орналастырғанын атап өтті. Компания ақпараттың сенімділігін арттыру үшін іздеу жүйесімен толықтырылған генерация тәсілін қолданған. Сот осыны ескере отырып, жауапкер өз міндетін орындаған және кінәсі жоқ деген қорытындыға келді.

Жасанды интеллект мұғалімнің жұмысын қалай жеңілдетеді?

Цинхуа университеті жанындағы құқық институтының профессоры Чэн Сяо бұл іс азаматтардың құқықтарын қорғау мен ЖИ технологияларын дамыту арасындағы тепе-теңдікті ескере отырып шешілгенін айтты. Оның пікірінше, бұл іс теориялық әрі практикалық тұрғыдан маңызды.

Қытайдың желілік ақпарат орталығының есебіне сәйкес, 2025 жылдың маусымындағы жағдай бойынша елде генеративті ЖИ қолданушыларының саны 515 миллион адамға жеткен. Бұл жалпы халықтың 36,5%-ы. Генеративті ЖИ интеллектуалды іздеу, контент жасау және кеңсе жұмысына көмек көрсету сияқты салаларда кеңінен қолданылады.

Жасанды интеллект отандық өнеркәсіпті қалай өзгертеді?

Соңғы жаңалықтар