– Науқас төтеннен келді деп айта алмаймын. Дәрігерлер бауырда ақау бар деген диагнозды 2009 жылы қойған еді. Жастықтың қызуы ғой, жанға батып, қинамаған соң жүре бердік. 2012 жылы «Құрманжан датқадағы» Алымбек датқаның рөліне кастинг жарияланған кезде бауыр циррозының үшінші кезеңінде тұрсыз деген еді дәрігерлер. Алымбектің рөліне үміткерлер өте көп болды. Бірақ фильмнің режиссері Садық Шер-Нияз «Құрманжан – ұлттың анасы, Алымбек датқа ұлттың тұтқасы. Бұл фильмді қырғыз халқы көп күтті» деп бас кейіпкерлерді сомдайтын үміткерлерді ұзақ таңдаған ғой. Сол үшін ел ішіне де барған. Үміткерлердің бірі болып тіркеліп, алғашқы сынаққа қатыстық. Таңдау маған түсті. Құндыз бөрік киіп, сақал-мұрт қойған кейпіме қарап, режиссер «біз іздегенімізді таптық» деп қысқа қайырды. Аз уақыт ішінде дайындық басталып кетті. Кейін режиссердің айтуынша, комиссия мүшелері менің көзіме назар аударыпты. Көзімнің тұңғиығынан мұң аралас арман көрген. Сосын жасым да Алымбек датқаның жасына келіп тұр екен. Сонымен түсірілім тобы қысқа мерзімде киноны аяқтап, ТМД елдерінде, Ыстанбұлда, бірқатар Еуропа елдерінде таныстырылымы өтті. «Оскарға» ұсынылды. Арада бір жыл өтпей бұрыннан айналдырып келе жатқан ауру тағы да сыр білдіріп, қазан айында арнайы ұшақпен Мәскеуге жеткізіліппін. Ресейлік дәрігерлер алғашында «донор керек» деген. Сол-ақ екен елде «Әзиз Мурадилаевқа көмектесеміз» деген акция аясында қаржы жиналып жатқанын жансақтау бөлімінен шығып, есімді жиғанда бір-ақ білдім. Кейін өз-өзіме келген соң анам әлеуметтік желілерде менің атыма жазылған ақжарма тілектер легімен таныстырды. Сенесіз бе, менің науқасым ТМД-дағы достарым мен тілеулестерімді аяғынан тік тұрғызған. Мәскеу, Алматы, Астана, Еуропада оқып, жұмыс істеп жүрген қандастарымыз елден жырақ жүрсе де қалыс қалмапты. Ел Президенті Алмазбек Атамбаев Президент қорынан операцияның алғашқы кезеңін бастау үшін 500 000 сом аударып, жағдайымды бақылауда ұстаған.
– Былтырғы қараша айының аяғында Әзиз «Соңғы жанайқай» спектаклінде басты рөлді ойнайды деген ақпарат тарады.
– Ол рас. Спектакль әйгілі әртісіміз Сүйменқұл Чокморовты еске алу апталығында көрсетілді. Аталмыш қойылым менің сол кездегі көңіл күйіме дөп келді. Себебі, Сүйменқұл Чокморов тағдыр-талайына тап келген тауқыметті қасқайып тұрып қарсы алды. Бар болғаны 53 жыл ғұмыр кешіп, дүниеден өтті. Бұл екінші жағынан «қырғыз интеллегенциясында таланты, харизмасы, сосын адами қасиеті жағынан Чокморовқа тең келетін тұлға бар ма?» деген драматургтың жанайқайы болатын. Шығарма тек Чокморовқа ғана арналған жоқ. Қырғыз кинематографиясындағы ұмыт қалған немесе еңбегі кеш бағаланған, «қырғыз кереметін» қалыптастырған жанға деген новаторлық-эстетикалық жанайқай болатын. Мәскеуде отаның алғашқы кезеңі сәтті өтіп, трансплантацияның алдындағы үзілісті пайдаланып, елге келгенмін. Ағза алмастыру – өте күрделі іс. Ол тек сәттілікке ғана бағынады. Ота үстінде оянбай қалуың да әбден мүмкін ғой. Өзім бала жастан білетін, тіпті тұлғасына қарап бой түзеген халық әртісін қырғыз елі еске алып жатқанда, аурухана төсегіне таңылып жатқым келмеді. Тілеуімді тілеп отырған көпшілікке алғысымды театр сахнасынан айтқым келді. Ресей хирургия орталығындағы емдеуші дәрігерім отадан кейінгі кезеңде шығармашылық белсенділік те психологиялық жағынан күш беретінін айтты. Сахна шымылдығы жабылған сәтте көрермен жарты сағаттай қол соғып тұрып алды. Кейін театр әкімшілігі сол күндердегі қойылымға көрермендердің өте көп жиналғанын және сонымен бір мезгілде елдің әр аумағында әншілер концерттер ұйымдастырып, жиналған қаржыны менің ем-домым үшін акция есебіне аударғанын айтты.
– Сіз Мәскеуде ем алып жатқан кезде анаңызбен тілдескенімізде операцияның екінші кезеңі Ыстанбұлда жасалатынын айтты.
– Осы жылдың басында Түркиядағы ең беделді «Мемориал» клиникасында маған екінші рет ота жасалды. Білесіз бе, оған дейін менде бауыр циррозының 4-кезеңі деген диагноз қойылғандықтан, ағзаны алмастырудан өзге жол жоқ деген уәжге өзімді мойынсұндырып қойған едім. Бірақ адамның емес, Алланың дегені болады екен. Маған ота жасаған түріктің атақты дәрігері, профессор-гепатолог Корай Аджарлы «Әзиздің бауыры 4-сатыдағы цирроз деген диагнозға қарамастан интенсивті түрде жұмыс істей бастады. Біз ағзаны алмастырамыз деген шешімнен бас тарта отырып, бауырды емдейміз» деген қорытындыға келді.
– Осыдан 3 жыл бұрын «Құрманжан датқаның» таныстырылымы өтті. Наурыз айында «Хабар» телеарнасы арқылы көрсетілді. Фильмнің кассасы шығынды еселеп жапты деген әңгіме бар ел ішінде. Сіздіңше, киноэпопеяның феномені неде?
– Бұл сұрақтың жүз түрлі жауабы бар. Олардың барлығы қисынды болып көрінуі мүмкін. Бірақ бір нәрсе ақиқат – адамдар тарихтан тірек іздейді. Дәл қазіргідей заманда бұл біздің халқымыз үшін аса маңызды. Көрермен Құрманжан датқаны да сондай сезіммен қабылдады. Режиссер мен көпшіліктің көздегені бір жерден шықты. Бұл фильм қырғыз киносының сатылап дамып келе жатқанын көрсетті. Мұны феномен деуге болмайтын шығар. Себебі, фильмге пафос, саясат араластырылған жоқ. Қырғыз ұлтының қалауын кино тілінде көрсеттік. Қырғыздың Құрманжан датқаға деген ықыласы ерекше екенін білесіз. Жақында Президент жарлығымен Манастан кейінгі «Құрманжан датқа» ордені белгіленді. Бұл орден Қырғызстан тарихында пайда болған жаңа орден һәм «Манас» орденінен кейінгі марапат. «Құрманжан датқа» ордені бірінші болып Меркельге ұсынылды.
– Сіз журналистерге берген сұхбатыңызда «Құрманжан датқа» Алымбек бейнесі арқылы кинодағы өз бейнемді де, тақырыбымды да таптым депсіз. Алдағы уақытта кино мен драматургияны қатар алып жүру ойда бар ма?
– Драматургия жаныма жақын, залдағы көрерменнің ықыласы жүрегіңе жұмсақ нұр себелейді, арманыңды қанаттандырады. Ал кино... Егер мүмкіндік болса, кино саласында тарихи тақырыптарға барғым келеді. Орталық Азиядағы қазақ, өзбек, қырғыз және түрікмен бір-бірімен қатар қонған, ауылы аралас, қойы қоралас ел. Біздің бір-бірімізден енші алғанымыз кеше ғана ғой. Тарихымыздың бетін «қаттырақ аршып жіберсек», түбіміз де, тарихымыз да бір туысқан халық болып шығамыз. Ендеше тарихи тақырыптарда біздерге неге күш біріктірмеске? Төл тарихымызда жолдарымыздың түйіскен жерлерінің көп екенін кешегі «Құрманжан датқада» көрдік. Тереңдейін десек, өзге елдің тарихы. Аттап өтейін десең, оқиға желісі үзіліп калады. Бұл, әсіресе «Құрманжан датқаны» түсіргенде байқалды. Егер, Алымбек датқаның тағдырын зерделей берсек, оның өмірінің қазақ тарихымен ұштасқан тұстары өте көп.
– Сіз «Құрманжан датқадағы» Алымбек датқаның тұлғасына қандай дайындықпен келдіңіз? Себебі, күрделі де жұмбақ тұлға. Ол туралы деректердің өзі бір-біріне кереғар...
– Біз, қырғыз-қазақ тарихын таста емес, жадында сақтаған халықпыз ғой. Алымбек датқа – қүрделі тұлға. Оқиға желісі дайын болғанмен, оны бойыңа сіңіріп, толғатып, өзіңнің Алымбегіңді өмірге әкелу оңай емес. Сөйлеу мәнері бөлектеу драмалық образ. Айтарын іс-әрекетімен жеткізеді. Датқаны толықтай ашу үшін 2 сағаттық фильм аздық етеді. Себебі, ол Қоқан билігі кезінде өмір сүрді. Бар өмірі аттың үстінде, қылыштың жүзінде өтті. Қырғызды азат, озық ойлы ұлттардың қатарына қосуды армандады. Кинокартина негізінен Құрманжан датқа туралы болғандықтан Алымбек тұлғасы толыққанды ашылды деп айта алмаймын. Ол жайлы жеке тарихи-драмалық киноэпопея керек.
– Біздің елдеріміздің театр, кино саласындағы байланысы кейінгі кездері үзіліп калған еді. Қырғыз актерларынан тек Әзиз Бейшеналиевті ғана көреміз. Ал қазақ-қырғыз актерлары қатысқан киноларды бәріміз сағына бастадық.
– Сүйменқұл Чокморов қазақ-қырғыз киносының бағына жаралған жан еді ғой. Жастай кетті. Соңғы бірер жылда жақсы дәстүрді жалғастыруда талпыныс бар. Қырғыз актері Әзиз Бейшеналиев қазақ режиссері Сатыбалды Нарымбетовтің «Мұстафа Шоқайында» басты рөлде ойнады. Қазақ ағайындары арасынан «өзіміздің әртіс табылмады ма?» деген пікірді де естіп қаламын. Өткеннің өнегесіне көз жүгіртіп көріңізші. Сүйменқұл Чокморов «Көксеректе» қалай ойнады? Сондағы кішкене бала Құрмаш – Қамбар Уәлиевтің қазасына қырғызда жыламаған жан қалмады. Қырғыз актері Талғат Нығматуллин екі елдің ортақ баласы болып кетті. 1968 жылы «Қазақфильм» мен «Қырғызфильм» киностудияларының «Қараш-қараш оқиғасы» бойынша түсірген кинотуындыда басты рөлді біздің Сүйменқұл Чокморов жандырып ойнады. Болат Шәмшиевтің «Мергендеріндегі» қырғыз қызы Айтұрған Темірованы қазақтың Әлиясының аузынан түсіп қалған сыңары емес деп кім айта алады? Арада ширек ғасыр өтпей жатып біз неге бөтен болып кеттік? Өзбекстан кешегі КСРО кезінде Орталық Азия елдері киноиндустриясының орталығына айналған еді. Қазақ-қырғыз режиссерлерінің ортақ туындылары талай елде жүлде алды. Бізге алдыңғы буын ағалар дәстүрін қолға алатын кез жетті. Киноның тағдырын прокат шешетінін ескерсек, бұл жағдай киногерлердің пайдасына шешілер еді. Кинода қаржы да жағдайды оңалта алмайтынын көріп отырмыз. Еуропадағы дамыған елдердің өзі киносын әлемдік нарыққа шығара алмай отыр. Демек, жеке-дара ештеңені шеше алмаймыз. Сол себепті қазақ, өзбек, қырғыз актерлары бас қосқан, ортақ тарихымыздан сыр шертетін кино түсіруге тағдыр мүмкіндік берсе екен деп тілеймін. – Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлбаршын САБАЕВА АЛМАТЫ – БІШКЕК – АЛМАТЫ