• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Тамыз, 2017

Ғибратты ғұмыр иесі

555 рет
көрсетілді

Ашаршылықтан алмағайып күн туған отызыншы жылдардың басында бірінен соң бірі шетіней берген төрт баласының қа­й­ғысына шыдамаған әкесі елінің рұқ­са­тын алып, әйелі мен алты жасар қызын ат-арбасына бөктеріп, Жетісудың күре жолының үстіндегі Қызылағаш ауылынан ғұмыры аяғы баспаған Қоғалыға қоныс аударғанда, көңіл түкпірінде «осы жалғызым аман болсын» деген ниеті ғана болыпты. Алты баланың ішінен аман қалған қу жалғызды алабөтен жақсы көргендіктен жер ауыстырып, жанына сауға сұрағаннан басқа амалы қалмаған еді. Бірде Алтынемелдегі мектеп жанындағы интернатта бес күн жатып оқитын қызы ата-анасын сағынғаннан үстіндегі жұқалтаң киімге, қыстың көзі қырауда жауып тұрған қарға, үдей соққан боранға да қарамай сабақтан шыға сала 11 шақырым жердегі фермаға жаяу-жалпы тартып отырады. Қас қарайған мезгілде иен далада жалғыз өзі ит-құстан қорықпай, бетіне жабысқан қарды сілкіп тастап жіңішке соқпақпен омбылап келе жатқан 11 жасар қайсар қыз ту сыртынан машина дауысын естіп, шетке ығысып жол береді. Көлік тоқтап, ішін­де отырған қабағы түксиген, қасқыр ішік киген кісі «түн ішінде неге жалғыз жүресің?» деп жұмсақ, жанашыр дауыспен зекіген болып, бет-аузы домбығып, тоңып қалған кіш­кентай қыздың қолынан тартып, тізе­сіне отырғызып алады. Біраз ша­қырым жолды артқа тастап шаршап, ша­ғыр­мақ аязға айналғалы тұрған күннің ыз­ғарынан тырнағының қара көбесіне дейін шытынағалы тұрса да, қабағын шытып, ша­ғынбаған сары қыз тұғырлы тізенің үстінде келе жатып, алдағы бар ғұмыры алтын тақтың үстінде болмаса да, ширақ мінезінің арқасында ат үстінде өтеріне тұспал жасағандай болған мейірімді, жанашыр жанның жазушы Сапарғали Бегалин екенін, әрине, ауылға жеткенше білген жоқ... Белгілі мемлекет және қоғам қайрат­ке­рінің мінезінің қалыптасуында бұл елеу­сіз мысал сияқты көрінгенімен, алда­ғы тағдырын толықтай анықтап беру­ге артығымен жетеді. Мақсатқа жету жолын­да­ғы қайсарлық. Өзін-өзі қамшылау. Ішін жылан жайлап, от қарып бара жатса да, тіс жарып, тірі пендеге мұң шақпау. Кілең жақсылар мен жайсаңдардың ортасында ғибратты ғұмыр кешу. Әкесі мен анасын сағынғаны үшін ғана көлікті күтпей, түз тағысынан үрікпей жер түбінен жаяулап ұзын жолға шыққан жүрегінің түгі бар өжет қыз Бижамал Рамазанованың өмірінің рецептісі қарапайым көрінгенімен, тоқсан жастың төрінен төменге көз жібергенде, қайраткерлік тағдыр жолы тым тақтайдай тегіс болып тартылмады. Он бес жасынан еңбекке араласып, алдымен бастауыш класс мұғалімі, кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, Қаракемер ауылының бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып қоғамдық жұмысын бастаған Бижамал Қаратал аудандық комсомол комитетінің мүшесі болып жүргенде БЛКЖО-нің құрылуының 30 жылдығына орай ерекше белсенділік танытып, еңбек жарысында зор көрсеткішке ие жастарды ұйымдастыра алғаны үшін 21 жасында Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері болады. Қадір-қасиеті жағынан Ленин орденінен кейінгі екінші орында саналатын марапатқа жастай ие болу адамның өңі түгілі түсіне кірмейтін жаңалық еді. Кеудесіне орден емес, үлкен сенімді қадаған ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жас комсомол бірден Талдықорған қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып шыға келеді.  Содан кейінгі қызметтік жолы Тал­ды­қорған облыстық комсомол комите­ті­нің бірінші хатшысы, Талдықорған қалалық және облыстық атқару комитеттері төра­ғаларының орынбасары, кейін Жетісу­дың екі облысы қосылғаннан кейін Алматы облыстық партия комитетінің идео­логия жөніндегі хатшысы болып, биік лауазымдарды бірінен кейін бірін атқарған Бижамал Рамазанованың бұдан бөлек екі үлкен қызметін ел осы күнге дейін ризашылықпен еске алады. Кеңес Одағының партия ұйымынан кейінгі идеологиялық, халықаралық саласының үлкен бір тармағы қоғамдық негізде жұмыс істейтін соғысқа, ядролық қаруға қарсы тұру, отаршылдық қанауды жою, артта қалған елдердің тез жетілуіне көмектесу, бейбіт қатар өмір сүру принциптеріне сүйенген халықаралық қатынастар орнатуды көздеген Азия-Африка елдері ынтымақтастығы комитеті болып саналатын. 1957 жылы құрылған бұл комитеттің Қазақстандағы бөлімшесіне алғаш ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі басшылық жасаса, одан кейін Төлеген Тәжібаев жетекшілік етті, ал Тәжібаевтан кейін тағайындалған Б.Рамазанова табан аудармай бұл коми­тетті 12 жыл басқарды. Шетелге қа­зақ елін танытуға өзінше үлес қосты. Сол жылдары түрлі елдердің жоғары лауазымды тұлғаларымен араласуға, саяси қайраткерлерімен дәмдес-тұздас болуға тура келеді. Бірнеше рет Кеңес Одағы қоғамдық ұйымдарының Азия және Африка елдеріне делегациясын бастап барып, халықаралық форумдарға қатысты. Бүгінгі елшіліктің дәрежесіндегі жоғары қызметі туралы осы күнге дейін жақ ашпай келген комитеттің бұрынғы төрайымы жақында сол жылдардағы жұмысы туралы жазған үлкен кітабын аяқтап, баспадан шығарды. Сол қызметте жүріп көзбен көргендері мен көңілге түйгендері жалаң сөзбен емес, суреттерімен бірге сөйлейді. Рамазанованың кім болғанын, қандай ри­за­шылыққа бөленгенін, нендей шаруа атқарғанын сол суреттер айғақтайды. Кітап мазмұнына көз жүгірте отырып, Қазақстанның тарихымен байланысты кіл мықты кейіпкерлер туралы оқып, кей сәтінде езу тартып, кей тұсында ойға батасың. Қазақстан мен Кеңес Одағының билігінде ұзақ жылдар қызмет атқарған ірі саяси тұлғаларды айтпағанда, Никита Хрущев, Вячеслав Молотов, Леонид Брежнев, Константин Черненко секілді мемлекет басшылары, саяси бюро мүшелері мен шетел саясатының серкелері, әлемге әйгілі қайраткер әйелдерге қатысты деректер Бижамал апайдың естелігінде қызықты баяндалады. Мемлекет басшысы Дінмұхамед Қонаевтың басшылығы және беделі арқасында шетел азаматтары Қазақстанды таныды. Осы тұлғалардың әрқайсысын Қазақстанға сапарлап келген кезінде Ынтымақтастық комитеті төрайымы Бижамал Рамазанова мен мүшелері оларды қарсы алып, еліне аттандырып салғанша жандарында бірге жүр­ген. Сол естеліктердің бір парасы КОКП Бас хатшысы болған Никита Хрущевке қатысты.  1960 жылы Қазақстанның 40 жылдығына байланысты Хрущев Алматыға келеді. Ол кезде Б.Рамазанова Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы. Н.Хрущев алдымен Абай атындағы Опера және балет театрында партия қызметкерлерімен, зиялы қауыммен, соңынан жаңадан салынып, пайдалануға берілген Орталық стадионда халықтың қатысуымен үлкен жиын өткізеді. Үстіне өңір жиегі кестемен көмкерілген украинның ұлттық жейдесін киген Хрущев сол жиында қолын сермеп, еркін сөйлейтін әдетімен ұлтымызға біраз ұранын тастайды. Кейініректе күлкіге айналып кеткен «Американы қуып жетіп, басып озамыз» дейтін атақты сөзін осы жерде тағы да қайталап, «80-жылдары бәріміз қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын коммунизмде өмір сүретін боламыз, бәріміз бір тілде сөйлейтін бір ұлттың адамына айналамыз» деп лепіре келе, стадион үстінде Бижамал апайдың төбе құйқасын шымырлатқан және бір сұмдық сөзі самғай жөнеледі. «Ғасырлар бойында Қазақстанды орыстандыру жөнінде патшалық Ресей империясы жасай алмағанын біз аз уақытта жүзеге асырдық» дейді Хрущев. «Құрыған жеріміз осы екен ғой деп ойлап үлгергенім есімде» дейді сол сапарды есіне алған Бижамал апай. Содан шыққаннан кейін ел басшылары Никита Сергеевичті Есіктегі көлге апарып демалыс ұйымдастыруды жоспарлайды. Міне, осы жерде комсомолдың белсендісі болып үйреніп қалған Бижамал Рамазанова «басы кететін» іс қылады. Іші жақтырмаса да, елге келген қонақ қой. Жолдағы Калинин колхозының бастығы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Әбдіғұлов Қапизге хабарласып, «Мәскеуден келген мейман сіздің ауылдың үстімен өтеді, қонақты құр жібереміз бе, шапан жауып, құрмет көрсетейік» деп таза қазақша қисындалған ұсынысын айтады. Мұндай нәрсенің КГБ-мен, ІІМ-мен, басқа да қауіпсіздік мекемелерімен келісіліп жасалатыны ойына да кіріп шықпайды. «Есікке кетіп бара жатқан жолда, мен бұйрық беремін, сен шығып шапаныңды жабасың» дейді. Сөйтіп Талғарға жете бере, Хрущевті қолпаштап алып келе жатқан ел басшысы Д.Қонаев, М.Бейсебаев, С.Дәуленовтің бәрі отырған машинаны тоқтатып, Рамазанова мен Қапиз ағамыз жол үстінде қонақты ортаға алып, жоралғы жасайды. Бәрі риза болып тарқасады. Қиындық осыдан кейін туындайды. Алматы мен Есіктің арасындағы тас жолдың екі бойы қолына жалауша ұстап, «Никита Сергеевич, хош келдіңіз!» деген сияқты жазуы бар тақтайша көтерген халыққа лық толы. Кавказ елінен Қазақстанға жер аударылып келгендердің еліне қайтуға рұқсат сұрап, арызданып жүрген кезі, машина тоқтай қалғанда, бір топ белсендісі арғы жақтан жүгіріп келіп, Бас хатшыға қолындағы хатты бермек болып тұра ұмтылады. «Қазір ойлап қарасам, өне бойым мұздайды. Өздері де терісіне сыймай ашулы жүрген қапқаздықтар хат-қағаздың орнына, гүрзідей жуан жұдырығымен Хрущевті бір ұрып сұлатып түсірсе, көлікті рұқсатсыз тоқтатқан менің күнім не болар еді» дейді Бижамал апай басын шайқап. Сөйтіп Есік көліне жеткеннен кейін Бижамал апай бергі жағында қалуы керек те, Д.Қонаев бастаған шағын топ Хрущевті алып моторлы қайықпен көлдің арғы жағына кетуі керек болады. Жағалаудың ар жағында ақшаңқан үй тігіліп, мейманды күтуге әзір отырады. Әлден уақытта Бижамал апайдың көзі бір қолына басындағы кепкасын умаждай ұстап, өңі өрт сөндіргендей болып түтігіп келе жатқан Хрущевқа түседі. Іші қылп ете қалады. Ашуы алқы­мы­на тіреліп келе жатқан Хрущевтің алды­нан екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов жүгіріп шы­ғып, қос қолдай амандасады. Оған сәл жы­миған адамның лепесін танытып, Бас хатшы көлігіне мінген бойы есігін тарс жабады да, ырғи жөнеледі. Кейін белгілі болғандай, аудан орталығының ішімен келе жатқанда көше бойлап қошомет көрсетіп тұрған адамдардың бірі емес, бірнешеуі оған жұмыртқа лақтырған екен. Бас хатшының күнге шағылысқан жалтыр басы сарала-сатпақ болмаса да, лақтырылған жұмыртқаның өзінің солақай саясатына, билігіне, арына лақтырылған қарғыс тасы екенін түсінеді. Асқа да қарамай, асығыс аттануының себебі сол болған екен...

Бижамал апайдың Л.Брежневке қатыс­ты естеліктері де бір төбе. Брежневтің Қазақстанды алабөтен қадірлеген себебі, ол қолына қару ұстап майданда жүрген кезінде эвакуациямен көшірілген әйелі мен балалары Алматыда Байбосынов деген қазақтың үйінде тұрған көрінеді. Обалы қанекей, жомарт жаралған жүрегі кең Леонид Ильичтің кішіпейілділігі ғой, 1956 жылы Қазақстан Орталық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланып, Алматыға келген кезінде Брежнев Байбосыновтың үйін ерінбей іздеп, тауып, бала-шағасына тигізген қайыр-шапағаты үшін рахмет айтып шығыпты. 

1963 жылы Б.Рамазанова обком хат­шы­лығынан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиум хатшысы болып сайланады. Бұған дейінгі қызметінің бағыт-бағдары мүлде басқа болса, бұл лауазымының табиғаты тіпті бөлек еді. Бұл жұмыстың жай-жапсарын біліңкіремейтін болған соң оны Мәскеудегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің орталық аппаратына екі апта тәжірибе жинақтап қайтуға жібереді. Бүгінгі күнмен салыстыра айтқанда, Президент өкілеттілігінің тең жартысы ол уақытта Жоғарғы Кеңестің құзырындағы міндеттер болатын. Шетел басшыларын қабылдау, келіссөздер жүргізу, құқықтық-нормативтік актілерге қол қою, заңдар шығару, бәрі де Жоғарғы Кеңес қызметінің аясында қарастырылатын. Бижамал апай хатшы болып сайланғаннан кейін Қазақстан тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде заңдар жазыла бастағанын айтады. Қазақша заң жобаларын әзірлеуге бүкіл ғалымдар, депутаттар жұмыл­ды­рылады. Сол уақыттың тәртібіне сәй­кес, өздері қабылдаған Әкімшілік заң­дарын мақұлдатып, бекіттіру үшін Мәскеуге апаратын. Мәскеу мақұлдамай тастаған заңдар да болды. Өтпеген заңның қатарында, «қазақ қыздары 17, 16 жасында да тұрмысқа шыға алады» деген бап бар еді. Себебі ол кезде бүкіл Одақ бойынша қыздар үшін неке жасы 18 жас деп белгіленген болатын. Б.Рамазанова қазақтың ұлттық әдет-ғұрпына сай қыздарды ертерек тұрмысқа беруге болатынын, оңтүстік өңірлерде бұл дәстүрдің жасырын болса да, әлі күнге сақталып келе жатқанын, сондықтан заң жүзінде бекіту керегін алға тартып дәлелдеп көргенімен, «ұлттық» дейтіннің бәріне осқырына қарайтын орталықтағылар илікпей отырып алады. 

Ол жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы секретариатының басшысы Константин Устинович Черненко еді. Барлық қабылданған заңдарға Жоғарғы Кеңестің төрағасы мен хатшысы қол қояды. Б.Рамазанова сол жылдары қабылдауға аса ауыр тиген заңдардың бірі ату жазасына байланысты болғанын бүгінде қинала еске алады. Өйткені Қазақстанда жыл сайын 80-ге жуық адам ату жазасына кесіліп отырған екен. Сондағы К.Черненконың қазақстандық әріптесіне айтқан: «Бижамал Рамазановна, ату туралы үкімге құжаттың айтуымен емес, өз көзіңіз жетсе ғана қол қойғаныңыз жөн» деген ақыл-кеңесі әлі күнге жадында жаңғырып тұрады. Сол себепті Бижамал Рамазанова ату жазасына кесілген әр қылмыскердің құжатымен мұқият танысып, сарапшылардың берген сараптау қорытындысын зейін қоя қарап, әділетсіздікке жол бермеуге тырысатын. Қанша жерден жоғары лауазымды хатшы болса да, кеудесінде әрбір тамыр-талшығы дүниенің ақ-қарасын сезініп, дамылсыз діріл қағып тұрған жүрегі бар бұл да Алланың пендесі ғой, айыпты деп танылған адамның қыл үстінде ілініп тұрған тағдыры қолындағы қара қаламға ғана ілініп тұрғанын ойлағанда, жаны шырқырап, не істерін білмей дағдарып, кейде жылап та алатын. Бірақ заңның аты – заң, заң аясында ғана шешім қабылдауға міндетті. Сол жылдары Б.Рамазанова әр жұмаға белгіленген түскі сағат 2-ден басталатын азаматтарды қабылдау күнінде әр өңірден келетін адамның арыз-шағымын асықпай тыңдап, шешім шығаратын. Біріне бағыт сілтейді, біріне жол көрсетеді, біреудің жіңішке үмітін үрлейді, енді біріне реті келіп жатса, көмектеседі.  «Өмірде бір көргенім, кеудеме тоқып-түйгенім мынау. Ана ретінде, осы қызметті атқарып, көзіммен көрген адам ретінде әсіресе әйелдерге қарата қос қолымды кеу­деме қойып тұрып өтініп-сұраймын: айналайын, әйелдер, сіңлілерім, қыздарым! Егер сен тұрмыс құрған болсаң және қолыңда құрсағыңды жарып шыққан бәлиғат жасына толмаған бейкүнә қыз балаң болса, өлсең де күйеуіңнен ажыраспа, қалқам! Арқаңа қандай азаптың жүгі артылса да, қандай қорлық көрсең де, күйеуіңнің қасында бол, ажалың сол азаматтан болса да, сол босағада қал, айналайын. Менің айтарым – осы. Өйткені 80 пайыз қыз бала өгей әкенің зорлығына ұшырайды. Өгей әке аямайды. 80 пайыз жылаған ананың, өрімдей бүлдіршіннің күл-талқан болған өмірі үшін өкінген ананың зары құлағымда қалып, әлі күнге жаңғырығып тұрған соң айтып отырмын мұны мен. Ерлі-зайыпты өзі үшін емес, бала үшін, Жаратушының ризашылығы үшін өмір сүреді, осыны есте ұстаңдар, қарақтарым». Өзі де Бауыржан, Бақытжан есімді қос ұл тәрбиелеп, 67 жыл отасқан жарымен құшағы ажырамаған күйі бақиға шығарып салған қайраткер ананың терең пайымынан туған парасатты ақылы төбе құйқаны шымырлатып, жүрегімізге қара тас әкеп байлағандай қинала күрсіндік. Мамыражай-мақпал заманды темірдей тәртіп, қатал заңымен орнықтырып, бәрін бір тарының қауызына сыйғызған Кеңес Одағында осындай жантүршігерлік сұмдықтар болса, кешегі құндылықтар ауысып, еркін «құндылықтармен» өмір сүруді дағдыға айналдырған «ерікті» ерлі-зайыптылардың төрттен бірі ажырасып, өз нәпсісін ғана биік ұстап, өзгенің тағ­дырына алаңдамайтын, азаматтық не­кені тәуір көріп, адам құлағы естімеген азғындықтың неше атасы жасалып жатқан мынау кезеңнің арғы жағын ойлауға жүрегіміз дауаламады.  Қай қызметке барса да қайнаған тірліктің ішінен табылып, білек сыбана қойып кететін белсенділігі Бижамал апайдың бейғам отыруына жол бермейді. Саясаттану ғылымынан диссертация қорғап, кандидат атанып, екі бірдей жоғары оқу орнында талай жыл дәріс оқып, сабақ берді. Тоқсанға табан тірегенше «бір минут уақыты болмай» Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің жастар жөніндегі комиссиясын басқарды. Бүгінде екі ұлынан немере сүйіп, шөберлерінің қолынан май жалап отырған бақытты әже. Қызметті кім істемейді? Елге кімдер тұлға болмаған? Бірақ айғайламай-ақ, аттандамай-ақ, жібектей мінез, жұмсақ дауысымен жұрт басқарып, елге ұйытқы болып, қазақтың қайраткер қыздарының қатарын толықтырған Бижамал Рамазанова шын ғибратты ғұмыр иесі.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ