– Бізге әке-шешемізден берілген қасиет – намысты бәрінен биік қою болатын. Еңбекте де көштен кейін қалуды ұят көретінмін. Қандай құрметке бөленсем де намысқойлықтың, еңбекқорлықтың арқасында жеттім, – дейді абыз ана. Өткен ғасырдағы қиын-қыстау кезең, ат ауыздығымен су ішкен заман нәзік жандыларды да талай сынаққа салды. Ауыр бейнеттен көз ашпаған әйелдер қауымы елімізде тұтас еңбек армиясын қалыптастырды. Қазақ даласының қай қиырында да еңбекқор адамдар сап түзеді. Солардың ішінде Мәрзия Ибрагимова да бар еді. 1938 жылдан бастап Әулиеата іргесіндегі бұрынғы «Красная звезда», қазіргі «Қызыл Жұлдыз» колхозында қызылша өсірумен айналысты. Кейінірек қызылшашылар тобының жетекшісі болды. Ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің нәтижесі өз жемісін берді. Содан 1948 жылы 30 жастағы еңбек озатына Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы берілді. Балалық шағы аласапыран заманның аумалы-төкпелі кезеңіне тап келген Мәрзия әжей тұтас ұлтқа нәубет әкелген ашаршылық ауыртпалығын да, қызыл қырғын зардабын да, одан соң соғыс қиыншылықтарын да бастан кешірді. Ол өзі Рысбай деген ауқатты кісінің қызы еді. Әкесі жылқы, түйе өсіріп, бидай, тары, қауын егіп күнелткен екен. Алайда кәмпеске кезінде көптеген байлардың айдалып, ұсталып кеткені белгілі. Сондай сорға ұшырағандардың арасында Рысбай да бар еді. Бізбен әңгімесінде кейіпкеріміз кәмпескелеушілер бұлардың үйіндегі дүние-мүлікті жеті түйеге артып әкеткенін айтты. Сонымен қатар, әжей ертеде отбасымен көшіп-қонып жүргенде мінетін Шегір деген атының болғанын да ұмытпапты. Құндыз жағалы қылқара шапан мен шытырма көйлек киіп, әлгі байталды үкі тағып, әшекейлеп, жабулап мінген кездерін ерекше сағынышпен еске алады. Жалпы, Жер-Ананың қасиетін түсініп, қадірін ұғынып еңбек ету де екінің бірінің қолынан келе қоймайтын іс. Десек те егіншілікпен айналысу, одан жоғары мөлшерде өнім алу еңбекқорлықпен қатар, жер құпиясын, жалпы жаратылыс табиғатын білуді де талап етеді. Мамандардың айтуынша, кейде қызылшаның бір түбінен бірнеше өскін шығатыны бар көрінеді. Бірақ көп қызылшашылар оның артығын жұлып тастайды екен. Осы бір шаруашылық ілімін жете меңгерген Мәрзия Ибрагимова қызылшаны көшеттегенде артық өскінді келесі бір жерге отырғызу әдісін қолданыпты. Сонымен қатар, барлық түптердің арақашықтығын бірдей сақтау арқылы тәтті түбірлердің толық әрі ірі болып шығу көрсеткішіне қол жеткізген. Бұдан өзге де ерекшеліктер оны даңқ тұғырына көтеріп, мәртебелі биікке бастады. 1947 жылы 4 гектар жердің әр гектарынан межеленген 220 центнердің орнынан 822 центнерден өнім алып, рекордтық нәтиже көрсетіп, еңбек озаты ретінде ел тарихында қалды. Бүгінде Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанған Мәрзия Ибрагимова тағдыр тауқыметімен тіресе жүріп еңбек етсе де, енді болашақ ұрпақ біз көрген қиындықты көрмесін дейді. Ғасыр жасаған ғаламат тұлға Әулиеата жұртшылығының ғана емес, қазақ халқының мақтанышы. Уақыт өзгергенмен, еңбек қалады. Еңбектің болмысында дәуір, кезең деген ұғым жоқ. Еңбек адамзат атаулымен ықылымнан жасасып келе жатқан ерекше құбылыс. Еңбектің аты – еңбек...
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы