• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Әлем 07 Тамыз, 2017

IAAF көршімізді кеудесінен итерді

130 рет
көрсетілді

Лондонда Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) 51-ші Конгресі өз жұмысын аяқтады. Онда көптеген өзекті мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданды.

Есеп беру және өзекті мәселелер Лондонда өткен IAAF Кон­гре­сінің екінші күнінде әр құр­лық­тың ұлттық федерациялары қауымдастығы жеке-жеке баян­дама жасады. Өз жұмыстары жайлы бейне ақпараттар ұсы­нып, жетістіктерін тізіп шықты. Жеңіл атлетиканың қанатын кең жайып, жетіле түсуіне ық­пал ете­тін шаралар туралы айты­лып, сонымен қатар шағын мем­ле­кеттерге қалай қолдау көрсетіліп жатқандығы да тілге тиек етілді.  Бұдан кейін 2015-2018 жыл­дар аралы­ғын­дағы қаржы мәсе­лесі, түсім мен шығын жалпы­лама түрде жария етілді. Нақты ақпараттар көлденең тар­тылды. Негізгі, пайда көзі телета­ра­тылымдар құқығы мен демеу­шілер екендігі мәлім­денді. Әрі, Олимпиаданың өткен жылдары IAAF-қа түскен түсімнің басқа жыл­дардағы шығынының орнын жауып отыратындығы да бүк­песіз айтылды. Содан соң, әлем чем­пионаттарынан түсетін пай­даның да аз еместігі сөз етілді. Сондай-ақ, Халықаралық же­ңіл атле­тика федерациясының әрбір комис­сиясы өз жұмыстары туралы есеп беріп, баяндама жасады. Жарыстар мен сайыстар өткізу комиссиялары да өз жұмыстары туралы ақпар берді. Мәселен, спорттық жү­ріс­тен әйелдер арасындағы 50 шақы­рымдық сынның соңғы сәтте әлем чемпионатына енгізілуі барысында аздаған пікірталастың болғаны да айтылды. Ардагерлер комиссиясының басшысы IAAF құрамындағы 200-ден артық мемлекеттің жар­тысы осы жас мөл­шерінде ешқан­дай жарыстар өткізбей­тінді­гін айтып, мұңын шақты. Жас­тармен жұмыс жасайтын ко­мис­сия өскелең ұрпақпен қарым-қаты­насты күшейту, оларды же­ңіл атлетикаға тарту өте маңыз­ды екендігін дәлелдеуге ты­рыс­ты. Жарыстар мен сайыстар өткі­зу комиссиясы 18 жасқа дейінгі әлем чемпио­наттарын өткізудің аса тиімді болмай отырғандығын алға тартты. Мұнда көзге түсіп, жүлдеге іліккендердің ересектер легіне өтіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүргендері тым аз екен...

IAAF илікпеді Бұдан кейін IAAF президенті Себастьян Коудың төрағалық етуімен «Ресей мәселесі» жеке қаралды. 2015 жылы қараша айында Ресей жеңіл атлетика федерациясы WADA комис­сиясы жүргізген тексерулер негізінде IAAF құрамынан уа­қытша шеттетілген болатын. Басқаша айтқанда, 20 ай болды, олар Халықаралық жеңіл атлетика федера­ция­сы мүшелігінен айырылған. IAAF кеңесі өтіп, осы мәселе талқы­ланған. Ресейдің IAAF құ­ра­мынан уақытша шеттетілуін сол күйінде қал­дырған. Яғни, атал­мыш санкция мерзі­мін ұзарт­­ты. Себебі, Ресей тарапы бар­­лық шарттар мен талаптарды тү­­гел­дей орындамаған. Кон­грес­те осы мәселе дауысқа салын­ды... Әуелі Ресей жеңіл атлетика федера­ция­с­ының президенті Дмитрий Шлях­тинге сөз бе­ріл­ді. Ол 20 айдың ішінде бұл федерацияның толықтай өзгер­ген­дігін, бұрынғы басшылар мен қатар­дағы қызметкерлердің отставкаға кетіп, жаңа ұжым жұмыс істеп жатқандығын, допингке қарсы күрестің мейілінше күшейтілгендігін тәптіштеп айтып шықты. Қатаң шаралар қолданылғанын, сегіз адамның өмір бойына жеңіл атлетика саласынан аластатылғандығын да тілге тиек етті. IAAF-тың жазғыруларын те­ріс­ке шығармайтындарын, спорт­­шы­ларының жиі-жиі допинг-сы­нақтан өткізіліп тұратын­дық­тарын, енді мұндай жаңсақ­­тықтың ешқашан қайта­лан­бай­­тындығын айтып, көпші­лікті сендіруге тырысты. Тіпті допинг қолданған спортшы­лары­ның кесірінен алтын, күміс және қола медальдарынан айы­рылған жеңіл атлеттерден кешірім сұрайтындығын білдірді.   Себастьян Коу бұдан кейін Ресей­дің қайтадан IAAF-қа мүше болуы ісімен айналысатын арнайы жұмыс комис­сиясының басшысы Руне Андер­сенге сөз берді. Ол әуелі Ресей жеңіл атле­тика федерациясының жаңа прези­денті Дмитрий Шляхтиннің еңбегін бағалап, оның қыруар жұмыс атқарып жатқандығын айрықша атап өтті. Содан кейін, осы мәселемен тікелей айналысып жатқан арнайы жұмыс комиссиясының атқарған тергеу жұмыс­тарын атүсті тізіп өтті. Бұл комиссия 18 айдың ішінде ресейліктермен 11 рет кездескен. Жеті рет Ресейге барған, қалғаны бұл елден тыс жерлерде өткен. Көптеген кездесулер өтіп, телефон арқылы да байланыста болған. Ресейді қайтадан мүшелікке қабылдау үшін алты шарт қойылған екен. Соның барлық тармақтары орындалмаған. Орындалғандарының өзі басқалармен салыстырғанда өте баяу жүргізілген. Сондықтан, бұл комиссия Ресейді қайтадан IAAF құрамын қабылдауға әлі ертерек деген шешімге тоқталып, оны дауысқа салуды ұсынды. Мұны біраз елдердің өкілдері қолдады. Конгреске қатысып отырған 187 ел (ұлтық федерация) дауыс беруге тіркелді. Солардың үштен екісі, яғни 124 мемлекет осы ұсынысты қолдаса, онда Ресей әзірше IAAF құрамына қайтадан мүше бола алмайды. Ал дауыс беру қорытындысында 166 ел Ресейге қойылған санкцияны ұзартуды қолдады. Тек 21 мемлекет бұған қарсы болды. Сөйтіп, IAAF Ресейге құшағын ашпақ түгілі, есігін де ашпады. Уақытша шеттетілу мерзімі ұзартылды. Ал бұдан кейін Конгресс басқа мәселелерді талқылап, IAAF Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу турасындағы ұсыныстарды дауысқа салды.

Нұрғазы САСАЕВ, журналист, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін – Лондоннан (Ұлыбритания)|