• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Тамыз, 2017

Жөні бөлек «Жигули»

361 рет
көрсетілді

Көлікпен келе жатырмыз. Астымызда соңғы уақыттарда аса сиремесе де көп ұшыраса қоймайтын «Жигули». Былайғы жұрт «шоха» атап кеткен «ВАЗ»-дың 6-шы шығарылымы. Бұл жарықтық кезінде анау-мынаудың қолы жете бермейтін айтулы көлік болған деседі. Тіпті, Одақ кезінде ақшасы болғанмен, көлік жеткіліксіз, сатып алуға кезегі келмей, талайлар бармағын шайнап өтіпті.

«УАЗ» көлігін міну Жапонияда «нағыз еркек» болудың белгісі көрінеді. Себебі, ондай көлікті жүргізу әжептәуір күшке түседі. Олардағыдай бәрі автоматтандырылмаған. Біздің елде де соңғы уақытта ескі көлікті қайта жасап, сәндеп, оңтайландырып, заманауиландырып дегендей, тақымға басқандар жайлы жиі естуге болады. Мұндайлардың көпшілігі не жағдайы жақсы адамдар, не өзі көлік жасаумен айналысатын шеберлер. 

Ал біздің кейіпкеріміздің оларға аса қатысы жоқ. Десе де, барын базарлап, әйтеуір мініп жүр ғой деп басынан сипайтындай да күйде емес. О баста онша көңіл аудармаппыз, кейін бір досынан «шоханы» жасау үшін «Тойота-Ипсум» деген машинаны сатып жібергені жайлы естігенде қызыға бастадық. ...Көлікпен келе жатырмыз. Жып-жинақы, жеңіл, жүрісі ширақ. Сөйтіп келе жатқанда қасымыздағы біреу: – Ананы қара, сенің «шохаң» кетіп ба­­ра жа­­­тыр, – деді. Тізгінде келе жатқан жігіт кәдімгідей өкпелі дауыспен жұлып алғандай сөйледі. – ­Менікі емес! Менікіндей болу қай­да-а-а оған! – Әжептәуір таусылып отыр. 

Қазақ айтатын «іштен шыққан шұбар жылан» деген тіркес еске түскен. Кейін өзінен сұрап, жағдайға қаныққан соң ғана бұлай болмас реті жоқ екенін түйдік. Тіпті, әке-шешесі де қарсы болыпты. Сат та, сат деп жиі айтатын көрінеді. Олардікі түсінікті, жұрттан алабөтен, түк таппай қалғандай ескі көлікпен жүргенін құптамайды. Жұрттан ұят! Әлгі «тойотаны» да отбасынан жасырып сатып жіберген. Кейіпкеріміз бұл қылығын жұрттан ерекшелену үшін емес, бала кезден «Жигули» көріп өскенімен түсіндіреді. Бұл идеяның нақты қашан, қалай пайда болғаны жайлы сұраққа «білмеймін соны» деп бейкүнә ғана жауап береді. 

Көлікті жасауға әкесі мен ағасы көмек­тесіп тұрады. Ал өзінің бүкіл бос уақыты осының үстінде өтеді. Үлкендердің қарсы болатынының бір себебі де осы болса керек. Сірә, құмарлығы бүгінде шығармашылық ләззат деңгейіне жеткен жайы бар. О баста суретші болуды армандаған адам үшін бұл да бір шығармашылық қой расында.

Машинасы шағын, өзі де қалақтай ғана жігіт облыстағы жас журналистердің бірі. «Жетісу» газетінде істейді. Мәулен Әнербай деген ініміз. «Шамамен 60 пайыздай өзгерткен шығармын», дейді. Көп жағдайда мұндай ерекше көлік «жасаушылардың» көпшілігі қымбаттау бағаға сатып жататын. Ал Мәуленде ондай ой жоқ. Естелік үшін сақтап қойғысы келеді. «Жас кездегі бір құмарлығым» деп еске алып жүруге тұрарлық дүние, айтары жоқ. Дегенмен, өмір бойы пайдаланамын деген ойы жоқ сияқты. 

«93-жылғы» көліктің бұрынғы иесі  орыстың шалы екен. Жақсы сақтапты. Ұқыпты шалдан жақсы жастың қолына өткен бақытты машинаның жасы қатар­ластарынан әлдеқайда ұзақ болатыны сөзсіз. Себебі, әлдеқашан тозып, сүйегі шіріп кетуге тиіс көлікке екінші өмір сыйлаған шебер оның өмірін ұзарта түсу үшін аянып қалмайтын сияқты. Өзгертсем деген идея жетерлік. Міне қалғандар «иномаркада» отырғандай болатын» «шохаға» қарап иесінің алдағы жоспарлары кезең-кезеңімен іске асатынына сенуге болады. 

Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»

Алматы облысы