• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2010

КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ “КАЗЦИНК”

1578 рет
көрсетілді

Қоғам үшін ең қымбат адам. Адам­дардың тыныш әрі бақытты еңбек етуі үшін барлық жағдайдың жасалғаны орынды. Ал бұл орайда экологияны сауықтыру, адам ден­сау­лығына басты назар аудару ше­шуші фактордың бірі. Бүгінгі әң­гіме еліміздегі түсті металлур­гия­ның ту ұстаушы кәсіпорындары қа­тарына жататын “Казцинк” жау­апкершілігі шектеулі серіктестігінің қоршаған ортаны қорғаудағы жа­ғым­ды жаңалықтары жайлы болмақ. 2009 жылы аталмыш кәсіп­ор­ын­да экология және қоршаған ор­та­ны қорғауда айтулы істер атқа­рыл­ғаны бірден көзге түседі. Мә­селен, “Казцинк” ЖШС Өскемен ме­таллургия кешеніндегі экология­лық шаралар қай жағынан болсын үйлесім тауып отырған. Тіпті өткен жылы желсіз күндердің өзінде өр­кенді Өскемендегі ауа құрамындағы қорғасынның мөлшерден тыс ар­тып кетуі бірде-бір рет тіркелмепті. Бұл туралы деректерді жақында өт­кен баспасөз мәслихатында “Каз­цинк” серіктестігінің бас экологы Борис Колпаков пен Өскемен ме­таллургия кешені өндірісті қолдау қызметінің бас маманы Индира Юсупова хабардар етті. Сөз реті келгенде айта кету ке­рек, “Казцинк” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде айына бір рет немесе кем дегенде тоқсанына бір рет экологиялық мәселелерді тал­қылайтын жиындар өтіп тұрады екен. Ал ақпарат құралдары өкіл­дерімен де жиі жүздескен эколог мамандар алып кешендегі қорша­ған ортаны қорғаудағы жұмыстар жөнінде жиі ақпарат беріп тұрады. “Біз халықпен біргеміз, олардың денсаулығын күнделікті назарда ұстау басты міндетіміз. Сондықтан болар, экологияны қорғауда қаржыны аямаймыз” деген еді бір кездесуде “Казцинк” ЖШС вице-президенті Андрей Лазарев. Осы орайда, мына бір маңызды мәселені қалай айтпасқа? Өткен жылдың тамызында облыс әкімі Б. Сапарбаев пен “Казцинк” ЖШС пр­е­зиденті Никола Попович ма­ңыз­ды әлеуметтік ғимараттар салу жөнінде меморандумға қол қойды. “Казцинк” өз тарапынан алты тен­нис корты мен 240 орындық ба­ла­лар бақшасын салып, ол аяқталған соң қала бюджетіне беруді ұйғарды. Ал бұл мақсатқа жүздеген миллион теңге жұмсалмақ. Егер қаладағы басқа да ірі кәсіпорындар “Каз­цинктің” бастамасын құптап, игі дәстүрді жалғастырып әкетсе құба-құп. Қазір аталмыш ғимараттардың құрылысы қызу жүріп жатыр. Облыстық гидрометерология ор­та­лығының өлшемі бойынша жо­ғарыда айтылған қорғасын қал­дығының ауаға тарайтын орташа жылдық мөлшері 0,45 шекті рауалы концентратты құрауы тиіс. Ал мұнда қорғасын шығарылымында сапасыз жанармаймен жүретін автокөліктердің бар екені ешкімге де күмән келтірмесе керек. Облыс орталығында он мыңнан астам кө­ліктің бар екенін ескерсек, жағдай түсінікті болар. Өскемен металлургия кешенін­де өткен жылы қорғасын шыға­рындысын төмендету бағдарламасы бойынша қорғасын өндіру це­хын­дағы газ тазарту учаскесінде сү­згі­лерді неғұрлым тиімдісімен ауыс­тыру жұмыстары атқарылды. Шаң-тозаң мен оның құрамындағы металдарды неғұрлым тиімді сүзуге арналған кезекті төртінші сүзгі құрылып, оған 106 миллион теңге қаржы жұмсалды. Сөйтіп, барлығы жеті сүзгіні ауыстырып үлгердік. Бұл бағдарлама 2013 жылға дейін көзделген. Жаңа қондырғы қосым­ша қуат беріп қана қоймай үнемге де қол жеткізеді, сондықтан та­зартудың екінші бағыты жалғаса бермек, – дейді өндірісті қолдау қызметінің бас маманы Индира Юсупова. – Аталмыш бағдарлама өмір­шең. Ол 2005 жылдан 2013 жылға дейін қорғасын шығарындысын 12,8 тоннаға дейін төмендетуге бағытталған. Бүгінгі күні төмендеу 12 тоннаға жетті. Санитарлық нормаға қол жеткіздік, енді оны тоқтатуға да болар еді. Алайда, компания қомақты шығындарға қарамастан, бағдарламаны соңына дейін жеткізуді ұйғарды. “Казцинк” ЖШС мамандары ұзақ уақыттан бері құрамында күшән қалдықтары бар қалдықтарды пайдалану әдіс­терін қарастырған. Біз де оны жал­ғастырудамыз. Күшәнді метал­лур­гиялық циклдан арнайы даярланған жинақтаушыда орналастырылатын әктас-күшәнді көктер түрінде емес, құрамында темір-кальций күшән бар уыты аз қалдықтар түрінде шығаруға ұйғарылды. Биыл және келер жылы скородит алу үшін химия-металлургиялық бөлім учаскесін қайта құру межеленді. Демек, келешекте бұл іс жүзеге асса, жинақталған қалдықтардан скородит (уыты аз қалдықтар) алуға жағдай бар, – дейді “Казцинктің” бас экологы Борис Колпаков. Ал енді суларды қорғау мәселе­лері жайлы айтатын болсақ, негізгі бағыт технологиялық ерітінділерді зиянсыз ететін “ТЕ.СО.МА” (Ита­лия) жетілдірілген қондырғы құ­ры­лысын орнату маңызды шара­лар­дың бірі болмақ. Олар буландыру үдерісінен өткен соң алынған қатты тұнба пешке қайтадан жіберіледі. Бұл құрылысқа 400 миллион тең­ге­ге жуық қаржы жұмсалды. Атал­мыш қондырғы сұйық қалдықтарды толығымен пайдалануға мүмкіндік бермек. Енді компанияның табиғатты қорғау шараларына келсек, кен-металлургия бағытында әлемді жайлап алған қаржы дағдарысына қарамастан, жоспарланған эколо­гия­лық шараларды қаржыландыру тоқтаған жоқ, қайта бұрынғыдан да ауқымды бола түсті. “Казцинк” ЖШС Өскемен металлургия кеше­нін­де ғана қоршаған ортаны қор­ғауға бағытталған ондаған ірі жо­баларды жүзеге асыруға 24,6 мил­лиард теңге қаржы жұмсапты. Осы орайда өткен жылдың маусымында Елбасы Н. Назарбаевтың “Каз­цинк­ке” арнайы келіп, “Жаңа ме­таллургия” жобасымен танысқаны, металлургтермен жүздесіп, әңгіме­лескені көп жайдан мағлұмат берсе керек. Аталмыш жоба бойынша қазір алып кәсіпорында екі бірдей зауыттың құрылысы салынып, оған 760 миллион АҚШ доллары жұмсалмақ. – Жаңа жоба бойынша мыс зауытының құрылысымен бірге қорғасын өндірісін қайта құру жүріп жатыр. Ондағы екі тех­но­логия экологиялық таза қондыр­ғылармен алмастырылмақ. Өскемен металлургиялық кешеніндегі дәл осы қорғасын өндірісі күкірт диоксиді бойынша шығарынды деңгейі 13 мың тоннаға азаймақ, – дейді бас эколог Б. Колпаков. “Жаңа металлургия” бағыты бой­ынша төрт маңызды шара жү­зе­ге асырылмақ. Олар: “ІSAS­MELT” технологиясына көшу, өзін жақсы қырынан көрсете білген “Lurgі Bіschoff” фирмасының сүзгілерін орнату мыс зауытындағы су айналымы және суды екінші қайтара пайдалану жүйесін өндіріске енгізу, Канаданың “LAVALLІN” үздік технологиясын күкірт қышқылы қондырғысын орнату болып табылмақ. Иә, “Казцинк” кешенінің келе­ше­гі кемел. Биыл да аталмыш жобаларды жалғастыру басталып кетті. Алда тұрған тағы бір міндет – су тазарту үймереттерін кеңейту және қазіргі заманғы шыны-плас­тикалық материалдардың өндірісін кеңінен қолдана отырып күкірт қышқылы өндіріс жабдықтарын қайта құру істері. “Казцинк” ЖШС Өскемен металлургия кешені бойынша биыл да 5 миллиард теңгеден астам қаржыны қоршаған ортаны қорғауға жұмсамақ. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.