• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Тамыз, 2017

Астанада өтетін жамбы ату жарысына тұңғыш рет қыз бала қатысады

387 рет
көрсетілді

12-13 тамызда Астанадағы «Қазанат» атшабарында Жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирі өтеді. Жарысқа әлемнің 25 елінен 50-ге жуық спортшы келеді. «Алтын жебе» халықаралық турнирінде елімізден бес мерген бақ сынайтын болады. Бұл туралы бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты кезінде айтылды.

Жамбы ату ережесі бойынша атпен шауып келе жатып жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуға тиіс. Мергендік пен төзімділікті сынайтын қазақ халқының ұлттық ойынын жастар арасында қайта жаңғырту керек дейді ұйымдастырушылар.

− Ұлттық садақ атудан әлемге аты әйгілі Кашшай Лайош сынды мергені бар Мажарстаннан Чемез Фаркас баптаған венгр сұрмергені Намети Кристоф алғаш рет жамбы сайысында бақ сынамақ. Өздерін түркі жұртының бір бұтағы санап, ежелгі қыпшақ ұрпағымыз дейтін Мажарстан халқы ат үстінен садақ ату дәстүрін ұзақ жылдан бері насихаттаумен келеді. Венгрияда Еуропа көлеміндегі дәстүрлі садақ ату жарыстары жиі ұйымдастырылады. Қазіргі кезде бүтін Еуропаға мадияр садақшыларының мергендік даңқы кең жайылған. «Алтын жебе» турниріне келетін Намети Кристоф құралайды көзге атқан мергендердің бірі, - деді ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президенті Бекболат Тілеухан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта жамбы атуға енді жасөспірімдер мен қыз балаларды дайындау дәстүрі алға қойылмақ. Астанада өтетін халықаралық турнирге тұңғыш рет Моңғолиядан қыз бала қатысқалы отыр.

Мергендерге бес орынға дейін жүлде беріледі. Бас жүлде 1,5 млн теңгені құрайды.

Айта кетейік, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында ұйымдастырылып отырған турнир ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығы және Әлеуметтік серіктес – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен өтеді.