• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Футбол 07 Тамыз, 2017

Станимир Стойлов: «Селтик» туралы «Ақтөбеден» кейін ойлайтын боламыз

140 рет
көрсетілді

«Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов Қазақстан премьер-лигасының 22-туры аясында Шымкенттің «Ордабасы» командасына қарсы ойыннан кейін сұхбат берді.

Бұл ойында жеңіс оңай келмеді. «Ордабасы» сауатты түрде қорғана білді. Бізге еркіндік бере қоймады. Мүмкіндіктеріміз болғанмен, пайдалана алмадық. Екінші таймда қонақтардың гол салатын сәттері де болды. Ең бастысы біз жеңіске жеттік. Соған іштей ризамын.

- Александр Мокинге еурокубоктық ойыннан кейін демалыс бердіңіз бе?

- Мен ылғи да айтамын. Қарамағымда үздік қақпашылар жиналған. Қайсысы дайын болса, өзін жақсы сезінсе, соны алаңға шығарамын.

- Бүгін тізімге Александр Мокин, Марин Аничич, Джордже Деспотович, Роман Мұртазаев енбеді. Олардың бәрі жарақат алып қалды ма? Сондай-ақ Иван Маевский қосалқы құрамда отырды.

- Олардың жарақаты бар. Тіпті, қосалқы құрамда отырған Иван да өзін жайсыз сезініп отыр.

- Асхат Тағыберген бүгін жеңісті жұлып алды деп айтуға болады. Ол осындай ерлігімен негізгі құрамға жақындай түсті деп айтуға бола ма?

- Ол көптен бері ойнамады. Ең бірінші оған өз деңгейіне келу керек. Жаттығу кезінде барынша тырысып жүргеніне куәмін. Гол соғу оның негізгі жұмыстарының бірі. Менің әрбір ойыншым өз ісін жоғары деңгейде атқаруы тиіс.

- «Ордабасы» өткен маусымды үшінші орынмен аяқтады. Биыл бұл орынға кім лайықты деп ойлайсыз?

- Өзге командаларға баға бергенді ұнатпаймын. Маусым соңында бәрі белгілі болады.

- Маусым да біраз жеріне жетіп қалды. «Астананың» чемпион атануына не кедергі болады деп ойлайсыз?

- Өзімізге өзіміз кедергі болып қалуымыз мүмкін деп ойлаймын. Қысымға шыдай біліп, бәрін жоғары деңгейде өткеріп шығуымыз керек. Қиын екені белгілі. Бірақ бұл футбол. Осы орайда әйгілі голландиялық Йохан Кройфтың бір сөзі есіме түсіп отыр. Ол «Барселонаның» тізгінін ұстаған жылдары ойыншыларының ылғи да жеңіске деген құлшынысы жоғалмауын, қарсыластарын тізе бүктіріп тұруға ынталы болуын қалаған еді. Сондықтан менің де ойым осы. Сонымен қатар, ары-бері ұшақпен ұшып жүруіміз де жігіттерді шаршатуы мүмкін. Бірақ футбол болғаннан кейін бәріне шыдауымыз керек.

- «Селтикке» қарсы ойын алдындағы «Ақтөбемен» өтетін матчты кейінге қалдыру керек пе еді?

- Негізі бұл туралы да ойланғанбыз. Бірақ әрбір ойынды шегере берер болсақ, «Астанаға» да жақсы абырой әкелмейді. Сондай-ақ, матчты кейінге қалдыру қарсылас командаға да қиындық тудыруы мүмкін.

- Осыған дейін «Селтик» қазақстандық клубтарға қарсы өткізген ойындарда алғашқы матчты сырт алаңда өткізетін. Бұл жолы жағдай басқаша. «Астанаға» осы жайт оң әсерін береді деп ойлайсыз ба?

- Мен осыған дейін де бірнеше рет айтқанмын. Тағы да қайталайын. Маған бәрі-бір. Қанша дегенмен екі ойын өткіземіз. Бұл матчта «Селтикті» фаворит ретінде есептеймін. Жылда Еуропа аренасында өнер көрсетеді. Бірақ футболда ылғи да фавориттер жеңе бермейді. Алдымен «Ақтөбеге» қарсы ойынды өткізіп алайық, содан кейін шотландиялықтарды ойлайтын боламыз.

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»