• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Президент 08 Тамыз, 2017

Экономикалық даму көрсеткіштерінде өсу бар

155 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдады, деп хабарлады akorda.kz.

Кездесу барысында Мем­лекет басшысына биылғы 7 ай­дың қорытындысы бойын­ша Үкіметтің атқарған жұмысы жөнінде есеп берілді.

Қазақстан Президенті елі­міздің экономикалық даму көр­сеткіштері өсіп келе жат­қанын айтып, мемлекет­тік және салалық бағдарла­ма­лар­ды одан әрі іске асырудың ма­ңыз­дылығын атап өтті.

– Менің тапсырмам бойынша еліміздің бірнеше өңірін аралап шықтыңыз. Жалпы, тұрақты ахуал байқалуда. Алдымызда егін ору науқаны тұр. Оны тиісті деңгейде жүр­гізуіміз қажет, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевқа 7 айдың қорытындысы бойынша экономиканың даму барысы және бағдарламалардың аралық нәтижелері жөнінде мәлімделді.

– Экономикалық өсім 4,2%-ды құрап отыр. Өндіріс сала­сындағы көрсеткіштер мұнай өңдеу деңгейі төмендеген Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан басқа еліміздің барлық өңірінде 100 пайыздық мөлшерден асты. Біз қазіргі уақытта бұл өңірлерге жаңа резерв көздерін жұмылдыру мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Негізгі капиталға инвестиция тарту мәселесі жөнінде. Был­­тырғы осы кезеңмен са­лыс­тыр­ғанда 3,7% өсім байқа­луда.

Барлық өңірлерде көрсет­кіштер жақсы. Ин­фля­ция деңгейі биылғы маусым айы­мен салыстырғанда 0,1%-ға өсті. Азық-түлік бағасы 0,5%-ға төмендегенін атап өт­кім келеді. Жұмыссыздық дең­гейі 4,9%-ды құрап отыр, – деп баян­дады Б.Сағынтаев.

Сонымен қатар, Премьер-Министр индустрияландыру бағдарламасының іске асырылуы жөнінде есеп берді. Оның аясында биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бо­йынша 31 жоба іске қосылды. Б.Сағынтаевтың мәліметіне сәй­кес, екінші тоқсанда жаңа 10 мың жұмыс орнын қам­ти­тын 100 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

– Экономиканың өсуі­­не «Нұрлы жол» бағдар­ла­масының жүзеге асырылуы зор үлес қосып отыр. Биыл авто­мобиль жолдарының құры­лы­сына 356 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ, қазір 600 шақырым жол іске қо­сылды. Жыл соңына дейін 469 шақырым жол ақылы бол­мақ. Алғаш рет осындай жүйеге қосылған «Астана-Бу­рабай» тас жолы жылына 1,5 миллиард теңгеге дейін пайда әкеліп, оның құ­ры­лы­сына жұм­сал­ған қаражатты ақ­тап отыр. Қазір «Астана-Те­мір­тау» тас жолын осы жүйеге қосу жұ­мыстары жүргізілуде, – деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ, Б.Сағын­таев «Нұрлы жер» бағдар­ла­масы­ның орындалу нәти­желері туралы баяндады. Оның аясында биыл 10,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Пре­мьер-Министрдің мәлі­метіне сәйкес, бірінші жарты­жылдықтың қорытындысы бойынша 5,5 млн шаршы метрді қамтитын құрылыс жұ­мыстары аяқ­талған.

Мемлекет басшысына ауыл шаруашылығындағы бағ­дар­ламалардың іске асырылуы туралы есеп беріліп, ел эконо­микасын несиелендіру жө­нінде мәлімет ұсынылды.

Соңында Қазақстан Пре­зиденті Үкімет пен әкімдердің алдына қойылған міндеттерді орындауды жалғастыруды тапсырып, бұл ретте өсімнің оң қарқынын сақтаудың және бөлінген қаражатты игерудің маңыздылығына тоқталды.

– Үкімет қызу жұмыс жүр­гізіп отыр деп есептеймін. Мен жылды жақсы нәтижелермен қорытындылау үшін бәріңізді ұйымшылдықпен жұмыс істеуге шақырамын. Тәуекелді тұстар да жоқ емес. Энергия та­сы­малдаушыларымызға, ши­кізат өнімдеріне деген бағаның өзгерісі. Бәлкім, Ба­тыстың Ресейге қатысты санкциялары әсер етер. Осыны ескеру қажет, – деді Елбасы.

Сурет Президенттің баспасөз қызметінен алынды