• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Театр 08 Тамыз, 2017

Тәуелсіз театр керек пе?

390 рет
көрсетілді

Миллионнан астам тұрғынының саны тоқтау көрмей күн сайын артып, іргесі жылдан жылға кеңейіп, іріленіп келе жатқанымен Алматы секілді алып мегаполистегі халық мә­дениеті дәл сондай қарқынмен өсіп келе жатыр ма – ойландыратын сауал. Әдет­те урбанизация шеңгеліне мықтап ілік­кен шаһардың мәдениет деңгейінің көр­сеткіші, әрине, сағыз шайнамайтын, түкірмейтін, дауыс көтеріп, қат­ты сөйлемейтін, мүмкіндігінше тазалыққа мүдделі адамдарды мысал еткен тар ұғымнан басталып, театр, көрме, концерт, басқа да әртүрлі демалыс орындарымен байланыстыратын кең түсініктермен түйінделіп жатады. М.Әуезов атындағы академиялық театрдың күн сайынғы спектаклінен қалмай, екі жарым жыл бойы бақылап жүргенде байқағанымыз, көрермен қатарын зал толтыру мақсатында мәжбүрлеп әкелетін мектеп оқушылары, Т.Жүргенов академиясының тегін кіретін студенттері, сап түзеп келетін сарбаздар, курсанттар, журналистер, әредік қолтықтасып келетін қаланың қариялары, ұл-қызы жетектеп келетін ауылдың ақжаулықты апасы мен ақсақалы секілді таныс топтар түзеді.

Білуімізше, бұл тек қарашаңырақ театрға ғана емес, барлық қазақстандық театрларға қатысты жағдай. Негізі, айтпағымыз көрермен туралы да емес, мемлекет қарамағындағы қолдауы мол еліміздің бас театрындағы көрермен контингентінің көрсеткіші осындай болғанда, үлкен астаудағы асқа қол созбай-ақ, тақыр жерден өнер жаса­мақ болып талпынатын жеке­мен­шік театрлардың жағдайы қалай екен, жан-жақтан құйылып жат­қан қаза­қ- ­тарды жекеменшік театр­дың сахнасы қызықтыра ма деген сауалдың тілдің ұшына келіп тіреліп тұрғаны. Жекеменшік театрдың екінші атауы – тәуелсіз театр, тіпті тұсауы жаңа кесілген тәуелсіз театр іздемей тұрып, менмұндалаған мем­ле­кеттік театрлардың арасында қа­раң-құраң көрінген жекеменшік театрлар өзі бүгінде бар ма екен десеңізші? Жоқ! Осы уақытқа дейін балама өнер ре­тінде бір­де-бір аяғынан нық тұрған мем­ле­кеттің қолынан жем жемейтін, қазақ тіліндегі жекеменшік театрдың іргесі қа­ланбаса, бұл ненің көрсеткіші?

 Дәл қазір театрсүйер қауым үшін Қазақстанда 64 театр жұмыс істеп тұр, соның төрттен бірі Алматы қала­сын­да орналасқан. Алматыда – 16, Шым­кентте – 8, Астанада – 6 театр бар. Мемлекетке 80 пайыз театр, яғни 51 театр тиесілі. 2016 жылы республика театрларының сахнасында 13,7 мың спектакль қойылған. Оны 2,34 миллион көрермен тамашалаған. Еліміздегі театрлардың репертуарын 3,5 мың қойылым құрайды, оның 401-і жаңа спектакльдің премьерасы. Өткен жылдың ақпан айымен салыстырғанда, биылғы жылдың ақпанында барлық театрдағы билет бағасы 5,4 пайызға қымбаттаған. Алматы театрларындағы билет бағасы 600 теңге мен 2030 теңге аралығында. Қысқаша қайыр­ған­да, биылғы жылдың алғашқы жарты­жыл­дығында шығарылған театр статис­тикасы осылай сөйлейді. Көріп отыр­ғанымыздай, бұлардың ішінде же­кеменшік театр туралы мәлімет те, ақпарат та атымен жоқ.

Жеке ғимараты, дербес залы бол­маған соң жертөледе құрылып, әр жерді паналап, жағалап жүретін жекеменшік театрлар жалпы өнерге өзін өте керексіз сезінетін сияқты. Өзі азып-тозып, арып-ашып жүріп бұлар өнерге не бере алады? Міне, осындай сауал туындай қалғанда, оны құптайтындар да, мүлде қабылдай алмайтындар да табылып, пікір әдеттегідей қақ жарылады. Елуге жуық тәуелсіз театрдың басын қосып «Мемлекеттік емес театрлар қауым­дастығын» құрып отырған Санкт-Петербургтің театрлары, негізінен, мемлекеттік емес, жекеменшік әрі шағын болып келетін Еуропа мәдени кеңістігінің әралуандығын есепке алсақ, сахнаның мұндай пішінін мүлде жоққа шығару қарадүрсін ойдан туған, күлкі шақыратын өте жабайы, жадағай пікір болар еді. Жекеменшік театр керек. Сөзсіз. Бұл жердегі әңгіме «Шаншар», «Нысана», «Өнер қырандары» секілді әзіл-сықақ театрлары мен «Сезам», «Зазеркалье» секілді балабақшалар мен мерекелік кештерді атқаратын қуыр­шақ театрлары туралы емес, А.Чехов айтқан «рухы, тәні, жаны бар» драма театрлары туралы қозғалып отырғандықтан, Алматының мәдени алаңын тегіс адақтап шықтық.

Қазақша андеграунд театр іздеп, аспандағы қол жетпес әлденені армандағандай болғанымыз тіпті де ұят болған екен, бизнесмен Жанна Омарованың Бәйтен Омаровтай белгілі әкесінің құрметі үшін ашқан «Жас сахна», «Арт и шок», «Зеркало» секілді бірталай жылдан бері мемлекеттің қолдауынсыз жұмыс істеп келе жатқан жаны сірі бірді-екілі орыс тілді театрлардан өзге көзімізге жеке театр түсе қоймады. Тіпті танылып қалған кешегі «Тазабеков театрының» да кілең дарынның бағын ашатын дүркіреген театрға емес, уақыт өте келе көп сауда үйінің біріне айналғанын көріп ішіміз ашиды.

Ең алдымен, жекеменшік театр – ешқандай ережесі жоқ, еркін ой ала­ңы. Режиссерлер мен актер­лер­дің із­­денісіндегі жаңашыл бағыт, кей­іп­­кердің ішкі әлеміне еніп, образ­дың психологиялық көңіл күйді ал­дың­­ғы планға шығаруды мақсат тұ­та­тыны қолдауға тұрарлық. Бірақ шығар­ма­шы­лықпен бірге театрды ұстап тұру үшін қай жерден қалай қаржы табуды ғана ойлауға мәжбүр болатын қазақ­стандық андеграундтарға жеке театр ашу тым қолайсыз болып тұрғаны анық. Мәртебелік жағынан мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болып саналатын театрларда «өнім» шығарып жүрген өздеріндей актерлердің бұларға кәсіби өнер өкілі ретінде қарамайтындары, бұ­­лармен мемлекеттік мәдениет меке­ме­лерінің санаспайтындары да жүй­кеге қосымша салмақ. Олардың үкімет көмектеспесе де, ең құрығанда кедергі жасамаса екен деген тілегі бәріне ортақ қиындық – ақша, ғимарат, тұрақты актерлік құрамның азабы мен қорлығын әбден тартқан соң амалсыз жабылып тынатыны рас екен. Жеке залы, тұрақты қаржы көзі болмағандықтан ашқан театрлары екі-үш маусымды атқармай жатып амалсыз жұмысын тоқтатады.

Мемлекеттік театр мен жекеменшік театр тақырыбы, идеясы, режиссерлік ізденіс, актерлік ойын жағынан бір-бірімен салыстыруға келмейтін екі басқа әлем болса да, қоғам, онда өмір сүріп отырған адамдар талғамына сәйкес балама таңдау ретінде міндетті түрде өмір сүруі тиіс өнер ошағы болуы керек еді. Із­де­ніс іздері бар, сахна өнеріндегі ла­бо­раториялық жұмыстар театрдың әрі қарай тіршілік етуі үшін тиімсіз бол­ғанымен, адамның рухани өсуі үшін пайдасы тілмен айтып жеткізгісіз: сах­надан ол өзін көреді, өзінің ішіне қорықпай үңіле алады, тәуелсіз сахна кейіпкер мен оқиғаның жақсы-жаман қырын жалаңаштап көрсетуге әлде­қайда қауқарлы, ең бастысы, мұн­дай сахна тынысын сезген адамның өзі бұдан былай осы қалпынан гөрі жақсырақ болуға ұмтылады. Ал мұның несі жаман? Әлде мемлекеттік театрды ұстап тұрудың өзі машақаты көп мәселе болып тұрғанда, әр қойылымын асқан тәуекелмен ұсынатын жекеменшік сахнаны сағыну бүйректен сирақ шығару болып табыла ма?

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ