• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Әлем 09 Тамыз, 2017

Санкциялардың астарында не жатыр?

241 рет
көрсетілді

АҚШ президенті Дональд Трамп өткен сәрсенбіде Ресейге қарсы жаңа санкцияларды көздейтін заңға қол қойды. Ресми түрде ол заң «АҚШ-тың жауларына санкциялар арқылы жауап» деп аталады және көршімізден бөлек Иран мен Корей Халық Демократиялық Республикасына қарсы экономикалық, саяси және дипломатиялық санкцияларды енгізуді қарастырады. Трамптың әкімшілігі Ақ үйдің ресми сайтында заңға қатысты «АҚШ конституциясына қайшы әрі президенттің билігін шектеуге бағытталған заң», бірақ «ел бірлігін сақтау үшін» президент Трамп оған қол қойды», – деген мәлімдеме жасады. Ал Bloomberg басылымы секілді бұқаралық ақпарат құралдары болса, бұл мәлімдемені Трамптың Ресеймен жақындасуына қарсы қадам ретінде бағалауда. Бұл заңның шынайы себебін түсіну үшін Конгресс пен Ақ үйдің саяси жүйедегі арасалмағына назар аударған жөн.

Біріншіден, Конгресс пен Ақ үйдің АҚШ-тың сыртқы сая­са­тын анықтауда өзара бақталас­тығы бар және бұл бәріне мәлім. Аталған заң аясындағы тартыс­тар осының айқын көрінісі. Ел конституциясының 2-бабы ат­қарушы билікке сыртқы сая­сат­ты анықтауға және жүзеге асы­руға кепілдік береді. Алайда, сол саясаттағы жобаларға қажет­ті қаржылық шығындарды бекіту құқығы Конгрестің енші­сін­де. Ресми түрде АҚШ-тың мемле­кеттік хатшысы елдің сыртқы саясатын жүргізгенімен, сыртқы саяси бағыт пен стратегияны айқындауда Ақ үй мен Пентагон­ның саяси салмағы басым. Оған Ауғанстан мен Ирактағы соғыс кезінде АҚШ азаматтары куә болды. Сарапшылардың пікірінше, АҚШ президентіне сөзі жүрген әрі елдің сыртқы саясатында өзіндік қолтаңбасын қалдырған соңғы мемлекеттік хатшы – Генри Киссинджер. Одан кейін бірде-бір мемлекеттік хатшы әлі күнге дейін өз алдына тәуелсіз сыртқы саясат жүргізген емес. Ал Конгресс болса аталған заңды қабылдау арқылы өзінің сыртқы саясаттағы мүмкіндіктерін кеңейтуді ойлайды. 

Екіншіден, Конгрестің заңды екі палатада да көпшілік дауыс­пен қабылдауы президент Трамп­қа саяси қысым көрсету тетігіне ұмтылысын көрсетеді. Заң­ды Қауымдар палатасында 419-3, Сенатта 98-2 дауыс­пен қабылдау арқылы Конгресс Трамп­ты вето құқығын қолдану мүм­кіндігінен алдын ала айырып тастады. Конституция бойынша президенттің ветосына қарсы парламенттік вето қабылдау үшін Конгрестің қос палатасында заң шығарушылардың үштен екісі Ақ үй иесінің шешіміне қарсы екендіктерін білдіруі қажет. Оның үстіне, қазіргі сая­си жағдай The Hill жаңалық порталы атап өткендей, онсыз да Ресей үкіметімен ауыз жаласқан деген айыпты бастан кешіп жатқан Трамп әкімшілігі үшін Ресейге қарсы «жұмсақтық» танытуға мүмкіндік бермейді. Одан бөлек, бұл заң АҚШ халқы алдында Конгресс президенттің қалауларына қарсы тұруға шарасыз деген көзқарасты жоққа шығаруға мүмкіндік. Сонымен қатар аталған заң – Конгресті толықтай өз бақылауында ұстап отырған республикашыл партия үшін америкалық сайлаушылар алдында өздерін президент Трамптан ерекшелеп көрсетудің жолы. Жақында ғана Конгрестегі басымдықтарына қарамай, Обамакэйр бағдар­ла­масының күшін жоя алмаған республикашылар үшін тамыз­дағы үзіліске кеткенше қалай да қоғамды селт еткізетін заң қа­былдау қажет болды. Ал салық реформасының, инфрақұры­лымды дамыту бойынша немесе жаңа денсаулық сақтау заңының осы шақырылымда қабылдануы екіталай. 

Үшіншіден, Америкадағы сайлаушылар сыртқы саясатқа қарағанда, ішкі саясатқа көп мән береді. Оларға Иран мен Солтүстік Кореяға қарсы санкция­лардан гөрі өз елінде не болып жатқаны әлдеқайда маңыздырақ. Осы себепті, Конгресс мүшелері ішкі мәселелерге байланысты мәлімдеме жасауда ақырын қадам басып, сыртқы саясат бойынша пікір айтуда еркінсиді. Жергілікті тұрғындарға Пхеньянға қарсы әрекеттен гөрі, жұмыссыздық пен салық мәселесі өзектірек. Ендеше, неге бүкіл әлем жұрт­ш­ы­лығы талқылап жатқан және тікелей жауапкершілікті жүкте­мей­тін заңды қолдамасқа? 

Төртіншіден, сыртқы жау­ларға қатысты айбат шегу, әсі­ре­се, «ежелгі атажау» саналатын Ресейге қарсы мәлімдемелер жа­сау, Конгрестегі қос партия үшін БАҚ-тың назарына ілігіп, жергілікті электорат алдында саяси ұпай жинаудың дәстүрлі жолы. Оған соңғы онжылдықта үш қайнаса сорпасы қосылмай келе жатқан демократтар мен республикашылардың аталған заңды бірауыздан қабылдауы дәлел. Сонымен қатар, соңғы уақытта Ресейден бөлек, Иран мен Солтүстік Кореяға қатысты қатаң саясаттың қажеттілігін айту арқылы сыртқы саяси мәселелер бойынша ашық пікір білдіру – АҚШ-тың президенті болуға дәмелі болашақ президенттік кандидаттар үшін өз имиджін қалыптастырып, позицияларын күшейту үшін зор мүмкіндік. Трамптың Ресейге қатысты «жұмсақтығына» өзінің «қатаң» саяси көзқарасын қатар қою арқы­лы америкалық саясаткерлер келесі сайлауға дейін сайлау­шылардың көз алдында сыртқы саясат бойынша өз позициясын қалыптастыруға тырысады. 

Осыдан мынадай сұрақтар туындайды. Трампқа қысым көрсететін заңдар жалғасын таба ма? Конгрестегі республикашылар президент Трамптан теріс айналып жатыр ма? 2018 жылы сайлауда Трамптың қолдаушылары басым сайлау учаскелерінде бақ сынайтын Конгресс мүшелерінің жағдайы не болмақ? 

Бұл сұрақтардың жауабы бұрынғы Федералды тергеу бю­ро­сының директоры Ро­берт Мюллердің 2016 жылғы Трамп кампаниясына қатыс­ты тексерісіне және америкалық­тардың Трампты қолдауына тікелей байланысты.

Шалқар НҰРСЕЙІТ, сарапшы