Жүрдек пойыз елордаға әп-сәтте жеткізді. Қосымша тіркелген вагондар кірсе, шыққысыз. Көрмеге жетудің барлық жағдайы қарастырылған. Астана бұрынғыдан да ажарлана түскен. Бір күн бойы аяғымыз талғанша павильондарды аралап, өмір бойы ұмытылмайтындай әсерге бөлендік. Мені шетелден келген азаматтардың, туристердің, қазақстандық жастардың көптігі таңғалдырды. Бір рет тамашалау арқылы ғана жаңашыл инновациялық мүмкіндіктердің шексіздігіне көз жеткіздім.
Тағы бір айта кететін жайт, ұйымдастыру жұмыстарының өте жоғары деңгейде екендігі. Әсіресе, қауіпсіздік қызметіне жоғары баға берер едім. Көрмеге келушілердің бірі балалардың қоларбасын жоғалтып алды. Атшаптырым павильон ішінен лезде тауып берді. Санитарлық тораптар тазалығы да талапқа сай. Түрлі ұлттық мейрамханалар жұмыс істеп тұр. Бір сөзбен айтқанда, көрме аясындағы қызмет көрсету сапасында мін жоқ. Осындай айтулы шараның елімізде абыроймен өтіп жатқаны кеудеге мақтаныш сезімін ұялатады. Халықаралық көрмеден балаларымның алған әсері шексіз.
Айгүл МИРХАМИДОВА, кірістер бөлімінің бас маманы
Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов ауданы