Осылай айналамыздағы адамдарды менсінбей жүргенде, можантопай жігіттер кейін тура кинодағыдай керемет азаматқа айналады. Қарапайым қара қыздан есті әйел шығады. Есі бар балалар туады.
Айтқандай, осыдан біраз жыл бұрын досымның інісін түлен түртіп, жап-жақсы келіншегінен жеріп шықты. Жігіттің үйіндегілер келінді жақтаса да, інішек кері кетіп, ақыры ажырасып тынды. Жағдай белгілі. Бірнеше жыл сыбай-салтаң жүрді. Жалғыздықтан жалыққан болу керек. Күндердің күнінде қайта үйленетін болды.
Әлгі азамат жаңа әйелін үйіне жетектеп келгенде, үй ішіндегілер түгелімен шалқасынан түсе жаздаған ғой. Босағаны аттап тұрған адам кеткен келіншегінен бір түйір айнымайды. Сол – түр, сол – шаш, сол – шатақтау мінез. Бұрынғы әйеліне соншалықты ұқсас, егіздің сыңарындай адамды күндіз қолыңа шам алып қана іздеу керек шығар?! Бұл әйелімен де кейін сол ырың-жырың басталды. Ана әйелде де бала кетті, мына келіншегінен де бала бар. Әпкесі сонда інісіне не керек екенін түсінбей, әңгіме қозғап отыратын.
– Сонда не болды? Өзіне осындай әйелдер ұнайтын шығар? – деп иықты қиқаң еткізіп, күліп қойсам да, бұл жігіт кімді іздеп жүр деген сұрақ көкейде қалды.Әрине, бұл баяғыда болған оқиға. Арада ондаған жылдар өтті. Әйелден бағы жанбаған ол жігіт кейінгі келіншегінен де кетті. Басқадан бағы ашылды ма, ашылмады ма, ол жағы беймағлұм. Шаңырағын шайқалтып, ажырасып кеткен адамдардың кейін басқа некеде бақытты болып кетуі де некен-саяқ.
Адамдар да қызық. Кейде бақытын іздеп жүріп, сол бақытты басынан өзі теуіп түсіргенін де білмей қалады. Жұмақты басқа біреудің құшағынан іздеп жүргенде, бүкіл берекесі ажырасқан адамымен бірге кетеді. Кейде даңқ пен ақшаға қатар бөленген жігіттер дандайсып, адал жарынан жеріп, ақ төсегінен аттап, басқаға бұрылғанда бүкіл абырой, бедел, байлығы қоса құрдымға кетеді. Жақсы әйелдің киесі болатынын бұрын да жазғанбыз. Кейде керісінше жолы болмайтын жігіттерге жақсы жар кезігіп жатады.
Қазір қарап отырсақ, айналамызда сұлу, дәулетті, жоғары білімді, бірақ отырып қалған қыздар неге бұрынғыдан да көп. Бұларда түр де, ақыл да бар. Тіпті кейбіреулерінен соңынан жігіт қалмайды деуге болады. Алайда жалғыз... Неге іздегенін таппайды? Керісінше, кейде отбасылы бір азаматтарға қыз-қырқын өте үйір. Бойдақ жүрген бос адамды көрмейді. Есіл-дерті сол. Ал енді әп-әдемі келіншегі бар адамдар да жарының көзіне шөп салады. Осынша күнәға батыратын қандай күш?
Енді біреулердің отбасындағы ынтымақ, сүйіспеншілік жылдар бойы сақталады. Келесілер өліп-талып қосылып, неге бір бірінен жылдам жериді? Сол сияқты біреулер тез қартаяды, енді біреулер жамбасы қара жерге тигенше сынын да, сырын да бермейді. Осы сұрақтың бәрі бізді ойлантпай қоймайды. Әдебиеттерден ақыл іздеп, психологтардың кеңесіне құлақ түрсек, бұл сұрақтардың жауабы оп-оңай әрі өте күрделі. Айналаңдағы адамдардың отбасылық өміріне, сыйластығына зер салсаң, осының бәрі шындық екеніне көзің жете түседі. Психикалық, яки адамның түйсігіндегі түйткілдермен айналысатын әлемдік ғалымдар, барлық мәселе көзге көрінбейтін бір күш-қуатта дейді. Осыған дейін де сан ғасырлар бойы оқымыстылар бірінші сана пайда болды ма, әлде материя пайда болған ба деп айтысып келді ғой. Енді ғалымдар бірінші энергия пайда болған дегенді айтып жүр. Біздің ата-бабамыздың тілімен айтқанда, мұның бәрі адамның пиғылы мен ниеті секілді. Энергия деген осы емес пе?
Демек әлемді билейтін энергия, адамды билейтін – әйелдің бойындағы күш-қуат. Яғни, күйеуді ұстап тұратын ол әйелдің бойындағы адамгершілік пен мейірім, жанашырлық қой онда. Немесе керісінше, ер-азаматтың бойындағы үлкен кісілік пен жары мен балаларына деген қамқорлық, жауапкершілік – отбасылық тұғыр. Мұндай жігітке жолыққан қыздың арманы – біреу ғана – шаңырағының амандығы. Демек әңгіме енді келіп, әйел адамның өзінде болатын күш-қуатқа барып тіреледі. Шын мәнінде табиғат әйелдерге жасырын өте үлкен күш берген. Парапсихология, эзотерикамен айналысатын адамдар да әйелдердің осы Құдай берген күш-қуатқа ие болуға ұмтылуды ұмыта бастағанын айтады. Біздің ата-бабаларымыз әйелдің де, еркектің де орнын көрсетіп кеткен жоқ па. Әйелдің ақылы мен айласын, сұлулығы мен мекерлігін аз айтпаған. Ер-азаматтарға қарағанда, әйелдердің қулық-сұмдығы да, болмысы да бөлек. Кейбір өркениеттер мен ұлттардың жүріп өткен жолына қарасақ, анадан қызына, одан кейін қызының қызына беріліп жататын тәрбие мен көрегендік көп. Бірақ соның бәрі адамгершілікпен, имандылықпен суарылғанда ғана баянды.
Қалай десек те, табиғаттың бүкіл құдіретті қасиетін, парасатын, қылығын теңестірген әйел ғана азаматының айналасында махаббат, береке, байлық орната алмақ. Ер-азаматтың қол созған арман-мақсаттарына жетуге өзінің күш-қуатын қоса алады. Меніңше, мұндай адамның қасында жоғалғаның табылғандай болады, жаның жай табады. Бұл екі адамға да қатысты.
Бір бойында ақыл-парасаты, мейірімі, қылығы мен таза ниеті бар адамды тапқан кезде ғана бақытты боласың. Бұл үлкен күш-қуат. Өмірдің қарапайым ғана мысалын алайықшы. Неге қыз-қырқын біткен өте үлкен дарынға, даңққа ие адамдарға өліп-өшіп ғашық болады? Жұртқа байлығын бөліп бермесе де, бұл адамдардың бойындағы басқаларды арбаған не сиқыр? Әрине, бұл біз айтып отырған жоғарыдағы күш-қуат. Басқаларда жоқ алапат энергия.
Бір түн үшін бәрін тәрк ететін адамдарды енді түсініп көріңіз... Түйсіксіз түрде осыны іздеген адам өзіне керегін тапқан кезде барлығын ұмытары сөзсіз. Адамдардың ақылы жетпейтін жер де осы. Ақылдың жетегіне көнбей, айрандай ұйып отырған отбасын тастап, бала-шағаның үстінен аттап, ажырасты дейтіндердің санын көбейтетін де осы жағдай. Қылықсызға құлықтың болмайтыны да осындайдан. Әйтпесе, әп-әдемі, жап-жас бойжеткеннің бағы неге ашылмайды. Жалғыздық, ешкімге керексіздік қайдан туындайды?
Қысқасы, әйелдің бойындағы біз айтып отырған күш-қуаттың түбіне ашушаңдық, ұрыс-керіс, күйбең тіршілік жетеді. Ерке қылық, парасат пен мейірімнен отызыңда айырылып, қырық жасыңда қиралаңдасаң, онда отағасы өзіне жетпейтінді өзгеден іздей бастағанына шүбә жоқ. Қалай пәлсафа соқсаң да жігеріңді еселейтін, өмірлік армандарыңды бірге алға апарысатын адамға жолыққанда ғана іздегеніңді тапқаның. Ал ерекше әйелге жолыққан, жанасқан адам сол кезден бастап кетеуі кеткен тірлігі оңғарылып, мың сан мәселесінің шешімі табылып, күрмеуі тарқатылғандай күйге түсетіні сөзсіз. Егер ол адамды өмірдің бұла бастауында ешкімнің көз жасына қалмай, обалын арқаламай, отбасын шайқалтпай тапсаңыз, бұл – тағдырдың ғанибеті.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ