Ұзын көйлек демекші, етек қанша қысқарып, ұзарса да, той көйлегі міндетті түрде ұзын қалпын сақтап қалды. Әсіресе, біздің қыздарымыз халықтың қақ ортасындағы ханшайым секілді, ұзатылу, үйлену тойларында көйлегінің ұзын болғанын қалайды. Биылғы тамыз айларындағы той көйлектерінің тренд – шабдалы түстісі. Ерекше аппақ көйлектер де сән сахнасынан кете қойған жоқ. Тек біз айтқан екі түрлі көйлекке де металл әсерлі көйлектер қалыңдықты сәнді етіп көрсетеді.
Ал үйлену тойының негізгі ханшайымынан бөлек, меймандарға айтар болсақ, әдемі ұзын көйлек киюден бас тартпаңыз. Қызмет бабында көлбеңдеп жүруге мүмкіндік жоқ шығар. Суға шомылғанда, тауға шығып, көлік жүргізгенде ұзын көйлек киіп жүрген қолайсыз деп есептейтін болсаңыз, онда тойға міндетті түрде ұзын көйлек кигейсіз. Көйлек киген әйелдің жүріс-тұрысы да өзгеріп шыға келеді. Көйлек – кеңістіктегі ғажайып үйлесім. Биылғы маусымда тобылғы күрең, шымқай қызыл, көк, көк-жасыл, алтын түсті көйлектер сәнде екенін ескерте кетейік.
Той макияжы
Басқа мерекелерге қарағанда, қалыңдыққа жасалатын той макияжы нәзіктеу әрі күрделі болып келеді. Тойдың басты кейіпкері визажиспен ақылдасып, алдын ала сынақ макияжын жасатуы тиіс. Сынама макияж жасау барысында бояндырушы қалыңдықтың көйлегі мен ақжелегіне мән беруі тиіс. Соған лайық шаш үлгісі жасалып шығады. Негізінен визажист пен стилистің ақылдаса отырып қалыңдықтың келбетін жасап шыққаны дұрыс. Екі маман да қалыңдықтың жан түкпіріне, мінез-құлқына мән беруі керек. Мәселен, ұзын той көйлегі мен кеде киюге болатын тренд пайда болды. Қалыңдық қазақы әрі ұяң болса, бұл үлгіге бара бермейтіні анық. Оның үстіне стиль дегеніміз батылдықты талап етеді. Мәселен, қазір әйелдердің шалбар киіп жүруі қалыпты жағдай. Ал ең бірінші шалбар киіп шыққан қыздың қандай батыл болғанын елестете аласыз ба?
Той макияжын жасаушы тек бет-әлпетіңізді ғана әрлемейді. Егер көкірек тұсы ашық көйлек киетін болсаңыз, алқымыңызды да бояуы тиіс. Қол, құлақ. Тіпті, арқасы ашық көйлек кисеңіз арқаңызды да бояуы қажет болады. Сондықтан макияж ішіндегі ең жауапты һәм күрделісі осы той макияжы болып саналады.
Макияждардың да түр-түрі сәнге еніп жатады. Биылғы тренд – күтім көрген бет әлпет деп аталады. Яғни, мұндай макияж сіз күнде косметологқа барып жүргендей әсер қалдыруы тиіс. Ол үшін визажист арнайы хайлайтер пайдаланады. Той макияжын жасағанда ашық түстерді емес, жұмсақ реңктерді қолданады. Жасыл және көк түсті той макияжына жақындай көрмеңіз. Бұл түстердің сіздің көйлегіңізді арзанқол етіп, өзіңізді аңғал етіп көрсетуге құдіреті жетіп жатыр.
Жабық көйлек киетін қалыңдық шашын жоғары жинағаны жөн, ал арты ашық киінгендер сақиналы бұйралар жасауына болады. Той макияжында арнайы контур жасалмайды. Оның орнына стробинг сәнге кірді. Стробинг деген не? Бояуды сіңіре жағып, бетті жарқыратуды стробинг деп атаймыз. Көбіне Голливуд жұлдыздары стробинг пайдаланады.
Сән әлеміне саяхат жасаған Айнұр ТӨЛЕУ