Бәйкен Әшімұлы – зұлматты Отан соғысының қан майданында ел алдындағы борышын орындап, ауыр жарақаттануына қарамастан соғыстың соңына дейін әскер сапында болған қаһарман жауынгер, соғыстан кейінгі ел өмірін қалпына келтіруге, тың даланы игеруге белсенді қатысқан майталман-еңбеккер. Ерекше қабілеті мен білімінің, таудай талабы мен табандылығының, таусылмас қажыр-қайратының арқасында өмірлік еңбек жолында кеңестік Қазақстанның қарқынды индустриялық дамуына – маңызды өнеркәсіптік нысандардың іске қосылуына, ауыл шаруашылығының өркендеуіне зор үлесін қосқан, үздік ұйымдастырушы тұлға. Сол кезеңде республикамыз өнеркәсібінің көлемі жағынан Одақ бойынша озықтар қатарында болып, үшінші орынды иеленгені – Бәйкен Әшімұлының орасан іргелі еңбегінің жемісі мен жеңісі екендігі сөзсіз. Социалистік Еңбек Ері атағымен марапатталуы – елге сіңірген ерен еңбегінің лайықты бағалануы.
Мен Бәйкен Әшімұлымен еліміздің Денсаулық сақтау министрі болған кезімде таныс болдым, көп жылдар бойы ел игілігі жолында оның қол астында, ынтымақтастықта еңбек еттім. Осы нәтижелі еңбекке толы жалынды жылдар қойнауында Бәйкен Әшімұлы секілді ерен, білікті басқарушылығымен қатар, адамгершілік қасиеттері мол, бейнесі ізгіліктен тұратын жанмен кездесіп, бірлесе еңбек еткенім үшін тағдырыма ырзашылығым мол. Бойында биік мәдениет, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет молынан қалыптасқан, байсалды мінезді, үлкен істерді артық дабырасыз, қарапайымдылықпен атқаратын әзіз азаматпен жауапты қызмет пен ұлағатты істер барысындағы қоян-қолтық қарым-қатынасымыз кейіннен жақын, адами сыйластыққа ұласқан еді.
Менің өмірімнің қиыншылықты сәтінде, қудалауға ұшырап, министрліктен, тіпті, елден жырақ кетуге мәжбүр болып, Мәскеуде үш жылдай тұрған кезімде Мәскеудегі Одақтық Жоғарғы Кеңесте республикалардың бір айлық кезегін атқарып жүрген Бәйкен Әшімұлының арнайы шақыруымен қабылдауында болған едім. Кейіннен Алматыға барғанда «Мәскеуде жақсы бағалауда» деп өзінің пікірін айтып, жергілікті биліктің райынан қайтуына себепші болды, бұл жайында маған хабарлап: «енді елге оралуыңа болады» деп асқан жанашырлық танытқан еді. Қонақжайлықпен Кремльде дастарқан жайып, қарсы алғаны есімнен кетпейді. Осылайша, Бәйкен Әшімұлының арқасында он бір жыл бойы республикамыздың Денсаулық сақтау министрі болған шағымда бұйырмаған Одақтық биліктің төрі – Кремльден дәм татқаным бар.
Алматыда қонақтарда болған кезімізде төрде отыратын Бәйкен Әшімұлы мені және балалар хирургі Камал Ормантаевты қасына шақырып алып, сол кездері қалыптасқан дәстүрге сай қолымызға жеңіл сусын ұстатып, «алып қойыңдар» деп әзіл-шынын араластырып, бізді басқалардың ішінде бір төбедей көріп, ерекше еркелетіп жүретін. Жалпы, Бәйкен Әшімұлының өмірі мен қызметі сол уақыттың өзінде әріптестері, ізбасарлары үшін үлкен басқару, ұйымдастыру, шеберлік мектебі болатын. Қазір де онымен бірге еңбек еткен еңбек ардагерлері бас қосқанда барлығы бірауыздан Бәйкен Әшімұлының үкімет, облыстық басшылық мәжілістерін өткізудегі ерекше стилін, әділдігін, мектептерді, ауруханаларды, өнеркәсіп цехтарын өзі көзімен көріп, аралауды ұнататындығын және ерекше байқағыштығын, оған жалған айта алмайтындарын ерекше тебіреніспен, ықыласпен еске алады.
Бәйкен Әшімұлы Кеңестік Қазақстан секілді алып елдегі биік лауазым иесі болғанына қарамастан, халқымыздың «Ұлық болсаң, кішік бол» деген дана сөзіне аса лайық, әрдайым жылы жүзді, әдепті, рухани дүниесі бай адам болды. Оның жоғары мәдениеттің иесі екендігін ең ауыр сөзі: «Сіз байыпсыз адамсыз» деп айтумен шектелуінен аңғаруға болатын. Мен, әсіресе, қазіргі мемлекеттік басқарушылық қызметтегі кейбір адамдардың түрлі тосын мінезі мен айқай-шулы басқару әдісін көргенде, үнемі Бәйкен Әшімұлын құрметпен және қимастықпен еске аламын. Оған тән тағы бір қасиет – уақыттың минутына дейін қастерлеп, дәлдік қасиетпен жүріп-тұратындығы еді. Жұмыс бабындағы қатаң этикетті сақтауы өз алдына, қонаққа барғанның өзінде тура уақытпен, дәл минутында келетін. Ол кісі баратын жерде уақытынан бұрын барып отыратынбыз. Ал қазіргі кезде көбінесе, басшы азаматтар қонаққа келетін болса, асып-саспай, «қызмет бабымен кешіктік» деген желеумен, өзге жұртты біршама уақыт сарғайтып күттіріп барып келетіндігі – бүгінгі күннің жағымсыз көріністерінің бірі.
Мемлекеттік жұмыс бабында тоғысқан өміріміздің арналары кейінгі кезеңде де ажырамады. Бәйкен Әшімұлы зейнетке шыққан уақытында да жиі кездесіп тұрдық. Зейнет жасында да еңсесін биік, бойын тік ұстайтын, байыпты, әсерлі сөзімен әртүрлі кездесулерде сөз сөйлегенде жас дарындардан озық шығатын. Отбасыларымыздың арасында жақын туысқандай қарым-қатынас орнаған еді. Жұбайы Бақыт Әсетқызымен екеуінің жарасымды, қатар отырғаны, жастарына қарамастан, бір-біріне деген ыстық ықыластарын сақтауы жан сүйсінерлік көрініс болатын. Бақыт Әсетқызы ауыр науқасқа шалдыққан кезінде ұдайы халін білуге барып тұрдым. Бәйкен Әшімұлы үлгілі отбасын құрып, алпыс жылдан астам уақыт отасқан, саналы ұрпағына өмір сыйлаған жан жарының соңынан көп ұзамай, жиырма күндей уақыт өткенде дүниеден озғандығы – екеуінің тәңір қосқан жұп екендігінің куәсі еді. Жақсы адам өмірден өткенде, кең дүние ортайғандай болып көрінеді, жан дүнием аза тұтып, жақын ағамнан айрылғандай күйде болдым. Ұрпағына, үрім-бұтағына әкелері-аталары секілді ұзақ, берекелі, өнегелі ғұмыр кешуін тілеумен көңілімді демеген едім. 2014 жылдың соңында Елбасының ынтасымен Алматы қаласындағы Жандосов және Розыбақиев көшелерінің қиылысында жаңа мешіт салынып, оған «Бәйкен» есімінің берілуі – зор мәртебелі, ел құптаған іс болды. Бұл – Бәйкен Әшімұлының барша халқымыздың перзенті болғандығының, сонымен қатар, адал абыройы мен кіршіксіз рухани дүниесінің дәлелі екендігі анық.
Бәйкен Әшімұлы сынды еліміздің іргесін нығайтып, бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізін салуға бар саналы ғұмырын арнаған жарқын тұлғалардың өмірі мен қызметі – халқымыздың мәңгі есінде қалады деген сенімдемін.
Төрегелді ШАРМАНОВ