• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Тамыз, 2017

Жаңғыру негізі – бірлік пен тұтастық

342 рет
көрсетілді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген мәселелер қоғамды рухани дамуға бастайтын маңызды қадам болып табылады. Елбасы өз мақаласында елді жаңа жетістіктер мен биіктерге жетелейтін жүйелі шараларды ұсынып, басты құндылық ретінде елдің бірлігін сақтауымыз керектігін ерекше атап өтті. 

Мақалада бәсекеге қабi­лет­тiлiк, прагматизм, ұлттық бiре­гей­лiктi сақтау, бiлiмнiң салта­нат құруы, Қазақстанның эволю­циялық дамуы, сананың ашық­тығы секілді мәселелерге баса назар аударылған. Бүгінде бұл мәселелердің барлығы Қазақстан халқы Ассамблеясының «жол картасына» айналып отыр. Сананың жаңғыруы қоғамның қазіргі жаһандық сұраныстарына жауап бере отырып, ғылым мен техниканың, саясат пен эко­номиканың, әлеуметтік өмірдің ең озық үлгілерін қабылдап, жү­зеге асырумен қатар, ұлттың ұйы­суына, ортақ жетістіктерге жетуі­не ықпал етеді. 

«Қазіргі күні елімізде саяси реформа мен экономикалық жаң­ғыру үдерісі қатар жүргі­зілуде. Бұл процестердің негізі – Қазақстанды әлемдегі ең дамы­ған 30 елдің қатарына қосу. Атал­ған реформалар ойдағыдай іске асу үшін ең алдымен руха­ни жаңғыруды іске асыру қа­жет. Біз әлемдік технологияны, жаңалықтарды қабылдай оты­рып, өз ұлтымыздың тарихи тәжірибесі мен дәстүрлерін сақ­тау арқылы дамуымыз керек. Біз озық елдермен иық теңестіруіміз үшін бәсекеге қабілетті болуы­мыз керек» – деді Елбасы өз мақаласында. 

Бүгінде  Мемлекет басшысы ұсынған жобалар халық арасында қызу қолдауға ие болып отыр. Мәселен, «Туған жер», «Қазақстанның киелi жерлерiнiң географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есiм» және т.б. жобалар іске асырыла бастады. Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы қоғамдық келісім мен бірліктің, елжандылық қасиеттердің нығаюына, сол арқылы жауапкершілігі жоғары ұлт азаматтарын қалыптастыруға негіз болмақ. Ұлттық кодымызды, дәстүрлеріміз бен мәдениетімізді сақтап қана қоймай, оны әлемдік өркениеттің озық үлгілерімен байыта аламыз. 

Ұлы даланың бай тарихы елін сүйетін, жерін қастерлейтін жаңа қазақстандық ұрпақты тәрбиелеудің негізі. «Туған жерге туыңды тік» деген дана халқымыз. Бұл – әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне сүйіспеншілікті білдіреді. Кез келген азамат өзінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлай білуі керек. Мемлекет басшысы мақаласында «Туған жер» бағ­дарламасын ұсынып, жас ұр­пақ­тың бойына елге деген сү­йіспеншілік, патриоттық сезім­ді қалыптастыру керектігін атап өтті. Елбасы білім, ғылым, зияткерлік қабілет және сапалы еңбек арқылы бәсекеге қабі­лет­тілікті арттыру керектігіне ерек­ше тоқталды. Әрбір адам өз тари­хын терең біліп қана қоймай, заман талабына сай қасиет­терге де ие болуы керек. Қазір «Цифрлы Қазақстан», «Үш тіл­де білім беру», «Мәдени және кон­фес­сия­аралық келісім» бағдарла­ма­ларын жүзеге асыру маңызды.

Төрт өркениеттің төрі болған Сыр өңірінде туризм кластерін қалыптастыру мүм­кіндігі жоғары. Жұлдызды аспан әлемі мен жұмыр жерді байла­ныстырған «Байқоңыр» мен түркі мифологиясының қайнар көзі – «Қорқыт ата» кешені жаһандық ЭКСПО-2017 көрмесінің нысанына айналып отыр.  Қорқыт бабамыз қалдырған гуманистік мұралары, өсиет-қағидалары қоғамның бүгінгі ты­ныс-тіршілігімен де үйлесім тапқан. Сондықтан болар, Сыр­дың шежірелі сырға толы жазық даласы мен сай-саласы шетелдіктердің ортаазиялық саяхаттық бағытына енгізілген. Бүгінде мемориалдық кешенді көруге асыққан туристердің қарасы қалыңдай түскен. 

Тарихтан мәлім, Сырдың бойы сақ пен оғыздың орталығы болған, қазақтың байрағы тігілген тарихи шаһарлар мекені. Қазіргі таңда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйым­дас­тыруымен жыл сайын «Ұлы Дала елі» тарихи экспедиция­сы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Тамыз айының бас кезіне жос­пар­ланған кезекті «Ұлы Дала елі» тарихи экспедициясы Оң­түстік Қазақстан мен Қызыл­орда облысының Арыстан баб, Отырар қаласы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран және Сы­ғанақ қалалары секілді тарихи-мәдени, рухани орталықтарға сая­хат жасап, еліміздің киелі орын­дарының географиясымен танысуды белгілеп отыр. Экспе­дицияның мақсаты – Оңтүстік өңірдің тарихи-мәдени және рухани мұрасымен танысу, оқып-үйрену арқылы бірегейлік пен ұлттық тұтастықты нығайту, ту­ған жердің киелі орындарына барып елжандылық қасиеттерді арттыру.  

Бір жылдары Каспиймен қабысып жатқан Арал айды­ны келмеске кеткендей көрі­ніп еді. Ал бүгін «ғасыр жоба­сы­ның» ғаламат нәтижесіне күллі әлем таңырқай қарайды. Тәуел­сіздіктің туын тіккен ширек ғасыр шеңберінде шаруасына шыр біткен аймақтың әлеуеті әлденіп, келбеті әрленіп келеді. Тоқсаныншы жылдары егемен­дігін енді ғана еншілеген ел үшін Аралдан өзге де түйткілдер көп еді. Алайда, Елбасы күллі адамзат қасіретімен күрес жолында әлемдік қоғамдастықты жұмылдыра білді. САРАТС – сенімді ақтады. Судың деңгейі көтеріліп, тұздылығы төмендеп, балық өрісі жанданды. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің, ырысты ынтымағының көрінісі. 

Тарихты тұлғалар жасайды. Бұл өмір ақиқатымен келген заңдылық. Бағдарламалық мақалада ұсынылған «100 жаңа есім» жобасын әзірлеу уақыт талабынан туындаған, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің жаңа бағыты болмақ. Бауырына талай ұлтты сыйғызып, айрандай ұйып отырған қазақ жерінің бір бөлшегі – Сыр өңірі. 

Өңірімізде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енгізіліп, есімдерін бүкіл елге танытуға лайық адамдар бар. Атап айтқанда, Рио Олим­пиадасының қола жүлдегері, Сыр жерінің мақтанышы Александр Зайчиков. Қыз бала болса да, Қазақстан ғана емес, әлем алдында ер азаматтың ісіне татырлық жеңісті еліне сыйлап, көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды әуе­лете асқақтатқан боксшы, Сыр өңірінің тумасы Марина Воль­нова. Қазақстандық қыздар арасында тұңғыш әлемдік Гран-при жарыстарында жүлде ал­ған мәнерлеп сырғанаушы – Эли­забет Тұрсынбаева. Қазақ тілі қа­нымен емес, отбасындағы тәрбиемен дарыған, 2016 жылы Парламент Мәжілісінің ең жас депутаты болып сайланған Ген­надий Шиповских еліне деген сүйіспеншілігін ісімен дәлел­деп, халықтың сенімін ақтау аза­маттық парызы санайтын отан­шыл тұлға. 

Бәсекеге қабілетті озық отыз елдің қатарына кірігу мақ­сатында жүйелі жұмыс жүргізу үшін берекелі бірлігіміз бен тұтастығымыз ерекше құнды. Дана халқымызда «алтау ала бол­са ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген асыл сөзі бар. Бүгінгі күні елі­мізде орнаған бірлік пен тату тір­лігіміз үшінші жаңғыруды жүйелі жүзеге асырудың негізі болмақ.

Ләйлә ТӨРЕШОВА, 

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі