• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Тамыз, 2017

100 оқушы Риддерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытылатын болады

257 рет
көрсетілді

Облыстық білім басқармасы мен өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі «Қазцинк» ЖШС техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кадрларды бірлесіп даярлау жөніндегі меморандумға қол қойды.

Бұл қанатқақты жоба аясында 100 оқушы Риддер аграрлық-техникалық колледжінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп шығатын болады. Облыс әкімінің орынбасары Ә.Нүсіпова аймақ басшысы Д.Ахметовтің қолдауымен 2017 оқу жылында осы мақсатқа бюджеттен 200 миллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін айтады.

Оқу бітірген жастарды жұ­мыс­пен қамтуға ықылас танытып отырған «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жө­нін­дегі атқарушы директоры А.Лазаревтің сөзіне сенсек, кәсіпорынға ең алдымен кен-байыту және металлургия саласының мамандары қажет.

«Риддер қаласында еліміздің ешбір жерінде жоқ ерекше оқу орталығы  бар. Онда арнайы жабдықталған кабинада отырған оқушы өз бетімен жүретін машинаны басқарып, дағдыланады. Құрал-жабдық  шахтадағы іс-қимылдарды толық қайталайды. Барлық іс-әрекеттер экраннан 3D кескінінде көрінгендіктен, студент өзін шахтада жүргендей сезінеді. Соның нәтижесінде оларға кейін өндірісте жұмыс істеуге жеңіл болады»,  дейді ол. 

Облыстық білім басқар­масының басшысы Н.Әбжапа­ровтың айтуынша, 2017-2018 оқу жылдарында өңірде колледждерде білім алуға алты мың­нан астам мемлекеттік грант бөлініпті. Барлық грант­тардың төрт жарым мыңы жер­гі­лікті бюджеттен, 1,7 орын республикалық бюджеттен қаржыландырылады екен. «Үсті­міздегі оқу жылында 210 бала «Серпін» бағдарламасымен мамандық меңгеріп шығатын болады. Аталмыш бағдарлама бойынша барлығы 400-ден астам жас білім алып жатыр. Бітіріп шыққан 20 түлек қазір «Қазцинк» кәсіпорнының Рид­дердегі өндіріс орындарында жұмыс істейді»,  дейді басқарма басшысы.

Меморандум аясында бі­лім алып шыққан жастар тек «Қазцинк» компаниясын­да ға­на емес, сонымен қатар «Қазминералс» сияқты кәсіп­орындарда да жұмыс істей алады. Алдағы уақытта бұл жобаны Өскемен қаласында да жүзеге асыру жоспарланған.

Азамат ҚАСЫМ, 

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН