ЭКСПО-2017 көрме қалашығындағы көпшілік талқысына ұсынылған австриялық Andrits Hydro компаниясы шығарған судың көтерілуі мен қайтуы кезеңінде қолданылатын турбинаның маңызы зор. Бұл технологияның ерекшелігі – су көтерілген кезде арнайы электр стансасы теңіз шығанағында орналастырылса, турбиналар теңіз суының 35-100 метр тереңдігіне қойылады. Су астындағы турбиналар теңіз суы көтерілген кезде де, қайтқан кезде де жұмыс істеп тұрады. Жалпы, судың көтерілуі мен қайтуы кезеңіндегі жаһандық қуат-күші сағатына 150 мың ГВт энергия шығарады, ал ауа сығымдылығынан 800 есе тығыз судың сығымдылығы бұл энергетикалық қуатты одан әрі еселей түседі. Австриялық Andrits Hydro компаниясының осы озық технологиясын Оңтүстік Корея іс жүзінде қолдану арқылы теңіздегі Сихвин электр стансасында 254 МВт электр қуатын өндіруде. Егер осы технологияны Каспий теңізінде қолданатын болсақ, Батыс Қазақстанды тиімді де арзан энергиямен қамтамасыз етер едік.
Көрмедегі тағы бір керемет Италияның Greenrail компаниясы жасап шығарған темір жол шпалы болып табылады. Компания инженерлері дәстүрлі темір жол шпалдарының орнына «жасыл» технологияға негізделген жаңа шпал ойлап тапқан. Greenrail компаниясы «жасыл» технологиясының негізіне күн энергиясын жинайтын фотогалваникалық элементтер алынған. Осы технология негізінде жасалған шпалдар төселген 1 километр темір жол торабы 150 кВт энергия өндіреді. Жаңа технологияны ойлап тапқан инженерлердің пікірінше, мұндай шпалдар жол торабы бойындағы электр энергиясына деген тапшылықты жоюға ықпал етеді. Мыңдаған шақырымға созылатын темір жол тораптары ұлан-ғайыр атырапты байланыстырып жатқан қазақстандық темір жол саласы үшін бұл технологияның пайдасы ұшан-теңіз екендігі даусыз. Тек ЭКСПО-2017 көрмесіне әкелінген осы жаһандық озық технологияларды өндірісте тиімді пайдалана білу керек. Бұл енді қазақстандық мамандардың қарым-қабілетіне байланысты екендігі де белгілі.
Жақында Мәскеу инженерлері динамикалық ең жоғары өткізгіштік күш арқылы электр энергиясын өндіру тәсілін ойлап тапты. Ең жоғары өткізгіштік күш металл дискілерді зор жылдамдықпен айналдырған кезде пайда болады. Қысқаша КОРТЭЖ деп аталатын бұл өнертапқыштық идея электр қуатын алудың тағы бір жаңа тәсілін өмірге әкелді. Елордадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қойылған озық технологиялардың бірқатары дәстүрлі энергия өндіру тәсілдерінің тиімділігін арттыруға арналған. Соның бірі Варшава политехникалық университетінің ғалымдары ойлап тапқан SILO жүйесі болып табылады. Бұл жалпы айтқанда, турбиналарға, конденсаторларға, бу қазандары мен әртүрлі насостарға қойылатын өзін өзі реттейтін компьютерлік бағдарлама болып табылады. Осы технология негізінде SILO жүйесінің жасанды интеллектісі жылу электр стансаларының жұмысындағы кемшіліктерді анықтап, оны реттеп отырады. Сонымен бірге, электр қуатын өндіру көлемін азайтпай-ақ жағылатын көмірді азайтуға мүмкіндік береді.
Қалай болғанда да, соңғы он шақты жыл көлемінде жаңғырмалы энергетика саласында үлкен ғылыми жетістіктер ашылды. Электр энергиясын өзіндік құнын арзандату мақсатындағы жаңа қондырғылар мен технологиялар ойлап табылды. Яғни, көмірсутегі шикізатынан өндірілетін қымбат электр энергиясын арзан да тиімді энергия көзімен алмастыратын энергетикалық төңкеріс жолындағы ізденісті күрес басталды. Міне, осы бір биік мақсат жолындағы ізденісті күреске Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің қосатын үлесі өлшеусіз.
Иә, экономикалық табыстар дәуіріне бастайтын энергетикалық төңкеріс қыр астында тұр. Адамзат үшін әрі мол, әрі арзан энергетика көзін ашатын бұл төңкеріс жаңа технологиялар түрінде ме, әлде басқа шикізат көздері түрінде жүзеге аса ма, оны таяудағы уақыт көрсететін болады. Ең бастысы, озық ойлы адамзаттың энергетикалық төңкеріс жасамай экономикалық дағдарыстан құтыла алмайтындығына көзі жетті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»