«Кеше біз «Жылқы» («Equus») атты трилогиясын түсіруге дайындық жұмыстарымен танысып қайттық. Оны танымал канадалық режиссер Найоби Томпсонға сеніп, тапсырып отырмыз.
Дәл осы трилогияның Қазақстан жерінде түсірудің үлкен тарихи маңызы бар. Себебі жылқының алғаш рет қолға үйретілген жері – өзіміздің Ұлы Даламыз, кең байтақ қазақ жері.
Ботай мәдениеті кезінде жылқы жануарының алғаш рет қазіргі Қазақстан жерінде қолға үйретілгені белгілі. Оны ғылыми зерттеулер ...де растап отыр. Содан бері жылқы жануары көшпелі халықтардың негізгі көлігіне айналды, ішсе - қымыз, жесе - ет берді. Ата-бабаларымыз онымен Еуропаға дейін барып қайтты. Қазіргі ұлан-байтақ жерімізді қорғап қалды. Сондықтан «Жылқы» трилогиясының Ұлы Далада түсірілетіні – тарихи заңдылық. Жалпы, министрлік халықаралық медиа компаниялармен әріптестік байланыстарды жан-жақты дамытып келеді. «Жылқы» трилогиясы да осы саладағы жұмыстың айқын көрінісі болса керек.
Трилогия әлемнің 50 мемлекетінде көрсетіледі. Сондықтан аталған жоба арқылы тарихымыз бен мәдениетіміздің тамыры терең екенін тағы бір мәрте көрсетіп, Мәңгілік елді кеңінен таныта аламыз деп сенемін», деп жазды министр.
Айта кетейік, осы жылдың 7 наурызында Дәурен Абаев «Қазақстан» РТРК» АҚ мен «Clearwater Documentary Inc.» компаниясының «EQUUS» деректі триологиясын түсіретінін жариялаған болатын. Бұл жоба 2018 жылдың қазан-қараша айларында көрермен назарына ұсынылады деп жоспарланып отыр. Туынды әлемнің 50-ден астам елінде миллиондаған аудитория жинайды деп күтілуде.