Қарағанды қаласындағы облыстық клиникалық ауруханада 2024 жылы туған баланың қайтыс болуына байланысты медициналық көмек сапасына жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу мен шағым негізінде басталған тексеру инфекциялық орталықтағы емдеу ісінің барлық кезеңін қамтиды, деп жазады Egemen.kz.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, тексеруге медициналық көмектің сапасына қатысты түскен шағым және 2026 жылғы 20 сәуірде тергеу органдары шығарған қаулы негіз болған. Бақылау барысында ем сапасы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық жабдықтардың жай-күйі толық зерделенеді.
Аталған жағдайды жан-жақты бағалау үшін тәуелсіз сарапшылар мен бірқатар салалық мамандардан арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына балалар реаниматологиясы, пульмонология, жұқпалы аурулар, клиникалық фармакология, балалар хирургиясы, аллергология және сәулелік диагностика салаларының мамандары енгізілген. Сонымен қатар Астана қаласындағы медициналық университет өкілдері де тартылған.
Қазақстанда ана мен бала өлімі азайған
Деректерге сәйкес, бала 2026 жылғы 25 наурыз бен 17 сәуір аралығында стационарда ем алған. Оған сепсис диагнозы қойылып, жағдайы полиоргандық жеткіліксіздік, аралас шок, ауыр респираторлық дистресс-синдром және қосымша инфекциялармен асқынған.
Емдеу барысында облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардың қатысуымен 12 рет консилиум өткізілген, сондай-ақ қарқынды антибактериалды және реанимациялық ем қолданылған. Алайда 17 сәуір күні сағат 13:01-де бала қайтыс болды.
Сәби өлімі бойынша әлемдік рейтинг жарияланды: Қазақстанның көрсеткіші қандай?
Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы 2026 жылғы 7 мамырға дейін дайын болады. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті акт жасалып, материалдар тергеу органдарына жолданады.
Аталған комитет марқұм баланың жақындарына көңіл айтып, оқиғаның ерекше бақылауда екенін және тергеу толық әрі жан-жақты жүргізілетінін хабарлады.