Сайлау жасырын дауыс беру арқылы жанама сайлау құқығы негізінде жүргізілді. Басқаша айтқанда, ауылдық округ, кент және ауыл әкімдері төрт жылдық өкілеттік мерзімге тиісінше аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары болып табылатын сайлаушылар тарапынан сайланды.
Сайлауға Қарағанды облысының 16 аймағы қатысты, оның 129-ы ауылдық округтер, ауылдар мен кенттер. Сайлауға барлығы 388 үміткер қатысқан, оның 287-сі ер адам және 101-і әйел адам.
Комиссия төрағасы Ерғара Аймағамбетовтің айтуынша, өткен сайлау қорытындысы бойынша 129 әкім берілген дауыс басымдығымен сайланып, оның 83-і ауылдық округтердің, 22-сі кент және 24-і ауыл әкімдері болып отыр. Сайланған ауыл әкімдерінің 121-і ер адам, 8-і әйел адам. Барлық сайланған әкімдердің жоғары білімдері бар. Олардың көпшілігі инженерлер мен мұғалімдер, экономистер мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері және заңгерлер.
Аталған сайлауға жергілікті бюджеттен 20 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Айталық, әр үміткерге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін 66 500 теңге қарастырылыпты.
Енді сайланған әкімдер өздерінің қызметтік міндеттеріне кіріспес бұрын, екі аптаға созылатын арнайы тексерістен өтуі қажет.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы