Осылай деп сеніммен айтуымызға дәлелді негізге құқық қорғау органдарының қызметін саралау барысында анық көз жеткіздік. Әсіресе, заңдылықты қадағалау саласында өзгелерден озық тұрған құзырлы орган – прокуратураның қазіргі таңда іске асырып жатқан жұмыстары назар аудартады. Өйткені, әр құқық қорғау органының келелі қызметі жалпы қылмыстың төмендеуіне, тәртіптің күшеюіне жол ашады.
Әрине, адамзат жаратылғалы бері қылмыстың небір түрі жасалып келе жатқаны рас. Оған қанша жерден шектеу қойылғанымен, біреу біліп істейді, біреу білмей істейді дегендей, қосақ арасында қоса кететіндері де жасырын емес. Сонда байқасаңыз, мұндай жұмыстарды әділ атқаруда дамыған елдердің прокуратура органдары адам құқығын қорғау үшін жұмыс істейді. Мұндай елдердегі прокуратураның басты міндеті – қылмыстық істер бо- йынша заңдылықты қамтамасыз ету. Олар сот пен полицияның арасындағы сүзгі қызметін атқарады. Тергеудің кемшіліктерін жояды. Кінәлінің әрекетіне шынайы баға береді.
Бұл жұмыстарды атқару айтуға ғана оңай. Өйткені, көбіне дәлел жеткілікті болып тұрса да, тіпті кінәлі адам мойындап тұрса да, қылмыстық іс айлап тергеледі. Соған байланысты жәбірленушілер, куәлар өз жұмысын ысырып қойып, апталап тергеу орындарында жүреді. Енді біздің еліміздегі құқық қорғау органдарының қазіргі қанатқақты жобасына орай дәлелденіп тұрған істер әрі кетсе бір аптада тергеліп, тиісті шешімдері шығатын болды. Әрине, бұл арада егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін күрделі істердің орны бөлек.
Қылмыстық істер қаралғанда тараптар неліктен реніш білдіреді? Олар көбіне заңдылықтың сақталмайтындығын айтады. Міне, қазіргі күнде осы кемшіліктерді болдырмау үшін Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура бірлесіп, ІТ технологиясы бойынша жасалған заңдылықты қадағалау жобасы кеңінен өрістеді. Аталған осы «заңдылық» жүйесінде Қылмыстық кодекстің барлық нормалары цифрланған. Сонда үкімнен, яки шешімнен кеткен қателіктер болса, оларды компьютер бірден көрсетеді.
Бұл қандай қателіктер? Жаза тым қатал немесе негізсіз жеңіл емес пе, режім түрі қаншалықты дәл таңдалды, дүние-мүлікті тәркілеу керек пе, қосымша жаза қалып қойған жоқ па, тағы басқа 100-ден астам параметр бойынша салыстыру жүргізіледі. Міне, осы база арқылы 2016 жылы 40 мың үкім тексеруден өткен. Соның нәтижесінде 559 үкім түзетілген. Демек, жоғарыда аталған дау-дамайды заңды шешуде бұл жоба қажеттілігін көрсетіп-ақ тұр. Сондықтан ол келесі жылдың басынан қолданысқа толықтай енгізілмек. Сонда сот шешімдеріндегі қателіктер мен кемшіліктер бірден азайған соң бітпес дау-дамай да күрт азаяды деген үміт бар.
Әкімшілік құқық бұзушылық істердің саны жыл сайын 4 миллионнан асып жығылады екен. Хаттамаларды 64 мемлекеттік орган толтырады. Бұл салаға іс жүзінде бүкіл мемлекеттік аппарат пен әрбір төртінші тұрғын тартылған. Дегенмен, айыппұлдардың төленуі төмен. Істердің 60 пайызы жол ережесіне қатыстылығы жасырын емес. Ал жол полициясы қызметкері толтырған хаттама жоғалып қалуы ықтимал. Соның кесірінен орындалмай тұрған айыппұлдар көп. Адамдар шетелге шыға алмай, құқықтары шектеледі. Жемқорлыққа соқтыруы да мүмкін. Міне, енді жүргізуші жол ережесін бұзса, полиция қағазға емес, планшет арқылы электронды хаттама толтырады. Электронды хаттаманы жоғалту немесе қолдан жасау мүмкін емес. Ол прокуратураның Әкімшілік істердің бірыңғай реестрінен бірден көрінеді. Нәтижесінде рәсімдеу мен айыппұл төлеуге бар-жоғы 3-5 минут қана уақыт кетеді. Демек, Елбасы тапсырмасына сай қылмыстық процесті ізгілендіру барысында дау-дамайды да азайту ісі осылайша жолға қойылары хақ.
Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»