Жаңарған Конституцияның преамбуласы халықаралық тәжірибемен салыстырғанда бірқатар жаңашылдығымен ерекшеленеді. Мәселен, 1958 жылғы Франция Республикасы Конституциясының преамбуласында тарихи сабақтастық революциялық-құқықтық дәстүр шеңберінде қарастырылады. Мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен құрылымдық сипатына арнайы баға берілмеген.
Тарихи санаға негізделген түйін
Еліміздің Конституциясының преамбуласы, керісінше, өркениеттік кеңістіктен бастау алып, қазіргі мемлекетті Ұлы дала кеңістігінде құрылған мемлекеттердің заңды мұрагері ретінде танытады. Сонымен қатар онда халықтың бірлігі, жер тұтастығы, тәуелсіздік пен тұрақтылық идеялары алдыңғы орынға шығарылған. Негізгі заңның преамбуласын тек құқықтық кіріспе емес, ұлттық басқару мен тарихи сананы нығайтатын идеологиялық-мәндік құжат ретінде жаңа қырынан ашады.
Ал Германия Федеративтік Республикасының Негізгі заңының преамбуласы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі контексте қалыптасып, адам қадір-қасиетінің мызғымастығын, бейбітшілік пен халықаралық ынтымақтастықты негізгі құндылық ретінде бекітеді. Германияда тарихи жауапкершілік пен моральдық сабақтастық алдыңғы орынға шығып, федеративтік құрылым жанама түрде көрініс табады. Болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен экологиялық мәселелер негізгі заңның кейінгі баптарында нақтыланғанымен, преамбулада бұл аспектілер шектелген.
Қазақстан Конституциясының преамбуласында мемлекеттің унитарлық сипаты мен аумақтық тұтастығының тікелей және нақты бекітілуі, сондай-ақ болашаққа бағдарланған ғылым, инновация, экологиялық жауапкершілік сияқты құндылықтар бірден преамбулалық деңгейде көрсетіледі. Елдің геосаяси жағдайын ескере отырып, бұл түрлі мемлекеттердің аумақтық талаптарына байланысты туындауы мүмкін жағымсыз немесе ықтимал келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Экологияның ортақ құндылық ретінде преамбулада орын алуы да сирек жағдай.
Конституцияның преамбуласында құндылықтар нақты саяси-құқықтық бағдарлармен толықтырылған. «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» сияқты қазіргі саяси-идеялық бағдарламалардың енгізілуі реформалық бағыттарды конституциялық деңгейде бекітеді.
1982 жылғы Түркия Республикасы Конституциясының преамбуласы кемалистік идеологияға, ұлттық бірлікке және зайырлылық қағидатына қатаң мән береді. Түркия үлгісінде мемлекет мүддесі жеке тұлға мүддесінен жоғары қойылып, идеологиялық ұстанымдар айқын көрініс табады. Преамбула идеологиялық сипатқа ие.
Ал Ата заңның преамбуласы идеологиялық бейтараптықты сақтай отырып, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық келісім мен әртүрлілікті басым құндылық ретінде ұсынады. Мұндай тәсіл көпэтносты қоғам жағдайында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін азаматтық ұлт моделін нығайтады.
Жалпы алғанда, салыстырмалы талдау мемлекеттік заңның преамбуласы классикалық құқықтық декларациялардан бірқатар өлшем бойынша ерекшеленетінін көрсетеді. Ол тарихи-өркениеттік сабақтастықты, нақты саяси-құндылықтық бағдарларды және болашаққа бағытталған стратегиялық мақсаттарды біртұтас жүйеге біріктіреді. Сол себептен преамбула тарихи өткенді сипаттайтын мәтін ғана емес, елдің ұзақмерзімді даму бағытын айқындайтын саяси-құқықтық негіз ретінде қабылдануға тиіс.
Саяси жүйедегі тұрақтылық тетіктері
Жаңа мәтінде президенттіктің бір реттік мерзімі енгізіліп, кезектен тыс сайлау нормасы алынып тасталды. Президенттікке жергілікті, жасы қырыққа толған, қазақ тілін еркін меңгерген, жоғары білімді азамат үміткер бола алады. Сондай-ақ кейінгі он бес жыл бойы осы елде тұрып, ресми қызметте кемінде бес жыл еңбек атқаруы міндет. Жұмыс тәжірибесі бойынша талаптар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарастырылады.
АҚШ-та кандидат 35 жастан асып, соңғы 14 жыл елде тұруы керек. Тәжірибесі мен еңбек өтіліне қатысты талаптар жоқ. Францияда 18 жастан асқан азамат бақ сынай алады. Басқарушылық қызметі мен еңбек өтілі маңызды емес. Германияда кандидат кемінде 40 жаста болу керек, кәсіби біліктілік қажет етілмейді.
Біздің үлгі осы тәжірибелерден ерекшеленеді. Тұрақтылық, кәсіби талаптар және ана тілін білу шарттары тұрғысынан нақты критерий қойып, ел тізгінін саяси жүйені және мемлекеттік тетіктің жұмысын жақсы білетін, білікті, құзыретті әрі беделді көшбасшының басқаруына беруді көздейді. Бұл модель елдің саяси тұрақтылығын күшейтіп, президент институтының кәсіби сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа институт – Қазақстан Халық кеңесінің маңызы ерекше. Бұл – ел халқының мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
АҚШ-та Қазақстан Халық кеңесіне тікелей ұқсас бірыңғай ұлттық консультативтік орган жоқ. Алайда Президент жанындағы консультативтік кеңестер, азаматтық бастамалар мен петициялар жүйесі сияқты бірнеше институт арқылы іске асырылады. Бірыңғай ұлттық консультативтік органға шоғырландырылмаған. Бұл тұрғыда Халық кеңесінің референдум бастамашысы ретіндегі рөлі АҚШ тәжірибесінен ерекшеленеді. Ел мүддесін білдіруді орталықтандырылған және тұрақты институт ретінде жүзеге асырады. Оның мазмұны мен міндеті жағынан Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесінде ұқсастық бар.
Вице-президент институтын енгізуге арналған жаңа бап – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадам. Халықаралық тәжірибе Вице-президент лауазымының әр елде әртүрлі міндет атқаратынын көрсетеді. АҚШ-та Вице-президент халықпен бірге сайланады және Сенаттың төрағасы міндетін атқарады. Президент қайтыс болған немесе қызметін атқара алмаған жағдайда автоматты түрде орнын басады. Ал Бразилияда Вице-президент тікелей сайланады және атқарушы билікте маңызды рөл атқарады. Оның қызметі саяси сипатқа ие.
Қытайда Вице-төраға бар, бірақ ол негізінен протоколдық және өкілдік функцияларды атқарады, нақты билік партия мен Мемлекеттік кеңеске шоғырланған. Франция мен Германияда Вице-президент институты мүлде жоқ, себебі бұл елдер Премьер-министр, канцлер арқылы басқарылады.
Елімізде ұсынылып отырған Вице-президент моделі АҚШ немесе Латын Америкасындағы саяси Вице-президенттен өзгеше. Оны халық сайламайды, партиялық бәсекеге қатыспайды. Президентті алмастыратын фигура ретінде емес, өкілдік және үйлестіруші институт ретінде қарастырылады.
Жаңадан бекітілетін Вице-президент институты атқарушы биліктің жұмысын жүйелеп және халықаралық өкілдікті институционалдық деңгейге көтереді. Оның партиядан тыс мәртебесі мен кәсіби сипаты бұл лауазымды саяси бәсекелестіктің құралы емес, мемлекеттік басқарудың тиімді элементі ретінде қалыптастыруға ықпал етеді.
Жобада Парламент институтына байланысты түбегейлі бетбұрыс бар
Құрылтайдың 145 депутаттан тұруы саяси партиялардың кеңейтілген өкілдігін қамтамасыз ете отырып, мандаттар санын оңтайландырады. Бұл көрсеткіш көптеген елдегі ұлттық парламенттердің төменгі палаталарымен салыстырғанда орташа әрі тиімді саналады. Мысалы, Германия Бундестагында депутаттар саны 700-ден асады, бұл федералдық құрылым мен өңірлік өкілдікке байланысты.
Франция Ұлттық жиналысында – 577, Оңтүстік Кореяда 300 депутат бар. Біздің жағдайымызда 145 мандат унитарлық республика үшін жеткілікті өкілдік пен басқару тиімділігінің теңгерімін көрсетеді. Сайлау мерзімінің бес жыл болып белгіленуі де әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді.
Құқықтық жаңару кезеңі
«Қорытынды және өтпелі ережелер» бөлімі жаңа Конституцияны қолданысқа енгізу тәртібін нақтылайды. Онда Ата заң қабылданғаннан кейінгі кезеңдегі нормативтік-құқықтық актілердің қолдану мерзімдері, сондай-ақ бұрын қабылданған заңдар мен басқа да актілердің қолданысы айқындалған. Үкімет пен орталық, жергілікті құзырлы органдарға жаңа өзгерістерге сәйкес, нормативтік актілерді өзгерту және үйлестіру міндеті жүктелген.
Сонымен қатар Конституциялық кеңес пен Конституциялық сотқа бұрынғы заңнамалық актілердің Ата заңға қайшы келмейтін бөлігінің өз күшін сақтайтыны көрсетілген. Бұл нормалар тек формалды құқықтық рәсім емес – олар ел азаматтарын Ата заңның мазмұнымен таныстыруға, оны талқылауға және жалпыхалықтық референдум арқылы бекітуге мүмкіндік береді. Конституцияны енгізудің өтпелі ережелері құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, нормативтік актілерді үйлестіруге және саяси жүйені жаңартуға жағдай жасайды.
Қорыта айтқанда, жаңа Ата заң қоғамдағы демократиялық қағидаларды нығайтып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және елдің құқықтық тұрақтылығын күшейтуге қызмет етеді.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректор