• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:27

Өнер ұжымдары ынталандырылды

10 рет
көрсетілді

Талдықорғандықтар өнер мен руханияттың мерейін асырып, мәртебесін көтеруді көздейді. «Жер жаннаты – Жетісу» телевизиялық байқау-бағдарламасының финалдық кезеңі түйінделгенде, аудандар мен қалалардан қатысқан ұжымдардың өнерін тамашалап қана қоймай, оларға деген ерекше қолдаудың куәсі болдық.

Әуелі І.Жансүгіров атындағы мә­дениет сарайының алдында тұрған 14 аппақ «темір тұл­пар» көптің назарын өзіне аударды. Бұл жолғы құрмет өнер майтал­ман­дарының төбесін көкке тигізгендей әсер етті. Себебі бір күнде мәдениет қызмет­кер­­леріне осынша көліктің кілтін табыс­тау аймақ тарихында алғаш рет жасалып отыр десек, асыра айтқандығымыз емес.

Облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәу­летов өнер саласында жүрген әр­бір жанның еңбегі ерекше екенін айта оты­­рып, сала қызметкерлерін құттық­­тады.

«Мәдениет саласының тех­никалық базасы бүгін ша­ғын автобустармен және жүк көліктерімен толыққалы отыр. Өнер адамдары үнемі халық арасында, көптің алдында жүреді, әрдайым ізденісте болып, ел-жер аралайды. Сондықтан бұл көліктер мәдениет ұжымдарының гас­трольдік сапарларға шығуына, қажетті құрал-жабдықтар мен декорацияларды тасымалдауына, түрлі фестиваль, бай­қауға қатысуына мүмкіндік туғызып, жұ­мыс сапасына оң әсер етеді деп сене­міз», деген Диас Рахметұлы салтанатты іс-шарада тек көліктер берумен ғана шектелмей, екінші жыл қатарынан өткі­зі­ліп келетін «Жер жәннаты – Жетісу» тележоба байқауына белсене қаты­сып, өнер көр­сеткен өңірлер де марапатталаты­нын тілге тиек етті.

Жетісу облысының 8 аудандық және 2  қалалық Мәдениет үйлеріне, сондай-ақ Сәкен Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасына, Көркемсурет галереясына, облыстық мем­лекеттік архивке және Халық шы­ғарма- шылығы орталығына тиесілі көліктердің кілті табыс етілді.

Жаңа көлікке ие болған мекеме ұжым­дарының атынан Алакөл аудандық Зейнеп Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінің директоры Отан Смағұлов сөз сөйлеп, ризашылығын білдірді.

«Сала нысандарына бір күнде осынша көлік беру оқиғасы алғаш рет болып тұр. Бұл – ұлттық құнды­­­лық­тарды насихаттап жүрген азаматтарға көрсетіліп отыр­ған қамқорлық, бізге шығар­ма­шы­лық серпіліс беретін игілікті іс. Бір ғана біздің Алакөл ауданында 4 жаңа мәдениет нысаны салынып жатыр, соның біреуі жуырда пай­да­лануға бері­леді, 3-еуі келесі жыл­дың үлесінде. Ал­дағы уақытта да мә­де­ниет үшін еселі еңбек ете береміз», деді ол.

Сап түзеген «темір тұлпар­ларды» шығарып салған жұрт І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайына кірді. «Жер жәннаты – Жетісу» тележоба бай­қауының жеңімпаздары диплом және қар­жылай сыйлықтармен марапатталды.

Атап айтсақ, арнайы жүлде және 300 мың теңге ақшалай сыйлық Қаратал ауданына, III орын және 500 мың теңге ақшалай сыйлық Сарқан ауданына, II орын және 700 мың теңге ақшалай сыйлық Ақсу ауданына бұйырды. Ал I орын және 1 млн теңге ақшалай сыйлыққа Кер­бұлақ ауданы лайық деп табылды. Теле­жоба байқауының бас жүлдесін және 5 млн теңге қаржылай сыйлықты Көксу ауданы жеңіп алды.

«Бұл дәстүрлі дода әлі де жалғасады. Біз өңірдегі мәдениет­­­­тің өркендеуіне бар күш-жіге­рі­міз­ді саламыз. Әсіресе шал­ғай ауылдардың рухани өмірінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Баба дәстүрін жалғастыруға бейіл жастар көп», деді об­лыстық мәде­ниет, архивтер және құжат­­тама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.

Марапаттан кейін рухани шараның гала-концерті басталды. Жоба ережесіне сай әр номинация бойынша жеңім­паз­дар өнер көрсетті. Халық әндері мен заманауи эстрада жанрындағы әуезді әндер, термешілердің тағылымды тол­ғауы, ұлттық би әлемі, айтыс ақын­да­рының арнауы алма-кезек ауысып отырып көрер­меннің көңіл көкжиегін кеңіткен әдемі кешке ұласты.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар