• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2017

ЭКСПО екі айналып келмес саған...

484 рет
көрсетілді

Алаштың алтын алқасындай Ас­та­на­ның ажар-көркіне аспанда­ғы ай қызығып, көктегі күн сүй­сін­гендей. Сарыарқадағы шамшы­рақтай сама­ла шаһар қазір тіпті құл­­пырып тұр. Сұлулығы көз суырғандай. Жер-жа­һан­ның жетіс­тік­тері жайнап төрінде тұр­са, бес құрлықты бетіне қаратар бе­дел жинамай қайтеді енді.

Елдің ЭКСПО-мен «ауырғанына» екі айдан асты. Үлкеннің де, кішінің де ау­зындағы әңгіме осы. Көрген де ар­ман­да, көрмеген де арманда. Келген­дер көрме кереметтерін айтып тауыса алмайды. Аттары жетпей алыста жат­қан ағайын амалдың жоқтығынан те­ле­дидарға телміреді. Бірақ, бәрін біліп отыр. 

Әлемдік оқиғаның әсерін тікелей сезінген астаналықтардың әрине, бір тамыры артық соғатындай жө­ні бар. Олар тоқсан күндік той тама­шаларының бел ор­та­сында жүр. Азын-­аулақ ақысын тө­леп, көңілдерін көк жайлауға қонды­ра қояды. Атағы аспандаған өнер жұлдызының кон­цертін көре ме, этно­­ауылдағы аламан бәйгеге барып, ай­қайға аттан қоса ма, көшпенділер мәде­ниетінің көмбесін аша ма, құр әншейін қуыр­дақ жеп, қымыз ішіп қана қайта ма, өзі біледі... 

Жаһандық мәдениет жауһарлары біз­ге өз аяғымен келгенін ойлағанда кеу­­дең­ді мақтаныш сезімі кернейді. Даңқ­ты Пласидо Доминго «Опе­ралия» бай­қауын бас қаламызда өткізіп жатса, атақты Ла Скала театры Л.Бетховеннің тоғызыншы симфония­сын қалай ойнайтынын өз құлағымызбен естігелі отырсақ, әйгілі Николай Рерихтің Америкадағы музейі мұхит асып, қазақстандықтарға бірнеше картинасын ұсынған болса, дүниежүзілік деңгейдегі «Дю Солей циркі» баланы да, шағаны да таңданып, тамсандырған... Әкем-ау, одан артық не керек?!. Біз шетелдік шедеврлердің тек кейбіреуін ғана тілге тиек еттік. Әйтпесе, арнайы тоқтап атап өтерліктей ғаламаттар жетерлік. 

«Ауылдың алты ауызын» айтудан да аянып қалмағанымыз анық. Өзі­міз­дің өнерпаздарымыздың да та­сы өрге домалады. Қазақстанның Ең­бек Ері атанған Асанәлі Әшімов пен Айман Мұсақожаева бастаған, Ди­маштай дүлдүлдеріміз қостаған сахна саң­лақтары мәртебелі меймандарға ел мә­дениетінің мәйегінен дәм татырды. Рес­публикамыздың маңдайалды театр­лары мен шығармашылық ұжым­дары көрермен көзайымына айналды. Үз­дік туындыларын ұсынып, алыс-жақын­нан ат басын бұрған қонақтардың қоше­метіне бөленді. 

Көрме көрігін қыздыруға облыста­рымыз да қомақты үлес қосты. Өңір­лер кезек-кезек мәдени күндерін өткі­зіп, Есіл бойында ән әуелетіп, күй күм­бірлетті. Жергілікті мұражайлардан әкелін­ген аса құнды жәдігерлер тарих­тың талай құпияларын ашып бергендей болды. Тұлпар мініп, ту ұстаған тұлға­ларымыз тұтынған заттарды қолмен ұс­тап, өткен-кеткенді өзімізше еске тү­сір­дік. Шоқанның парша белбеуі, Жамбылдың домбырасы, Ықыластың қобызы, Пазырық кілемі...  Тағысын тағылар болып жалғасып кете береді. Осының бәрін көргеніміздің өзі бір ғанибет емес пе?! Бұлардың әрқайсысы шежіре шертеді, арғы-бергіден сыр ақтарады. Ой-өрісімізді кеңейтіп, санамызды сары-жұрт қылған отаршылдық сар­қыншақтарынан арылтады. Ұлт ұпа­йын түгендеуге ұмтылдырады. Төл мәдениетімізді тануға мүмкіндік ту­ғызады. Еліміздің ертеңі саналатын жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу ісін­де мұның маңызы өте зор екені айтпасақ та түсінікті.  Елді елеңдеткен ЭКСПО-ның екі айы артта қалды. Осы уақыт ішінде екі миллионнан астам адам көрме та­балдырығын аттапты. Олар көрген-біл­гендерін отбасына, отандастарына жыр қы­лып жеткізері сөзсіз. Сол арқылы Қазақ­станның абырой-беделі артып, қа­зақ халқы туралы жағымды пікір қалып­тасып жатса нұр үстіне нұр.

Сонымен ЭКСПО-ның соңғы нүкте­сін қоятын мезгілге де жақын­дап қалдық. Сәт­ті аяқталарына сені­міміз мол. Жа­һан­дық жетістіктер жәрмеңкесінде өз­ге­лердің өнегесін кө­ріп қана қоймай, өзіміздің де өремізді көрсетудеміз. Ал, өркениет өріне беттеген Қазақстан үшін мұндай аралас-құраластықтың пайдасы ұшан-теңіз.

ЭКСПО екі айналып келмес саған... Ендеше оның қырық жыл аңыз қылып айта жүрерліктей қызықтарынан құр қалмайық! 

Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»