Әуелгіде түкке де түсінбедім. «Бірнәрсе болып қалды ма» деп айналама қарасам, бір топ бала әр машинаға бөлініп, әлдене сұрап жүр екен. Бізге де бір бала бөлінді.
Терезенің әйнегін түсірген мен олардан не үшін жүргендерін сұрадым. Бала именген жоқ.
– Ағай, бүгін жұма. Қайыр-садақа беріңіз, – деді бетіме тік қарап. Қалтамды қармандым.
– Бүгінгінің балаларына дейін қайыршы. Не болып кеткен өзі? Осылардың әке-шешелері бар ма екен, тегі? – деп қасымдағы жолсерігім күңкілдеді.
– Е, әке-шешесі болмаса, бұл балалар қайдан келді? Ләйлек құс әкеліп тастамаған шығар, – деді екінші жолаушы.
«Япырай, осы балалардың өскенде бойларына тілемсектік жаман әдет сіңіп кетпес пе екен?» деп күйзеле отырып ойладым. Әркім-әркімнен бес-он теңге жинап алған жеткіншектер жол бойында мәз-мейрам болып қала берді. Бір-біріне қанша тапқандарын көрсетіп, ыржаң-ыржаң етеді.
Бұларға әке-шешесі «көшеге шығып қайыр сұраңдар» деп айтпаған шығар. Сонда олар мұндай әдепсіздеу әдетке қайдан барып жүр? – Шіркін, балалық-ай! Бұлардың да басқалар сияқты балмұздақ жегілері келеді ғой, – деді менің ойымды оқып келе жатқандай жанымдағы жолаушы балаларды ақтап алмақ болып.
Оның бұл пікіріне мен ләм-лим деп тіл қатпадым.
Балмұздақты әркім-ақ жегісі келеді. Тіпті, үлкендер де. Бірақ оны адал еңбекпен таппас па? Бүгін әркімге телміріп көзін сатқан бала ертең есейгенде масылдық пиғылдан, жатыпішер жалқаулықтан, сұмырай сұраншақтықтан, тексіз тілемсектіктен арыла алар ма екен? Абай атамыз айтқан «теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман» осындай қараусыз қалған қалқатайларымыздан шықпай ма?
* * *
Күні кеше, иә, күні кеше бағдаршамның қызыл жарығына көлігіміз тұрып қалды. Бір жас бала жүгіріп келіп, тереземізді қақты. «Тағы да сұраншақ балалар болды ғой» деп тыржың еттім. Өткенде ғана бағдаршамның қызыл жарығына тоқтаған автокөліктегі жолаушылардан теңге сұрап жүрген балаларды көргенмін. Оның алдында ауызашардан бұрын жарапазан айтып, көлік иелерінен, жолаушылардан теңге жинап жүргендерді кезіктіргенбіз. Сірә, бұл да солардың «сортынан ғой» деген бір ой қылаң бергені рас. Бірақ бұл бала қайыр сұраған жоқ.
– Аға, ту аласыз ба? – деді.
Қарасам, балақайдың қолында бір бума жалауша. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының шағын көшірмесі. Жеңіс күндері биіктерде желбірейтін Мемлекеттік Ту адамдарға қашан да асқақ рух сыйлайды. Тудың бағасы қымбат. Осы Тудың жеңіс тұғырында желбіреуі үшін қаншама ерлер жандарын пида етпеді десеңізші. Бойымды бір алапат сезім биледі.
– Ағай, алыңызшы. Елу теңгеден ғана, – деді балақай. Біз төрт жалауша сатып алдық.
– Көлігімнің ішіне іліп қоямын. Мына жерге. Сонда менің көлігіме мінгендердің қашан да отансүйгіштік сезімі оянады. Ал, шетелдіктер көлігіме міне қалса, «бұл ел не деген патриот» деп сүйсінетін болады, – деді такси жүргізушісі.
– Мен де жұмыс бөлмеме, үстелімнің үстіне қоямын, – дедім үнсіз қалуды орынсыз санап.
Осы бір сәт құйтақандай болып жұмыс істеп жүрген балақайды құшақтап, бауырыма басқым келіп кетті. Иә, ол еңбек етіп жүр. Сол азғантай ғана еңбегімен бәлкім анасына көмектесіп жүрген шығар. Әлде қыркүйектегі сабағына қажетті оқу құралдарын өз еңбегімен алғысы келген болар. Соңыма бұрылып қарасам, жалауша ұстаған бала жол жиегінде тұр екен.
Көңіл пердесін бір толқын тербеп өтті. Бұлдырап қалып бара жатқан балақайға сүйсінгенім сонша, қайта барып тағы да жалауша алғым келіп кетті. Иә, ол ертең үлкен азамат болады. Еңбектің, бейнеттің қадірін біледі. Бәрінен бұрын ешкімге көзін сатып, телмірмейді. Өз еңбегімен адал нанын тауып жейді. Ал, бізге қашан да нанын адалдап жейтін азаматтар керек!
Сабырбек ОЛЖАБАЙ