Алып Абайды, шалқар Шәкәрімді, мұхит Мұхтарды дүниеге әкелген Шығыс топырағында қасиетті мекендер аз емес. Қазіргі уақытта болашақта «Қазақстанның киелі орындар картасына» енетін Шығыс Қазақстанның өзінің киелі орындар картасы түзіліп жатыр. Әзірге бұл тізімге облыс аумағындағы 8 тарихи орын еніпті. Олар: Зайсан ауданындағы Шілікті жазығы, Катонқарағайдағы Берел қорымы, Ұлан ауданындағы «Аблайкит» ғибадатханасы, Мұзтау шыңы, Күршім ауданындағы Қиын Керіш, Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірі, Тарбағатайдағы Ырғызбай Досханаұлы кесенесі мен Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі. Жақында облысымызға «Қасиетті Қазақстан» ғылыми орталығының басшысы, тарихшы Берік Әбдіғали арнайы келіп, өңірдегі ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, аймақтың киелі орындар картасы тізіміне енгізілетін жерлердің жайын бірлесе талқылаған болатын. Б.Әбдіғалидың сөзінен аңғарғанымыз, республикалық сарапшы комиссия Шығыс Қазақстандағы 8 нысанды таңдап алған екен. Осы нысандар келешекте әзірленетін «Қазақстанның киелі орындары картасының» тізіміне енуі мүмкін. Бұлар қандай нысандар? Олар: Семейдегі Ф.Достоевскийдің музей-үйі, осы қаладағы «Алаш арыстары» музей-үйі, Берел қорымы, Қоңыр әулие үңгірі, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі, Ырғызбай әулие кесенесі, Аягөздегі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мазары және «Өлімнен де күшті» мемориалы. Әрине, бұл тізімге алдағы уақытта өзгерістер енуі де мүмкін. Өйткені, Ұлан ауданындағы Ақбауыр үңгірі мен Тарбағатайдағы Бөрітастаған секілді қасиетті орындар бұл тізімге енбеген екен. Өңірдегі зиялы қауым өкілдері мұндай қастерлі жерлер міндетті түрде тізімге енуі тиіс деп санайды.
№5 қорым музейге айналады
Қазіргі уақытта өңірде жоғарыдағы тізімге енген әйгілі Берел жазығы мен Шілікті қорғандарында қазба жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Жақында түркінің төрі, алаштың атажұрты болған Төр Алтайдағы әйгілі Патшалар жазығындағы №5 қорымнан құнды жәдігерлер табылған еді. «Қазба жұмыстарының нәтижесі мені таңғалдырды. Мүрденің жанынан екі атпен бірге қанжардың табылуы оның тегін адам болмағанын көрсетеді. Бұл әйел жай ғана ақсүйек емес, жауынгер болуы да ғажап емес. Жәдігерлер екі маңызды дүниені аңғартады. Біріншіден, Зейнолла Самашев айтып жүрген «Дала Амазонкалары» жайындағы идеология расқа айналуы мүмкін. Яғни, бабаларымыз біздің заманымызға дейінгі 2-3 ғасырларда-ақ әйелдерді ерлермен тең санаған. Дала демократиясының артықшылығы осында. Екіншіден, табылған алтындар қағаздай жұқа етіп өңделген. Сол заманда осындай нәзік зергерлік бұйымның болуы біздің бабаларымыз өз заманының озық технологиясына ие болғанын айғақтайды. Соны әлемге паш етіп, дәлелдеу үшін көне металлургиялық ошақтардың орнын қазу қажет», – деген-ді жуықта осы жерге арнайы барған аймақ басшысы Даниал Ахметов. Бұл қорымның жәдігерлері туралы қорытынды ақпарат 8-10 қыркүйек күндері Өскеменде өтетін халықаралық конференцияда толық баяндалмақ. Облыс әкімінің айтуынша, Берел жазығында №2 қорғандағыдан 10 есе үлкен кешен салынады. Ал №5 қорғанның жәдігерлері осы күйінде консервіленеді. Ол үшін шетелден арнайы мамандар шақыртылып, қасына мүрденің жаңғыртылған көшірмесі қойылады. Сол арқылы келушілер оның қойылғанда қандай болғанын, бізге қандай күйде жеткенін көре алады. Кешеннің бір бөлігінде конференция залы, шағын зертхана сияқты аса қажетті бөлмелер жабдықталады.
Қараталдағы қазба жұмыстары
Қазіргі уақытта тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаевтың жетекшілігімен Зайсан ауданы аумағындағы Қаратал және Айнабұлақ қорымдары да зерттеліп жатыр екен. Ғалымның шәкірті, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың ғылыми қызметкері Мәмбет Шағырбаевтың айтуынша, биылғы қазба жұмыстары маусымның 26-сында Шіліктіден басталыпты. «Бірінші бағытымыз Шіліктідегі былтырғы зерттелген №16 обаны толық сканерлеп, кейбір жерлеріне шурфтық зерттеу салу болатын. Шамамен он күндей сол жерде жұмыс істедік. Өздеріңіз білесіздер, ол жерден былтыр алтын жәдігерлер шыққан. Екінші бағытымыз − осы Зайсан өңіріндегі Айнабұлақ және Қаратал қорымдарын зерттеп, паспорт жүргізу. Бұл паспорт жүргізу жұмысы шілденің 5-інде басталды. Айнабұлақ қорымында бұрын тізімге енгізілмеген, ғылымда белгісіз сақ және орта сақ кезеңіне тиесілі 300-ден астам оба, кейінгі қазақтардың 20-ға жуық қонысын, содан кейін апатты жағдайдағы тозып бара жатқан ескерткіштерді тізімдеп, құжат жасадық. Сонымен қатар, Айнабұлақтың өзінде төрт обаны зерттедік. Сол төрт обаны зерттеуге бір айдай уақыт жұмсадық. Содан кейін Қаратал қорымын зерттеуді бастадық. Бұл жерді бізге дейін жергілікті халық Жеті оба деп атап кеткен екен. Бәлкім, алыстан қарағанда, обалардың жетеуі ғана анық көрінетін болғандықтан да, солай атаған болар. Ал зерттеу барысында ол жерде жеті емес, он алты обаның бары анықталды. Оның оншақтысы ірі, қалғандары ұсақ обалар. Бұлардың мерзімдерін орта сақ кезеңі деп отырмыз», − дейді Мәмбет Шағырбаев. Қараталдағы қазба жұмыстары аяқталған соң экспедициялық топ Сауыр, Маңырақтың бойымен археологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді де жоспарлап отырған көрінеді.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»