«Бородино» шаруа қожалығының басшысы 1997 жылы ауылдағы Мәдениет үйін аукционнан бар болғаны мың теңгеге сатып алып, көзінің қарашығындай сақтап, қарап, күтіп, баптап, қызметкерлерінің ақшасын төлеп, 2010 жылы мемлекетке қайтарып беріпті. Егемендіктің әуелгі жылдарында иесіз қалған балабақшаны 2002 жылы, фельдшерлік пунктті 2013 жылы ауылдастарына тегін тарту етіпті. Ауылдың суы мен жарығының ақшасын да әлі күнге дейін өзі төлейді екен.
«1997 жылдың 17 наурызынан бері осы ауылда тұрып келемін. Ең алғаш осында келгенімде кеңшардың 70 миллион қарызы болды. 10 жылда қарыздардың барлығын төлеп шықтық. Мәдениет үйін қалай сатып алғанымыз да әлі күнге дейін есімде. Біреу шатырын, біреу терезесін, біреу еденін сұрап, есімізді шығарды. Ешкімге бермедік. Аман-есен сақтадық. Өйткені, бұл – елдің дүниесі. Елдің игілігіне жұмыс істейтін нысандар ғой. Ең бастысы, бұл мекемелер ауыл халқы үшін жұмыс істесе дейміз», дейді ауылдастарының алғысына бөленген кәсіпкер.
Алғыс демекші, жақында осы ауылға арнайы барғанымызда елді мекендегі тұрғындардың барлығы Қайрат Бөкежановқа ризашылықтарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізіп жатты. Осыдан бірер жыл бұрын «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, кәсіпкердің шаруа қожалығына қарасты тауарлы-сүт фермасының бригадирі Ольга Бородавкина бұл ауылға 1998 жылы келгенін айтады.
«Әуелде еден жуушы болдым. Ол кезде 24 жаста едім. Сол уақыттан бері Қайратпен бірге еңбек етіп келеміз. Көрген жақсылығымыз көп. Ауыл тұрғындары үшін аянып қалған кезін көрген жоқпын. Мен оны ауылдың иесі деп санаймын. Проблемасы бар елдің бәрі ең алдымен осында келеді. Көше тазаланбаса да осында келеді. Қыста боранға қамалған кісі де ең әуелі осында жетеді. Осы ауылдың ТЖМ да, полициясы да – Қайрат Бөкежанов. Ауылдың барлық мәселесі осында шешіледі», дейді ол.
Осы ауылда 46 жыл малшы болып, биыл зейнетке шыққан Алексей Тойкенов Қайрат Бөкежанов алғаш ауылға келгенде 114 сиыр болғанын еске алып, бүгінде сауын сиырдың өзі 400 басқа жеткенін мақтанышпен айтады. «1998 жылдан бері тізе қосып жұмыс істедік. Ешқандай өкпеміз жоқ. Қашан келсең де көмегін аяған емес. Ауылды көтерді. Оған бәріміз ризамыз», дейді ақсақал.
Малшыларға арналып бес үй салынып жатырАуылдағы 500-ге жуық тұрғынның 100-ден астамы «Бородино» ЖШС-нде еңбек етеді екен. Елді мекен тұрғындарының саны да жылдан жылға артып келе жатқан көрінеді.
«Бұл кісі ауылды ұстап отыр деуге болады. Қайрат Бөкежанов болмаса, ауылда жұмыс та болмас еді. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Олардың түскі тамағының құны бар болғаны 120-150 теңге аралығында ғана. Осыны басқа ауылдардағы кісілерге айтсаң таңғалады. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, қазір біздің ауылға жұмысшылар жетпей жатыр. Былтыр осында ауданның түкпір-түкпірінен 90 адам көшіп келді. Ауылда бірде-бір бос үй жоқ. Жұмыс орындары бар, жұмыс істейтін кісі болмай отыр», дейді «Бородино» ЖШС-нің бухгалтері Маржан Алтайбекова. Қазіргі уақытта ауылда екі пәтерлі бес үйдің құрылысы басталып кетіпті. Үш бөлмеден тұратын бұл үйлерге негізінен осындағы «Бородино» шаруа қожалығының жұмысшылары – малшылар, сауыншылар, механизаторлар, шөпшілер мен егіншілер, тракторшыларды қоныстандыру жоспарланып отыр. Бес үйдің жобалық-сметалық құжаттарының қаржысын Қайрат Бөкежанов өз мойнына алыпты.
«400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын алдағы уақытта 800-ге дейін ұлғайту жоспарда бар. Мына 5 үй сол үшін салынып жатыр», дейді шаруа қожалығының басшысы.
Реті келгенде айта кетейік, Зырян ауданында «Рухани жаңғыру» аясында жүйелі жұмыстар қолға алынып, арнайы бағдарлама жасалыпты. Аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарованың айтуынша, күнбағысы көп өңірдің ауылдық округтерінде аптасына бір рет үлкен іс-шара ұйымдастырылып, оған сол елді мекеннің барлық тұрғындары қатыстырылатын көрінеді. Шара таң атқаннан күн батқанша созылып, сол ауылдың барлық жетістіктері паш етіліп, ақсақалдарға құрмет көрсетіліп, бағдарлама соңы мәдени-танымдық кешпен аяқталады екен.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Зырян ауданы
Суретте: Қ.Бөкежанов (сол жақтан төртінші) ауылдастарының ортасында