Қазақ даласының «теңіз қақпасы» саналып келген бұл аймақтың соңғы жылдары тасы өрге домалап, несібесі артыпты. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша өңірдің экономикалық өсімі 518,5 млрд теңгені құрап, таза табыс жан басына шаққанда 803,9 мың теңгеге жеткен. Оның сыртында өнеркәсіптік өнімнің нақты көлем индексі алғашқы алты айда 99,4 пайызға жетіп, 1226,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Соның ішінде кен өндіру өнеркәсібінің үлесі – 1069,8 млрд теңге.
Десек те, соңғы жылдары әлемдік дағдарысқа алып келген мұнай бағасының құлдырауы өңір экономикасына аздап әсер еткені байқалады. Яғни, бұл сала өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға төмендеген. Жоғарыдағы көрсеткішті кәсіпорындарға жіктеп есептер болсақ: «ӨзенМұнайГаз» 2,6 пайызға, «Қарақұдықмұнай» 19,7 пайызға, «Бозашы Оперейтинг ЛТД» 7,5 пайызға құлдырағаны байқалады. Осының салдарынан кәсіпорындардың бұрғылау бағдарламасы белгілі мөлшерде қысқаруда.
Бірақ оның орнына табиғи газ өндіру өткен жылмен салыстырғанда1792,0 млн текше метрге дейін артып, химия өнеркәсібінде – 5,7 пайыз, металл емес минералдық өнімдер өндірісінде – 12,9 пайыз, резеңке және пластмасса бұйымдар өндірісінде – 29,2 пайыз, тоқыма бұйымдар өндірісінде – 21,8 пайыз, машина жасауда 20,8 пайыз өсу үрдісі байқалады.
Облыстық кәсіпкерлікті қолдау картасының шеңберінде жаңадан жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамту үшін 7 жоба жасалыну үстінде. Оның 5-уі толықтай аяқталған. Олар: Шыны-пластикалық құбырлар зауыты, Шыны-пластикалық құбырлар мен фитингілер өндіретін цех және «Ақтау Керамзит» ЖШС мен Керамзит тасын өндіретін зауыт. Қалған жобалар кезең-кезеңімен іске асып келеді. Бұл жобаларға барлығы 52 млрд теңге қарастырылған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 6 инфрақұрылымдық жобаның 2-еуі аяқталып, инвесторлардың жеке бастамаларын орналастыру үшін Индустриалды аймақ құрылыпты.
Сонымен бірге, ағымдағы экономикалық ауқымның кейбір өсу резервтеріне тоқталар болсақ: Құрық портында екінші паром кешенін іске қосу жұмыстары басталды. «Жетібай – Жаңаөзен», «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шебі» бағытында автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстары жылдың аяғына дейін толық атқарылу мүмкіндігіне ие.
Тұрғындарды жайлы баспанамен қамту мақсатында жылдың алғашқы алты айында жалпы аумағы 592,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға артқан. Биылғы жылдың алғашқы 6 айында облыстың ауыл шаруашылығы жалпы өнімі 5,1 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде халыққа қажет азық-түлік тауарларын өндіру 104,1 пайыз көрсеткішке иек артып отыр. Қазіргі күні өңірде 46 мың шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Бұл 2016 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 5,8 пайызға өскендігі байқалады. Аталмыш субъектілер жыл басынан бері 141,2 млрд теңгенің өнімін өндірген. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында 1 055,8 млрд теңге қаражат бөлініп, оған өңірлік үйлестіру кеңесінің отырыстарында мақұлданған 112 жоба қамтылған. Сонымен қатар, «Даму өндіріс» бағдарламасы аясында өңдеу секторына 12,8 млрд теңге бөлініп, 72 жоба мақұлданыпты.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырылу нәтижесінде қаңтар-шілде айлары аралығында 16 072 жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 4,9 пайызға азайыпты. Ағымдағы жылдың алғашқы 6 айында мемлекеттік бюджетке (Ұлттық қорды есепке алмағанда) – 171,8 млрд теңге, соның ішінде республикалық бюджетке – 100,0 млрд теңге, жергілікті бюджетке – 71,8 млрд теңге міндетті төлемдер түскен. Сөзімізді тұжырымдай айтсақ, облыс экономикасы даму үрдісін бастан өткеріп жатыр.
* * * Маңғыстау өңірі жоғарыдағы экономикалық бірегей көрсеткіштерінің сыртында заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай «ашық аспан астындағы музей іспеттес» көрікті мекен. Ерте дәуірде оғыз бен түркінің белдеуіне баланған Үстірттің бір қапталында Каспийдің толқындары жағаға ұрып жатса, екінші қапталы түгін тартса майы шығатын құнарлы аймақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтауға ат басын бұрған кезекті сапарында «Маңғыстау тұрғындарына көп адамдар өмірінде тым құрығанда бір рет көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған» дегені бар. Демек, бұл өлке – тарихқа бай, тағылымға толы өңір. Облыс жерінде мемлекеттік қорғауға алынған 449 ескерткіш болса, оның 21-і республикалық, 428-і жергілікті маңызға ие. Сондай-ақ, археологиялық ескерткіштер саны – 253, ансамбльді кешендер – 136, сәулет нысандары – 60. Осында тізімге алынған көне қорым-бекіністер мен керуен-сарайлардың тарихы жайлы циклді фильм түсіру мақсатында экспедиция ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, Кетікқала, Қызылқала, Қарақабақ сияқты ортағасырлық қалашықтарға, қола дәуірге тән Саура қорымына, ерте темір дәуірінің мұрасы Айғырлы бекінісі мен Түпқараған ғибадатханасына, Алтынқазған ғұрыптық кешеніне жүргізілген қазба жұмыстары әлі де жалғасын табуда.
Жоғарыдағы қазба жұмыстары кезінде табылған сақ дәуірінің мұралары артефактілер облыстық тарихи-өлкетану музей қорына алынған. Қазіргі таңда музей қорында 79250 жәдігер бар. Бұдан басқа маң далада өсетін өсімдік түрлері мен теңіз жағалауын мекендейтін 300 түрлі құстың тұлыбы экспонат түрінде музейде сақталған.
Маңғыстаулық ағайындар жоғарыдағы экспонаттар арасынан тек ғана зергерлік бұйымдарды іріктеп алып келіп, елорда іргесіндегі «Этноауылда» көрме ұйымдастырды. Оны көппен бірге бізде тамашалап қайттық. Әсіресе, XVIII ғасырдың мұрасына жататын Адай қыздарының әшекейі: өңіржиек, өңіртал, өңіралқа, үкіаяқ көрме сөресінің сәнін келтірсе, хас шебер Әуез Сағынаева жаңғыртып жасаған «Адай қызының сәукелесі» мен 12 бөліктен тұратын белдік, қостанапты құдағи жүзік, ілмежаулық, сәйкі әйелдерге тән білезік, қайқылар ұстаған күміс шақша сияқты жауһар жәдігерлер көрерменнің көзайымына айналды.
«Этноауылда» музей жәдігерлерімен қапталдас өлке шеберлерінің қолынан шыққан құнды дүниелер де сөреге жайғастырылыпты. Дені зергерлік бұйымдар. Атақты қолөнер шебері Түгел Оразовтың шәкірті Сағидолда Оразов осында өзі жасаған 30-ға жуық зергерлік қымбат бұйым түрлерін әкелген екен. Сағидолда зергердің басты ерекшелігі – ұлттық дәстүр жалғастығын сақтай отырып, көне сіркелеу тәсілі арқылы зерлеу, кесуді пайдалануында. Сонымен қатар, саз аспаптарын жасаудың маманы әрі 2017 жылы Атырау қаласында өткен «Үкілі домбыра» байқауының жеңімпазы Нұржан Мұсаев пен ағаш ұстасы Дәулетжан Үсеновтің қолынан шыққан домбыра, қобыз, ағаштан ойылған ыдыс-аяқтар әдемілігімен көз тартады.
Үстірт өңірінде баяғыдан бері сақталып келе жатқан тағы бір құнды дүние – қыз жасауына қатысты ғұрыптық бұйымдар. Егер де, қыз ұзатып, келін түсірер болсаңыз, маңғыстаулық тігінші-оюшылар Нағима Тасмұхамбетова мен Бақтылы Бопанаевалардың қолынан шыққан шымылдық, қыз ұзату көйлегі, жасау көрпе сияқты дүниелерді қазақтың қай бұрышына да ұялмай апаруға дәтіңіз жетеді.
Бұлардан басқа тек осы өлкеге тән тың жаңалық – түйенің түбіт жүні мен оның қылшықты шудасын және қойдың биязы жүнін пайдаланып өндірілген өнімдер. Атап айтқанда, аппликация әдісімен ұлттық нақышта жасалған паннолар, кәдесыйлар, сонымен қатар жұқа киізді ою-өрнекпен безендірілген күнделікті тұрмыста қолдануға ыңғайлы ер және әйел адамның киімдері, балаларға арналған кәжекейлер, сөмкелер, бөкебайлар... көрер көзге тартымды екен.
Бұл заттарды шетелдік саяхатшылардың қызықтап сатып алып жатқанына куә болдық. Әсіресе, жібек пен жүнді араластырып, өрнекті пішін тудырушы ісмер Күлшат Балғабаева, қыста киюге қолайлы киіз-шапанның авторы Жансая Жұманова, киіз-қамзол жасаудың шебері Әлия Апақаева мен жұлдызқұртты көбелек матадан іс тігудің шебері Айнұр Қилыбаева, киізден бойтұмар пішіндес кәдесый жасаушы ханымдар – Ольга Варталевская, Қарлығаш Күлжанова, Күміс Жаңаева, Дариха Сүйеубаева сияқты шеберлердің бұйымы әдемілігімен әсерлі көрінді.
* * * Астана тұрғындары мен шетелдік меймандар маңғыстаулықтардың көрмесін тамашалаумен қатар өңірдің өнеріне де куә болды. Өйткені, Үстіртте оғыз дәуірінен бері үзілмей ұштасып келе жатқан қайқы-жыршылардың керемет дәстүрі бар. Оның сыртында тума мәдениетін бұзбай сақтаған берекелі жұрт. Қазіргі таңда облыс көлемінде 66 кітапхана жұмыс істеп тұр. Осылардың 50-і ауылдық жерде орналасқан. Сондай-ақ, аймақта 39 клуб болса, оның 36-сы тағы да ауылдықтардың үлесінде. Бұлардан басқа 6 музей бар. Өңірдің мәдениет саласында 1882 адам қызмет істейді. Астанада өткен мәдениет күндері барысында маңғыстаулықтар барлығы 34 мәдени шара өткізіп үлгерді. Оған 600-ге жуық өнерпаз қамтылса, осылардың 233-і кәсіби әртістер де, қалған 120-сы этномәдени бірлестіктердің қатардағы өнерпаздары екен.
Әсіресе, «Этноауылда» өткен этнографиялық театрландырылған мәдени қойылым кезінде жергілікті қайқы-жыршылардың төгіп айтқан ағынды сарындары естушіні есінен тандырды. Сонымен қатар, «Студенттер» саябағында қойылған облыстық қуыршақ театрының «Айжан әженің ертегісі» атты спектаклі, «Жерұйық» саябағында өнер көрсеткен «Серпер» фольклорлық ұжымы, «Гүлдәурен» халықтық би ансамблі мен «Керуен» вокалды тобының концерттік бағдарламалары көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ, әнші Тамара Асармен бірлесіп өнер көрсеткен «Жорға» халықтық би ұжымының шығармашылығы да биік межеден көрінді.
* * * Әр облыстың мәдени күндері аясында бұған дейін өткізіліп келген ұлттық спорт шаралары да өз жалғасын тапты. 18 тамыз күні «Қазанат» атшабарында маңғыстаулық «Адай ата» көкпар командасы мен Астана қаласының «Тұлпар» көкпар командасы арасында жолдастық сайыс ұйымдастырылып, Үстірттің ұландары жеңіске жетті. Сонымен қатар, қыз қуу, теңге салу, саятшылық, құмай тазы, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен өткізілген жарыстар мен шеберлік көрсетілімдер жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Осылай төрт тәулікке созылған мәдени күндердің соңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов елордадағы Ана мен бала орталығында балалар онкологиясы бөлімшесінде емделіп жатқан бүлдіршіндерге арнайы сыйлық жасап, ауыр дерт меңдеген сәбилерге қуаныш сыйлады. Сөйтіп, ән-жырмен басталған шара сауаппен аяқталды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»