Ата-анасының өзінен ештеңе аямайтын ықыласын көрген бала да, болашақ келін де «ешкімге ұқсамайтын» той талап етіп, шалжияды. Мейрамханаға келінді лимузинмен кіргізіп немесе сүндетке отыратын баласын салт атпен залға енгізіп, елден ерекше болуға тырысу, той кортежін жол тәртібін бұзып жүргізу, тіпті тікұшақпен алып жүру – осының бәрі «ешкімге ұқсамайтын», жұрттың бәрінен асырамын деуге ұмтылудан туған дарақылық. Бірақ қазақ соған мәз. Байлығы жетіп тұрса да осылай шашылуға, осылай еркінсуге бола ма?
Сегіз Серінің ақылды адам екенін көрген бір губернатор: «осы қазақ Шорманның Мұсасын, Өскенбайдың Құнанбайын, Сандыбайдың Ерденін мақтап, ауыздарынан тастамайды, соның себебі неде?» деп сұрапты. Сонда Сері: «Бұл адамдар қанша құйсаң да толмайды, қанша толса да төгілмейді, сондықтан қазақ оларды мақтайды деп жауап берген екен. Ал бүгінгі байшыкеш қазақтар ұшпа бақпен келген аз дәулетіне мас болып, елден ерекше болуға тырысып жанталасады. Ал кедейлері солардан қалмаймыз деп тырбаңдайды. «Қанша толса да төгілмейтіндей» болу үшін ата-бабаның мықтылығы, арғы тектің асылдығы бойында жоқ. Бірақ олар болмаса да сабырға шақыра алатын «нұрлы ақыл» керек еді. Ондай да болмаған соң бүгінгіге, бір күнгіге мәз болып, жарқылдатып бәрін шаша береді.
Біздің дана халқымыз барлық жанды-жансыз дүниенің кепиеті болады деп санаған. Артық шашып, артық төкпек түгіл орынсыз қолданып, қорлыққа салсаң (мәселен, үркек атты оттары жарқылдаған шулы ортаға зорлықпен кіргізсең) немесе қымбат затыңды ескірмей жатып лақтырып тастасаң да кепиеті соғады деген. Дін ислам да ысырапшылдықты обал деп санап, ондайды жасауды күнәға жатқызады.
Дәулетті жігітке тұрмысқа шығып, бір қыста бес құндыз тон ауыстырған әйелді білеміз. Білетіндер оған кепиеті соғады ғой, сонша қымбат дүниені неге ауыстыра бересің деп құлаққағыс та етті. Бірақ дарақы әйел ештеңені құлағына ілмеді. Ақыры күйеуі қайғылы қазаға ұшырап, артында қалған барлық байлығын туыстары сыпырып алып, даңғой әйел осы күні «үрерге иті, сығарға биті жоқ» дейтін халге жетіп, пәтер жалдап жүр... Дүниенің кепиеті соқты деген сол, әне.
Осындайлар көп және мұндайлар туралы аз айтылып та жүрген жоқ. «Елден ерекше боламын, ешкімге ұқсамаймын» деп дарақылық жасап, дүниені орынсыз шашудың сұрауы болатынын, жансыз дүние болса да зорлық қылсаң кепиеті соғатынын ешқашан ұмытпаған жөн.
Біздің көрші елдерімізде де даңғойлық пен ысырапшылдыққа жол беретіндер бар екен. Тәжікстанда сондайды тыю үшін заң да қабылдап, дарақылықты арнайы жазамен тыятын болыпты. Жуырда сол елдегі Ұлттық кітапхананың директоры Сайфиддин Назарзада баласының үйлену тойына 300 адам шақырғандығы үшін жазаға ұшырап, қызметінен қуылған. Заң бойынша тойға 150 адамнан артық шақырылмау керек екен.
Әрине, адамның құқы мен бостандығын сақтаймыз дейтін біздің ел мұндай заң қабылдай алмайды. Ондайға тіпті күліп, мазақ қылуға да дайынбыз. Не істесе де өзінің ақшасы емес пе, қалай шашса да кімнің жұмысы бар дейміз. Бірақ ынсапты сақтауға санамыз жетпесе, балаларымыздың «ешкімге ұқсамайтын» той талап еткен балалық даңғойлығын тыя алмай отырсақ не істеуге болады? Ақымақшылықты ақылмен тыйдыра алмасақ, басқа амалымыз бар ма?
Тәжікстан елі той шығынын азайтуды көздеген заңға қосымша да енгізіп, жаңа заң жобасын жасатып қойыпты. Ол да биыл күзде қабылданады. Оған сәйкес үйлену тойынан кейін тағы да артық шығындар жасауға тура келетін чодарканон, ноншиканон, модарталбон, муборакбоди, рохбандон деген сияқты салт-дәстүрлерді жасау тыйылыпты. Мұнысы біздің тойдан кейін жасалатын «келінге шай құйғызу», «құдалардан келген қалтаны тарату» деген сияқты ырым-жырымдарға келеді. Той өткізген отбасы ертесіне әйелдерді жинап тағы осындай салттарды жасайтын болса, жаңа заң бойынша жаза тартады... «Мұндай шаралар халықты артық шығындардан сақтап, тұрмыс-ахуалын жақсартуға септігін тигізеді» деп жазылған заңның кіріспесінде.
Жоғарыда айтқанымыздай, бізде мұндай заң қабылдана қоймас, бірақ ақылға салып, ойлану керек-ақ. Өлген адамға бағышталып ас берілгенде неше түрлі артық тағамдар дайындалатынын дін басшылары сынап, оның ысырапшылдық екенін айтқаннан кейін Астанада ондай дүниелер аздап тыйылды. Сол сияқты той өткізгенде де елден ерекше болмаққа ұмтылуды сынап, ондайдың астамшылық екенін үнемі айтып отырсақ, адамдарымызға ой түседі ғой деген үміттеміз.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»