Қылмыстық істі қараған жуырдағы сот отырысында прокурор Рауан Бостанов оның былық-шылықтарын жіпке тізгендей санамалап беріп, 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыпталушы «Каздорстрой» мердігерлік компаниясының Петропавл тасжолы бойында шыбық басын сындырмаған жұмыстарын жалғанның жалпағына шығарудың орнына көз жұма қараған. Оның соңы қомақты пара алумен аяқталған.
Күдіктінің кінәсін бірден мойындауы судьяны да, сотқа келгендерді де таңғалдырды. Сөйтсе, оның астарында «қулық» жатқаны адвокаттың сөзінен кейін белгілі болды. Қорғаушы Дулат Өмірәлин А.Жанкиннің қылмысын толық мойындағанын, мемлекетке келтірген шығындарды түгел өтейтінін, тағы басқа дәлелдемелерді алға тарта отырып, Қылмыстық процессуалдық кодекстің 382-бабы бойынша істі қысқартылған тәртіппен қарау, жазаны айыппұл ретінде тағайындау туралы өтінішін судья Айдархан Жанақов қанағаттандырып, заңсыз жолмен қалтаға баспақ болған қаражатты 60 есе өсіммен – 119 миллион теңге мөлшерінде өтеуге үкім шығарды. Дүние-мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметтен өмір бойы аластатылды. Аталған сома бір айдың ішінде төленуі тиіс. Болмаса алты айға бөліп төлеу үшін сотқа өтініш түсіру құқы бар.
Айтпағымыз мынау: сотталушының ағайын-туыстары үкімді ду қол шапалақпен қарсы алып, судьяның сөзін үзуіне, ескерту жасауына тура келді. Олардың қуаныштарына қарағанда айыпталушыға айыппұлды төлеу шыбын шаққан құрлы әсер етпейтін сияқты. Оны қалай өтемек деген сауал тіл ұшына оралады. Жеке есебінде жүз миллиондаған қаржысы болса, екі миллион үшін қылмыстық қадамға баруына, абыройын айрандай төгуіне жол болсын?
Судьяның шешімін жұртшылықтың әрқилы қабылдағаны рас. «Дәніккеннен құныққан жаман» деп аталарымыз бекер айтпаған. Тәбеті ешқашан тоймайтын, араны әбден ашылған лауазымды тұлғалардан мемлекет қаражатының еселеп қайтарылғаны дұрыс-ақ. Алайда, оған қоса жазаларын абақтыда өтеу шараларын да қарастырған жөн. Әсіресе, халық меншігіне қырғидай тиетін ұры-қарыларға жазаны қатаңдату әлдеқайда әсерлі болары анық. Әйтпесе, айыппұл төлеп, құтылып кете берсе, ертең баяғы «әніне» баспасына кім кепіл? Мұндайда жазаның тиімділігі жайында әңгіме қозғаудың өзі артық. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас буын қандай сабақ, тәлім-тәрбие алмақ? Таяқтың екі ұшы барын ескермей болмайды. Осындайда «ұры түрмеде отыру керек» деген қанатты сөз еріксіз еске оралады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы