• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Тамыз, 2017

Тарбағатайдың Ақсуат ауылында 2 мың орындық стадион ашылды

1120 рет
көрсетілді

Тарбағатай ауданының орталығы - Ақсуат ауылында толықтай күрделі жөндеуден өткен 2000 орындық стадион салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Ауылдың ажарына ажар қосқан спорт нысанындағы футбол алаңына 20 миллион теңгеге жасанды төсеніш төселіп,  ені 10 метр, ұзындығы 400 метр болатын жүгіру жолы асфальтталыпты. Сонымен қатар стадионға 1250 жаңа орындық орнатылып, ондағы әкімшілік ғимараттың шатыры жаңаланыпты.

«Осы жұмыстардың барлығына ұзын саны 80 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Стадионның адам танымастай өзгеруіне ауданнан шыққан іскер азаматтар, осындағы кәсіпорындар мен мекемелер, тіпті қарапайым тұрғындарға дейін бір кісідей атсалысты. Туған жерге жанашыр азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Барқытбел баурайындағы жұрт Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасына осылайша үн қатып, үлес қосып жатқан жайы бар. Жалпы, биыл кәсіпкерлер есебінен аудан бюджетіне 200 миллион теңгеден астам инвестиция салынды. Өсіп-өнген мекенін өркендетсем дейтін жаны жомарт жандардың қатарының көбейіп келе жатқаны қуантады», дейді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.

Екі мың орынға шақталған стадионда бір мезгілде спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға болады. Айнадай жарқыраған спорт нысанының ашылғанына ауылдың жасамысы да, жасы да дән риза.

«Ауданнан 10 әлем чемпионы шыққан. Бұл стадион алдағы уақытта біздің жастарымыздың арасынан әлем, Олимпиада чемпиондарының шығуына септігін тигізеді деп ойлаймыз», дейді спорт ардагері Болат Оразғалиев. 

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы