Бұрынғы Орал мен Үйшік арасындағы үлкен уезд орталығы, тоғыз жолдың торабы болған Ілбішін өңірі – талай-талай тарихи оқиғалар өткен аймақ. Әсіресе ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі ақ пен қызыл алмасқан аласапыранның біразы осы жерде өткен. Жайық бойын жайлаған жұрттан ғасыр басында оқыған-тоқыған зиялы азаматтар да көп шыққан. Дәулетше Күсепқалиев, Есенғали Қасаболатов, Иса Қашқынбаев, Ғаббас Жетпісов, Молдағали Жолдыбаев, Беркінғали Атшыбаев, Тәжімұқамбет Жалпақов, Бақтығали Бисенов, Қазмұхамбет Тәтібаев, Дүйсенбай Асанов, Айтқали Абылаев, Қажығали Мәулімберлиев сынды талай азаматтар әуелі Алаш қозғалысының қатарында ұлт тәуелсіздігі үшін қызмет етті, кейін советтік Қазақстанның қалыптасуына еңбек сіңірді. Бұл азаматтардың көбі сталиндік репрессия құрбаны болды, кейбірінің еңбегін ел-жұрт әлі күнге дейін толық білмейді.
– Алаш зиялыларының мақсат-мүддесі мен Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласынан туындайтын бағдарлама бір-бірімен тарихи үндесіп жатыр. Алаш тақырыбы халқымыздың жанына жақын, аяулы тақырып. Сондықтан да болар, бұл тақырыпқа қызығушылық ерекше. Біздің осы жиынымызға аз уақыт ішінде 42 баяндама келіп түсті. Біз оларды іріктеп, конференция жинағында жариялайтын боламыз, – деді Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов конференцияны ашып тұрып.
Белгілі алаштанушы, «Шәңгерей», «Ғұмар Қараш», «Батыс Алашорда» кітаптарының авторы Мақсат Тәж-Мұраттың «Азаматтар бар еді, күрек тісіміз сықылды» атты баяндамасын конференцияға жиналғандар ұйып тыңдады. 1905 жылы Бақытжан Қаратаев пен Серәлі Лапиннің «Алаш» гербі мен «Алаш» ақшасының нұсқасын жасауы, 1911 жылы Батырқайыр Ниязовтың «Алаш» атты газет шығармақ болған талпынысы туралы деректер көп адамға тың жаңалық болды. Сондай-ақ Алашорданың батыс қанаты, 19 ай – 578 күн бойы билік құрған, Кольчакқа да, Самарадағы Комучке де, Орал казачествосына да билік бермей, өз тізгінін өзі ұстап тұрған Батыс Алашорда үкіметі, оның құрылымдары, тарихи оқиғалар мен тұлғалар жайлы тағылымды әңгіме талайдың құлағына жақты.
Конференцияда Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет «Ел аумағын түгендеген Танашев», Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев «Алаш арыстарының арманы: тарих және тағылым», белгілі алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова «Жаһанша Досмұхамедұлы – Күнбатыс Алашорда жетекшісі», БҚО дін істері басқармасының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов «Алаш зиялыларының дәстүрлі дін үшін күресі», тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин «Қажығали Мәулімберліұлы және ХХ ғасырдың басындағы өлкедегі қоғамдық-саяси жағдай», Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы «Жазықсыз жазаланған журналистер», Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров «Ақжайықтан шыққан Алаш арысы – Бақтығали Бисенов», Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева «Алаш арыстарының өнегесі жас ұрпақ тәрбиесінің негізі» атты баяндамаларын ортаға салды.
Ақжайық ауданы аумағындағы барлық мектептерде музей ұйымдастырылған. Ол жерде биыл Алаш тақырыбына орай жәдігерлер мен деректер жинақталып, оқушыларға Алаш қозғалысының мәні мен мазмұны туралы дәрістер берілмек. Бүгінгі конференцияға да осы мектептер жанынан құрылған музей мамандары арнайы қатыстырылды.
Конференция жұмысына қатысып, құттықтау сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов Елбасы ұсынған тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бағыттары туралы айтып өтті.
Жиын соңында ғалымдар тарапынан бірнеше ұсыныс айтылды. Мысалы, Дәметкен Досмұқанқызы Алаш офицері Айтқали Абылаевтың «7 қызыләскерді сотсыз атып тастаған» деген айып тағылып, күні бүгінге дейін ақталмағанын, Алаш қозғалысының 100 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып жатқан шақта Абылаевтың есімін ақтап алу қажеттігін мәселе етіп көтерді. Мақсат Әнесұлы көпшілікке әлі толық танылмаған Алаш қайраткерлерінің есімін ел есінде қалдырып, Есенғали Қасаболатов, Иса Қашқынбаев сынды айтулы тұлғаларды ұлықтау, көшелер мен ғимараттарға, түрлі ұйымдарға есіімн беру керектігін айтты. Конференцияға қатысушылар осы және басқа да ұсыныстардың басы қосылған қарар қабылдады.
Қазбек Құттымұратұлы, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы