• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2017

Баға мәселесінде байыптылық қажет

427 рет
көрсетілді

«Сауда орындарымен салыс­тыр­ғанда баға төмен шығар?» деген дәмелі ойдың жетегімен таңғы ұй­қы­­мызды қиып, ертелетіп көтерме ба­зарға бардық.

Іздегеніміз – арзан азық-түлік. «Астанаға оңтүстік өңір­лерден әкелінген көкөніс пен же­міс-жидекті осы базарда таңертең төмен бағаға алуға болады» дегенді ұзынқұлақтан естіген соң ертелетіп барған түріміз ғой. Күн шығар-шық­пас уақыт болса да базарда адам да көп, көлік те көп. Егде кісілерді де кө­зіміз шалып қалды. «Олар да зей­нет­ақысын үнемдеп, арзан азық-тү­лік ал­ғысы келген шығар» деп ой­ладық.

Бақсақ, базарда айтарлықтай арзан­шы­лық жоқ. Көкөніс те, жеміс-жидек те, ет пен сүтің де Астананың сауда орындарымен салыстырғанда айырмашылығы – 20-30 теңге. Әрине, баға да сапасына қарай. Жақсы тауарын арзанға беріп жат­қан ешкім жоқ. «Біздің көретін пай­дамыз бар-жоғы бес теңге. Көбірек қос­сақ, алушы азаяды» дейді қолы қо­лына жұқпай, саудадан мойын бұруға мұр­шасы болмай жүре сөйлеген жігіт.

– Негізі биыл көктем жауын-шашынды болғандықтан көкөніс аз болды ма, жоқ әлде басқа себебі бар ма, әй­теуір баға былтырғыға қарағанда жо­ға­ры. Тауар жеткізушілердің қойып отыр­ған бағасына осындағы сатушылар көп үстеме қоспайды. Өйткені, оны қым­бат­қа ешкім алмайды. Сақтауға да мүм­кін­дік жоқ, тез бүлінеді. Сондықтан, тезі­рек сатуды көздейді, – дейді әлгі жігіт.

Астананың сауда нүктелерінің біра­зы­на көкөніс пен жеміс-жидектің түр-тү­рі осы жерден жеткізілетін болып шық­ты. Алыпсатарлардың да көретін пайдасы – күнделікті күнкөрісіне жетерлік нә­пақа екен. Тіршіліктің басқа көзі жоқ бол­ғандықтан, амал жоқ осылай жасауына тура келетін көрінеді.

– Осы жерден алып, сауда нүкте­ле­рі­не апарып сататындардың да шекесі шыл­қып тұрғаны шамалы. Өйткені, бұ­рын­ғыдай бес-он тиын пайдасы жоқ. Бас­қасын айтпағанда, жалға алған орын­ға төлейтін салықтың өзін шығара ал­май, шығынға белшесінен батып жат­қандар көп. Соның бірі менмін, – деді қасымызға келген орта жастағы әйел.

Бұл әңгімелерді келтіріп отырған себебіміз, астаналықтарды арзан азық-түлікпен қамтамасыз етудің ешқандай да жолы жоқ па сонда? Түсінеміз, н­арық заңына сәйкес базарды баға би­лейді. Өндіруші тауар өндірген соң одан пайда табуды көздейді. Бәрі дұрыс. Әйтсе де Үкіметтің бағаны тұ­р­ақ­тандыру бағытында қолға алған ша­раларының маңызды іске септігі ти­мегені қалай? Әсіресе, зейнетақы мен төлемақыға жан бағып отырған зейнет­кер­лер мен күнкөрісі төмен жандар­ды қым­батшылықтың қыспағынан шы­ға­рудың ешқандай жолы жоқ болғаны ма сонда?

Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл басынан бері негізгі тұтыну тауар­ла­ры­ның құны 4 пайызға жуық өскен. Би­ылғы жылдың жеті айы ішінде, әсіресе азық-түлік 4,6 пайызға қымбаттаған. Киім-кешек пен басқа тұр­мыстық тауарлар бағасының да бір­шама өскені байқалып отыр. Бағаның шарықтауы Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда Астанада жо­ғары. Соңғы екі-үш айда елорда рес­публикадағы ең қымбат қалаға айналып шыға келді. Өткен жылдың желтоқсаны мен биылғы жылдың шілдесі аралығында Астанада азық-түліктің құны 6,4 пайызға артқан. Кейбір сарапшылар мұны елорда халқының өсуі және өтіп жатқан көрмемен байланысты деген уәж айтады. Бұл көкейге қона қоймайды-ау. Рас, тұрғындар саны артқан сайын сұраныс та көбейеді. Бірақ, тұрғындары азайып жатқан қалаларда да арзаншылық жоқ. Бұл мәселені шешудің ең бас- ты жолы – көптің көңілінен шыққан бағдарламалардың түбегейлі жүзеге асуына қол жеткізу. Мәселен, Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін жасау мақсатындағы игілікті іс қолға алынғанда елордалықтар «өте дұ­рыс қадам екен» десті. Оның да жүзеге аса бастағанына биыл үшінші жыл. 2018 жыл­дың соңына дейін жалғасатын бағд­ар­ламаның ойдағыдай орындалуына билік тармақтары ерекше мән беруі керек-ау шамасы. «Жоспарланған жұмыстар сәтті жүзеге асса, астаналықтарды арзан азық-түлікпен қамтамасыз етуге толық болады» дейді мамандар. Бі­рақ, осы істің тетіктері ойлағандай жү­­зеге аспай жатыр ма, қалай? Олай дей­тініміз, азық-түліктің басқа түрін айт­па­ғанның өзінде, ет пен сүттің бағасы Астанада халықтың қалтасын қаға бас­тағандай. Бағдарлама дұрыс жүзеге асса, бағаны тұрақтандыруға бол­мас па еді? Бағаны тұрақтандыру де­г­еннен шығады, Ауыл шаруашылығы вице-министрі бірде картоп, қырыққабат, сәбіз және басқа да әлеуметтік тауарлардың бағасын бір­қа­лыпты ұстау үшін республиканың бар­лық облысында тұрақтандыру қо­ры құрылғанын айтқан еді. Ондағы мақ­сат – осы қордың қаражатына жыл сайын арзанға азық-түлік сатып алып, қымбатшылық байқала қалғанда ха­лық­тың қалтасы көтеретіндей бағада на­рыққа шығару. Қымбатшылық қысқан қаз­іргідей уақытта осындай қорлардың да шапағаты тиіп жатса, өте игілікті іс болар еді.

Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»