Қаз дауысты Қазыбек бидiң 350 жылдығы Оңтүстік Қазақстан облысында жалғасын тапты.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру аясында Сарыарқа төсінен келген автокеруенің оңтүстікке ат басын бұруы да бекер емес. Себебі, Қазыбек би ұлттық пантеонға айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленгені белгілі.
Бабтардың бабы Арыстанбапқа зиярат еткен автокеруен Түркiстан шаһарына жол тартты. Мәртебелi қонақтар Қ.А. Ясауи кесенесiнде болып, осында жерленген қазақтың тарихи тұлғаларымен танысты.
Мерейтойлық бағдарлама аясында көш түзеген бұл автокеруен елiмiздiң бүкiл қасиеттi орындарын аралап келе жатыр. Қызылорда облысындағы Қорқыт ата кешенiнде болған керуен енді көршi өзбек елiнiң Ташкент қаласында және Науаи облысында болып, Төле және Әйтеке билердiң әруағына тағзым етпек.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»