• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2011

Ұлттық саясаттың жемісі

268 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының атына Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының құрметті азаматы, білім беру саласының ардагері Светлана Сергеевна Хоменкодан хат келді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Прези­дентінің баспасөз қызметі. Автор өз хатында Елбасы Н.Ә.Назарбаевты алда келе жат­қан ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғымен құттықтай отырып, жаңа Қазақстанның қарыштап дамуы және әлемдік аренадағы беделінің күн санап өсіп отыр­ғаны, ең алдымен, Президенттің есімімен тікелей байланысты әрі ерен еңбегінің нәтижесі екенін зор мақтаныш сезіммен жазады. Одан әрі хатта былай делінген: «Қазақстан бүгінде Сіз және келешек ұрпақтар мақтан ететін өз тарихының жаңа беттерін жазуда. Бүгінгі біздің рес­публикамыз – күллі әлемге та­ныл­ған, ашық және гүлденген ел. 90-жылдардағы Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанның ара­сын­да қаншама орасан айырма­шы­лықтар бар десеңізші! Ол кезде қалай өмір сүреміз деп алаңдадық, ал қазір жақсы өмір сүріп келеміз. Ол уақытта күй­ре­ген экономиканың қай ба­ғыт­қа бұрылатынын білмей сар­саң­ға түстік, ал қазір еліміз көз ал­ды­мызда өркендеп келеді. 90-жыл­дары Сіздің «Қазақстан-2030» Стратегияңызбен ең алғаш танысқаным есімде. Шынын айтсам, ол уақытта жолымызда талай қиындықтар тұрған­дық­тан, күрделі кезеңдер бол­ған­дық­тан, Стратегияның іске асатынына сену оңай емес-ті. Алайда, Сіз болашақ ұрпақтар үшін үлкен жетістіктерге жететін мемлекетті жаңадан құра­ты­ныңызға сенген, алдағыны 100-200 жыл бұрын көре білетін қайраткер адамдар қатарынан екеніңізді енді біліп отырмыз. Осыншама қысқа мерзімде біз­дің еліміз таңданарлық жетістіктерге қол жеткізгеніне сүй­сі­неміз. Қазақстандықтардың кірісі артуда, еңбекақы мен зей­нет­ақы көлемі өсуде. Біз, білім беру саласының ардагерлері Қа­зақстанда заманауи мектептер пайдалануға беріліп, ол білім ордаларына оқушылар  мен мұғалімдердің зор қуа­ныш­­­­пен кіріп жатқандарын көріп, шаттанудамыз. 1997 жылы Сіз орта білім беру жүйесін ақпа­рат­тан­дыру мемлекеттік бағдарламасы туралы айттыңыз. Қазір бұл сөз шындыққа айналды. Біздің рес­пуб­ликаның барлық мектептері, әсіресе, ауылдық және қала мектептері компьютермен жабдық­тал­ған, интернет жүйесіне қо­сылған. Бұл – зор жетістік. Өзіңіз үнемі айтатындай, XXI ғасыр –    жаңа технологиялар мен коммуникация ғасыры. Жастарымызға жаңа технологияны меңгеру үшін мемлекет тарапынан барлық қам­қорлықтар жасалуда. Мен педагог, Қазақстан азаматшасы, ана және әже ретінде Сізбен толық келісемін, лайықты білім алу – Қа­зақ­станның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды құрал». Хат иесі одан әрі елімізде ты­ныштықтың, бейбітшілік пен келі­сімнің, әртүрлі ұлт өкілдері ара­сын­да өзара түсіністік пен ын­тымақтастықтың орнауы Қазақ­стан­дағы ұлттық саясаттың жемісі екенін айта келіп, Елбасының ел мүддесі жолындағы қызметіне толайым табыс, бақыт және зор денсаулық тілейді.