Өткен ғасырдың сонау сексенінші жылдарының бас шенінде қаламгерлікке қатысы бар жұрттың көбі бір жазылып тасталған дүниеге қайтып айналып соқпайтын әдетті – Алла тағаланың ерекше сыйы деп артықшылыққа балап жататын. Тап мұндай өлшем қайдан шығып, қалай орныққанын бір Құдайдың өзі біледі.
Шығарма поэтикасын суырыпсалма ақындықпен жалғастыра ұғынудың ұлттық түйсігі арқылы бойлауға бәлкім жан-жақты талдаудың парасаты керек те шығар. Ендігінің екпіні әйтсе де өзгеше. Бір айналып соқпақ түгілі орындала салған бойда белді де беделді сыйлықтарға ұсынудан тайынбайтын пиғыл өктемдігі тұс-тұстан шаң бере бастағалы қашан. Одан қазақ көркем ойы қаншалықты зиян шегіп, қаншалықты жұтаң тартқанына алаңдап, дабыл қағып жатқан ешкімді және көрмейсің. Жалпақ жалғанды тұтас қамтыған құбылыс деп өзімізді қанша жақауратып жұбатсақ та, ақырына алаңдамай тұрмайтын қазақ ұрқының ұлы емеспіз бе.
Қазіргі әдебиет эстетикасы бүтіндей өзгеріске ұшырады деген күнде оқиғаны дамыту желісінің үлгісі ежелгі қалыптасқан қалыбынан айнымаған – түп-тамырымен жаңарып кетті дегенге дау айтатындар көп. Шарықтау шегіне дейін оқиға жүрек тербете өрбімесе – дүмбілез дүниенің құла тасқынынан мойны оза алмай ысырылып қалып жатқан жоқ па. Бір замандарда жазылған шығарма көкейкестілігі өлшемін уақыт сынына төтеп берумен ғана белгілеу жеткіліксіз сияқтанатын жағдайлар бар. Біздердің Абай өлеңдеріне жиі-жиі жүгініп, мысалға ала салатын дағдымыз дайын асқа тік қасық бола қалудың керіне ұқсайды. Заманалар тозаңының бұлдыраған сағым мен елес ойнағының ара-арасынан қарауытқан сұлба тірі бейнеге айналып жарытпайтындай.
Классикамен қайта табысудың амал- айласына солтүстіктегі көршіміз құмбыл кірісу үшін әдемі жоба ойлап тауып еді. «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясын «Культура» арнасы арқылы тұтастай мәтінін әлденеше күн бойы оқыды. Оған Қиыр Шығыстан Санкт-Петербургке дейінгі аралықта еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін түгелге жуық қатысты. Араларында Нобель сыйлығының иегері оқымысты, ел басқарған губернатор, мұғалім, жеткіншек оқушыға дейін күллі Ресей атсалысқан осынау шара үстіндегі жүздерге қарағанда мәтін табиғатына бойлаған тебіреністі қапысыз аңғармай тұрмайсың. Сөйтсе де, кейінгі буын өкілдерінің классикалық мұраға деген көзқарастарынан солақайлау ыңғайлар байқалмай қалмайды. ХХ ғасырдың атақты өкілі «Анна Каренина» романы туралы көлемін ықшамдауға болатын еді деп пікір білдіргені бар. Соңғы уақытта көлем жосықсыздығын тілге тиек ететін тоқтам ақыр түбі роман оқылмайды деген кесімге үн қосып, жалаулатып әкеткендер қатарын тым жиілетіп жіберген еді. Дегенмен де, ақсүйек ғұрпының кінәз де нәзік, сыпайы да сыпа салтының өмір ағысы қарапайым міндеттерден құралатынын дәл осы романды оқу үстінде көз жеткізе түсетініңе шүкіршілік етесің.
«Кеше көрген жарлы едің, бүгін қайдан байыдыңның» ретін келтіріп, бұл араға кіріктіре алмаудың ең басты себебі қала мен деревня арасын дәнекер қып жүрген кейіпкер Л.Толстойдың өз прототипі десе-ді. Махаббаттан жолы болмай қайтқандағы күйзелісінен кейін жан дүние құбылысы құдды өз басыңнан өткерген жағдайдай әсер береді. Көзі- қарақты оқушы бола тұра соның тілеуін тілеп, жақын дос тұтатыныңды сезбей де қаласың. Біреудің отбасының шырқын қашыруға шімірікпей кіріскен келесі кейіпкер тоят ынтызарлығының игілігін көбірек көздейтіндей. Қалам иесіне тартып туғанның ішкі толғанысындағы үдеріс айналасындағы пенделердің біріне де иек артпай жүрек қалауы бойынша тіршілік кешуге бел байлаған мақсаты адам болмысының ең ізгі ниетіне үндесетіні айдай ақиқат. Әйел жұрағатына ұнағыш кейіпкердің ожар да тәкаппар жаратылысы дүниенің тұнығын лайлап, уақыт ұстанымының аясына сыймайтын халге душар қылудың кесірі қағынан жерінген құланның керін келтіре ажал құштырып тынбай ма, ақыры. Қара- сөз құнарын бұлайша табу азабы атан түйеге қанша жүк болса да, өтеуі қайта қоюы қиын іс. «Анна Каренина» романына ат басын тіреген сайын адамзат уақыт құбылысының жауабын іздейді. Отбасының ушыққан жағдайының үстінде Л.Толстой әйелі осы романды он екі рет көшіргенін айтқанда – атқарған еңбегін бұлдамаған шығар. Мұншалықты ұлан-асыр дүниенің дария толқынына бір батып, бір шыққан «бейнет сусынына» сезім әлемінің тоғысу тұстарының мейлінше молдығы екі жарты бір бүтіннің жаны шырқыраған шындығын еске салатын секілді.
«Арттағыға сөз қалсынмен» күн кешкен құрбандыққа толы шығармашылық тұлғалар тағдырын бір сөзге сыйғыза бейнелеп жеткізу қиын-ау. Жарты ғасыр бұрынғы жазылған дүниелерді қолыңа бір сұмдық жүрексініп аласың. Тәкен Әлімқұлов, Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков бір жазғандарына қанша рет айналып соқты екен деген ой санаңнан қылаңытып өтеді. Оны зерттеп білген жан бар ма? Енді біраз уақыттан кейін өз күйің нешік, белгісіз...
«Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермекке» еріксіз саясың.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»