Елі үшін еңбек етіп, халқының қалаулысы болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Міне, сондай сирек тұлғалардың қатарында небәрі 35 жасында Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы болған белгілі қоғам қайраткері Әбидолла Биекеновтің есімі аталуы заңды. Құйрықты жұлдыздай ағып өткен қысқа ғұмырында халқының қажетіне жарайтын, елінің ертеңіне қызмет ететін жұмыстар атқарып кеткен абзал азаматтың туғанына 100 толуы өзі туған Ақтөбе топырағында әдемі аталып өтті. Облыстық соттың мұрындық болуымен өткен осы мерекелік шараға жұртшылық көп жиналды, мерейтой иесінің ұрпақтары, көз көргендер алыс-жақыннан арнайы ат арытып келіп, бас қосты. Алдымен, облыстық сот алдына қойылған Әбидолла Биекеновтің ескерткіш мүсінінің алдында еске алу митингісі болды. Митингіні Ақтөбе қаласының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қысқаша кіріспе сөз сөйлеп ашты. Ол қысқа ғұмырында елі үшін еңбек етудің үлгісін көрсеткен тұлғаның халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді. Оның еліміздің сот жүйесін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқанын айта келіп, 100 жылдық мерейтойының ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келуінің өзінде үйлесімділік бар екеніне тоқталды. Сенатор Иран Әміров, Жоғарғы Сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бауыржан Жұмағұлов, ұлы Марат Биекенов және басқалары мерейтой иесінің азаматтық, әкелік, басшылық қасиеттерін тарата келіп, оның өмір жолы туралы естеліктер айтты, білікті басшы, сот ісінің білгірі, энциклопедиялық білім иесі екенін, адами болмыс-бітімін жиналғандар жадында жаңғыртты.
Минтингіде шығып сөйлеушілер белгілі қоғам қайраткері Әбидолла Биекеновтің ғибраты мол өмірбаянын негізге ала отырып, талантты тұлғаның болмыс-бітімін аша түсті. Оған деген ақтөбеліктердің қалтқысыз көңілінің белгісіндей ескерткіш мүсіні облыстық соттың алдына қойылған, Шалқар қаласындағы бір көше оның атымен аталады. Қала әкімдігі, құқық қорғау органдары, жоғары оқу орындары, мекемелер ескерткіш мүсінге гүл шоқтарын қойды.
Содан кейін Әбидолла Биекеновтің 100 жылдығына арналған конференция өткізілді, «Жасын ғұмыр» кітабының тұсаукесері болды. Ұрпақтары ас беріп, құран бағыштатты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.